Әлеумет

«Ақ жол» - билік пен бұқара арасындағы дәнекер

«Ақ жол» - билік пен бұқара арасындағы дәнекер

23

Әрбір басылым өңірдегі жағымды жаңалықтарды ғана емес, оның проблемаларын, халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде жеткізуімен құнды. Олай болмаған күнде, жұртшылықтың «төртінші билік» өкілдеріне деген сенімінің жоғалары хақ.

Облыстың бас басылымы – «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, саясат бөлімінің меңгерушісі Тұрсынбек Сұлтанбек, фототілші Ақәділ Рысмахан және осы жолдардың авторынан құралған топ кезекті кездесуін Меркі ауданында өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған бұл жиынға негізінен мектеп мұғалімдері жиналыпты. Біраз зейнеткерлер де келіпті. Басқосуды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков алғашқы сөзді бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлына берді.

– Газетіміздің негізгі тірегі – оқырмандар. Бүгінде Меркі ауданы бойынша 1676 оқырманымыз бар екен. Бұл да болса үлкен күш. Әйткенмен, Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов өскен, одан арыда Т. Рысқұлов қызмет еткен тіпті әріде Ақкөз, Сыпатай батырлар күрескен, кеше ғана басына кесене орнатқан Ботбай бабамыздан тараған ұрпақтар үшін бұл аз көрсеткіш деп ойлаймын.

Қазіргі таңда газетіміздің бағыт-бағдары мен мазмұны, тіпті безендірілуіне дейін түгелдей өзгергенін көзі қарақты оқырмандар байқап отыр. Жаңа жобалар ашып, экспедициялар ұйымдастырудамыз. Атап айтар болсам, «Ақ жолдың» арнайы экспедициясы іргелеріңіздегі Құлан ауылына келіп, қазақтың қайсар қызы Алма Оразбаева апамыздың қабірін тауып, басына зиярат етіп, құлпытас орнатуға мұрындық болуда. Бұл біле білгенге, елім, жұртым деген газет ұжымының тірлігі. Сондай-ақ, «Пырақ», «Маздақ», «Алаш-арена», «Шөкеңнің шошаласы» сынды әдебиет және өнер, жастар, спорт, әзіл-сықақ беттері, «Айша бибі» қыз-келіншектер отауы ашылып, ай сайын оқырмандарымен қауышуда. Газет ішіндегі газет – «Тылсым дүние» де өз оқырмандарын тапты. Жас ақын-жазушылардың, оқырмандардың шығармашылығын, ұсыныс-пікірлерін үзбей беріп отыруды қолға алдық. Елбасы саясатына байланысты, экономикаға қатысты мақалалар өз алдына бір төбе. Тағы бір жағымды жаңалығымыз – «Ақ жолдың» интернет-сайтын да жандандыру үстіндеміз. Онда «Ақ жол-ТВ» деген жоба ашып, өңіріміздегі табиғат таңғажайыптарына байланысты қызықты сюжеттер беріп келеміз. Жас ақындарға өлеңдер оқытып, клиптер түсірудеміз. Мұның бәрі тек оқырмандарымыз үшін жасалып жатқан дүниелер. Сіздердің ұсыныс, талап-тілектеріңізге де қашанда газетімізден орын бар. Мәселен, жақында «Меркінің бұрынғы көркі қайда?» деген мақала жаздық. Оны біз Меркінің бұрынғы даңқы қайта оралса екен деген жақсы ниетпен жаздық. Мысалы, Меркінің бұрынғы «Барбарис» кәмпиттері, сырасы, универмагы қандай еді?!. Жер-жаһан бүгінде даму үстінде. Зәулім үйлер, биік ғимараттар, тақтайдай тегіс жолдар салынуда. Көршілес Т. Рысқұлов ауданының орталығына түгелдей асфальт төселген. Ал біз Меркіге бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегі тозығы жеткен тас жол арқылы ендік. Неге? Тым болмаса аудан орталығының көшелері кеңейтіліп, шетіне тротуар төселмейді? Әлде бұған ауданның әлеуеті жетпей ме? Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асты. Содан бері Меркіде біраз әкім ауысты. Сонда солардың шөп басын сындырмағаны ма? Әлгінде аудан орталығына кіре берген кезде бізді осындай ойлар мазалады. Біз алдағы уақытта осындағы жағымды жаңалықтарды қуана жазып, шешімін күткен проблемалардың да түйінін тарқату үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді ол.

21 Мұнан соң сөз алған 

зейнеткер Сәулебай Доспанбетов:

– Халықтың талап-тілегін тыңдауға арнайы келгендеріңіз үшін сіздерге рахмет! Жолдарыңыз қашанда ақ болсын. Менің айтайын дегенім, біз газеттерге жазыламыз, әйткенмен, оны пошта қызметкерлері дер кезінде жеткізбейді. Аудан орталығына жаңа пошта соғып берді, бірақ оның жұмысы жүйеленбей тұр. Жол мәселесі де бұрыннан көтерілуде. Әйткенмен, әзірге еш нәтиже болмай жатыр, – деді. Бас редактор ақсақалдың пікіріне алғыс айта отырып, аудандағы пошта қызметін жергілікті жердегі тиісті лауазым иелері реттеуге тиіс екендігін, оған басылымның қатысы жоқтығын айтып түсіндірді. Ал мұндағы кейбір күрделі мәселелер «Ақ жол» журналистері тарапынан әлі де зерттеліп, мақала болып жарияланатынын айтты.

22Ақтоған ауылының тұрғыны, зейнеткер Асқанбай Медетбек:

 – Мен «Ақ жолдың» тұрақты оқырманымын. Әсіресе өзіңіз көтерген мәселелерді, мақалаларыңызды үзбей оқимын. Бүгін айтып отырған сөзіңізді де толық құптаймын. Жол мәселесі біздегі ең өзекті тақырып. Көбісі тек уәде береді. Алайда, қолдарынан келер қайран жоқ. Мәселе бюджеттің бөлінгенінде болып тұрған секілді. Бюджеттен қаржы қарастырылмаса, жол қалай жөнделмек? – деді.

– Қазақта «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөз бар. Әрине, барлығы қаржыға, бюджетке келіп тірелері сөзсіз. Алайда, шешімі жоқ мәселе болмайды. Аудан басшылығы тарапынан облыс әкіміне жолдарды жөндеуге қанша қаражат қажет екендігі айтылса, аудандық, облыстық мәслихаттың депутаттарға шықса, уақтылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалса,тіпті, басшыларыңыз газеттің көмегіне сүйенсе бұл мәселе бір жыл ішінде болмаса да, бірнеше жылда шешімін табары сөзсіз, – деп жауап берді бұл сұраққа да басылым басшысы. Жиын соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары аудандағы 64 көшеге асфальт төселгенін, мектеп, балабақшалар құрылысы жоспарлы түрде жүріп жатқанын айтты. Ал Меркі мен Бішкекке дейінгі 33 шақырым жол облыстың балансында болғандықтан, қаржы қарастыра алмайтындықтарын жеткізді де: – Біз «Ақ жолдың» әр санын алғашқылардың бірі болып оқимыз. Бір «Ақ жол» газетін алу арқылы әдебиетпен де, спортпен де, ғылым жаңалықтарымен де, өнермен де, экономикамен де танысып отырмыз. Газет расымен де жандана түсті. Сол үшін «Ақ жол» газетінің ұжымына алғыс айтамыз, шығармашылық табыс тілейміз! – деп тәмамдады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.