БАСПАСӨЗ БӘСІ ҚАШАНДА ЖОҒАРЫ
БАСПАСӨЗ БӘСІ ҚАШАНДА ЖОҒАРЫ
«Ғаламтор мен байланыс құралдарының түр-түрі дамыған заманда газеттің қажеті шамалы» деген сыңайдағы пікірлер бүгінде жиірек талқылануда. Әйткенмен, теледидардың пайда болуымен радионың жойылып кетпегені секілді, ғаламтор да ешбір басылымның орнын баса алмақ емес. Сол секілді кезінде «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» поштаның қызметі мен маңызы да арта түспесе кемімейді.
Кеше «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының ұйымдастыруымен аталмыш мекеме ғимаратында «Жазылушылар күні» өтті. Оған облысымыздағы 28 БАҚ өкілдері шақырылып, әрқайсысы жиылған көпшілікке өз басылымдарын таныстырып, насихаттауға мүмкіндік алды. Мерекелік шарада алдымен сөз алған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Арысбек Сүлейменов: – Газет-журналдар мен пошта қызметкерлері ежелден етене жұмыс істеп келеді. Бүгінде арадағы байланыс нығаймаса, кеміген емес. Қазіргі күні халыққа қызмет етіп жатқан 34 қалалық, 10 аудандық, 156 стационарлық, 3 жылжымалы аудандық бөлімшелер мен 25 пошта байланыс пункттері соның дәлелі болса керек. Бұлардың бәрінде 1187 адам тер төгуде. Біздің қызметіміздің ауқымы кеңейе түскенінің тағы бір мысалы, ауылдарда зейнетақы мен жәрдемақылар «Қазпошта» бөлімшелері арқылы төленіп келеді. 2012 жылы Қазақстан поштасына тағы бір маңызды міндет жүктелді. Ол «Халықтық ІРО» ұлттық бағдарламасының провайдері рөлін де мүлтіксіз атқарып келеді. Мұнан басқа да қызметіміздің сапасын арттыра түсуге бағытталған, ел игілігіне арналған түрлі жобалар, бағдарламалар іске асуда. Бүгін ұйымдастырып отырған іс-шарамыз басылымдарға оқырмандар тарта отырып, өз қызметімізді де жандандыра түсуге бағытталып отыр, – деді. Келесі кезекте облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің бөлім меңгерушісі Хамит Есаман, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, облыстық «Жамбыл-спорт» газетінің директор-бас редакторы Марат Ахметов пен бірқатар жеке меншік басылым өкілдері сөз алып, өз өнімдерімен таныстырды. Игі шараны ұйымдастырған пошта ұжымына алғыстарын білдіріп, үздік қызметкерлерге сый-сияпаттарын ұсынды.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».