- Advertisement -

«Бизнес-бастау» жобасы неге тоқтап қалды?

36

- Advertisement -

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов өңір кәсіпкерлерімен өткен кеңесте өз идеяларымен бөлісті. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасайтын негізгі проблемалар мен бизнес саласының түйінді мәселелері талқыға түсті. Кездесуге облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Мұқаш Ескендіров, «Бизнесті индустрияландыруға жәрдемдесу» палатасы қауымдастығының төрағасы Латиф Айдаров, сондай-ақ басқарма басшылары мен өңір кәсіпкерлері қатысты.

Басқосуда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Еркін Атымтаев палата тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, қаржылық қолдау сондай-ақ, жобаларды сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасының жанында өңірлік кеңес жұмыс істейді. Өңірлік кеңесте өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, құрылыс, білім беру, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика салалары бойынша 6 комитет құрылған. Өңірлік кеңес құрамы облысымыздың 28 кәсіпкерлік өкілінен құралған. Өткен жылы аталған кеңес құрамымен 10 отырыс өткізіліп, онда 43 проблемалық мәселе қаралды. Ал ағымдағы жылдың 5 айында 4 отырыс өткізілді. Сонымен қатар бизнестің құқығын қорғау бағыты бойынша кәсіпкерлерден 35 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 7 өтініш оң шешімін тапса, 15 өтінішке түсініктеме берілді. Бұдан бөлек, палата жанында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Биыл наурыз айында кәсіпкерлер палатасы алаңында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, – деген Еркін Сәдуақасұлы басым бағыттарды басшылыққа алған кәсіпкерлер палатасы бұл жұмыстарды жалғастырады деп сендірді.

Кездесу бұдан әрі сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Кеңесте әйелдер қауымының бизнестегі бағыттары мен оларға көңіл бөлу мәселесі де сөз болды. Қатысушылар кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқыту биыл мүлдем тоқтап тұрғанын жеткізді. Олардың сөзінше, жыл сайын сәуір айынан басталатын оқу маусым айы туса да әлі басталмаған. Бұл мәселе кәсіпкерлердің сертификатқа қол жеткізуіне тиісінше несие алуына да едәуір кедергі болмақ. Сондай-ақ кәсіпкерлерді Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің болашағы да алаңдатады. Себебі 4 жыл өтсе де ондағы жұмыстар әлі толық аяқталмаған. Олар өңір басшысынан осындай мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Жиын қорытындысында Нұржан Молдиярұлы өңірдің кәсіпкерлер палатасы өзінің қызметінде кәсіпкерлердің құқығын қорғап, әкімшілік кедергілерді азайтып, адами капиталды дамыту сынды шараларды жетілдіру қажеттігін баса айтты. Аймақ басшысы кәсіпкерлік барлық саламен тығыз байланысатынын ескеріп, заңды түрде жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің мемлекет қолдауына ие болатынын жеткізді. Айта кетейік, бұдан былай облыс әкімі кәсіпкерлермен тоқсан сайын кездесіп тұрмақ.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support