Әлеумет

Қайырымды Қатира

Қайырымды Қатира

Қатира Аққұлиеваның балалар үйімен таныстығы медицина саласында алғашқы еңбек жолы басталған жылдардан-ақ бастау алады. Бұл байланыс кейіннен ол сүт өнімдерін шығаратын «Галеника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашқанда тіпті нығая түскен болатын. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген бабалар сөзін жадынан шығармаған кәсіпкер өнімдерінің бір бөлігін жетім балалармен бөлісуді ұмытқан емес. Ата-ана қамқорлығына зәру балаларға бауыр басып кеткені соншалық, Қатира Орынбайқызы олардың болашақтарына да қашанда алаңдаушылықпен қарайтын болған.

Облысымызға белгілі аға буын өкілдерінің, игі жақсылар мен жасөспірімдер үйіндегі балалардың бастарын қосудағы ойы да әріде болатын. Тараздағы «Рио» мейрамханасына дастархан жаюдағы басты мақсаты – ата-ана қамқорлығын сезінбеген балғындар қоғам қайраткерлері Жандар Кәрібаев, Күләш Әбдікешова, Жамбыл қаласы орталық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Лидия Ахметова мен кезінде өзге де жоғары лауазымды қызметтерді атқарған аға-апалардың әңгімесін тыңдап, үлгі-өнеге алсын, қоғам қамқорлығын сезінсін дегені еді. Кәсіпкерлігімен бірге, түрлі қоғамдық жұмыстарды белсене атқарып жүрген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы ардагер әйелдер арасында жұмыс жүргізу жөніндегі комиссия төрайымы Қатира Аққұлиеваны сөзге тартқанымызда, ол: – Үш жылдан бері облыстық ардагерлер ұйымына мүше болғандықтан, Қарттар күніне орай, үлкен дастархан жайып, оған жастарымызды да шақырып, бір игі шара өткізсем деген ой біраздан бері көкейімде жүрген болатын. Әрі мұндай шараның бірін өткізу менің қоғамдық жұмысымның жоспарында бар болатын. Содан бұл ойымды құрбым, «Медикарт» ЖШС директоры Сәуле Қосманбетоваға айтқанда ол бірден құптап, игі істі бірге атқаруға ұсыныс жасады. Жалпы, ана мен әке мейіріміне зәру балғындарға қоғам болып тәлім мен тәрбие беру әрбіріміздің парызымыз деп ұққанымыз жөн. Сондықтан біз тастанды балалар мен қоғам арасындағы байланысты нығайта түсуге атсалысқанымыз дұрыс. Айта кетерлігі, қазіргі таңда көбіміз Тараздағы балалар үйлерін білеміз, ал жасөспірімдер үйі жайлы хабарымыз аз. Мұнда балалар үйінен шыққан әрі қарай білімін жоғары оқу орындарында жалғастырып жүрген жеткіншектер тәрбиеленуде. Осы жастарға ел алғысына бөленген аға- апаларымыздың жолын берсін, олар да жарқын жандардың тағылымды әңгімелерін естіп, өмірлік бағдар алсын деген ниетпен бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған едік. Мұнан кейін де облысымызға белгілі бұл азаматтар жастарымызға жол сілтеп, жанашырлық танытып отырса, басты мақсатымыздың орындалғаны деп білер едім, – деп ағынан жарылды. Басқосу барысында аға толқын өз өмірлерімен байланыстыра отырып, ұлағатты да әсерлі әңгімелер айтты. Жандар аға Кәрібаев жастарға «әрқашан айларың жарық, жолдарың ашық, жамандық сендерден қашық болсын» деп бата бере отырып, ұрпақ тәрбиесінде тек жүйелі жұмыс қана табысқа жеткізетіндігіне тоқталды. Мұндай игі бастаманы ұйымдастырып отырған Қатира Орынбайқызына алғыс білдірді. Ал бүгінде 18-23 жас аралығындағы алпыстан астам бала тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер үйінің бір топ жеткіншектері болса, қазыналы қарттарға өз өнерлерін көрсетті. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі «Мәдениет және өнер» кафедрасының өнерлі студенттері бұл кешті әсерлі әнмен әрлей түсті.

Эльвира Бақытбекқызы, журналист.