Жаңалықтар

Тау тұлға

Тау тұлға

Қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұлов бейнесі жылдар өткен сайын ұлтжанды ұрпаққа жақындай түседі. Оның азаматтығы, халқының болашағы үшін батыл да қайсар, қайратты болғандығы ұлтын сүйгендерге үлгі-өнеге. Бүгінгі күні ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы білгісі келетін үлкеннің де, кішінің көбеюі заңдылық. Мұның өзі облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің Тұрар Рысқұлов­тың Меркіде оқыған, Әулиеатада совдепте қызмет істеген кездері туралы тарихи құжаттарды тірнектеп жинауына ықпал етеді. Тұрар Рысқұлов туралы Шер-ағадай толғай алмасақ та оның қазақ халқының жарқын болашағы үшін сіңірген еңбегі туралы жазыла береді. Ал бүгін біз Ер Тұлғаның Әулиеата жеріндегі өмірі  мен қызметі мұрағатта сақтаулы нақты деректерді ғана алға тартамыз. ірі тұлғаның Меркі мен Әулиеатада оқып, еңбек еткен сәтінен сыр шертетін құжаттар айналасында ғана ой толғамақпыз.

Облыстық мемлекеттік мұрағаттың 1111-қорында Әулиеата өңірінде совет өкіметінің орнауына белсене араласқан Тұрар Рысқұловтың сенімді серіктерінің бірі, сыныптасы Үсіп Сатыбалдиновтың шағын ғана өмірбаяндық жазбасы сақталған. Ол өмірбаянында Меркіде орыстар мен түземдіктерге арналған мектепте бірге оқығандардың біразының аты-жөнін атайды. Шер-ағаның, Қазақстан халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жазуынша бұл мектепте қазақ халқының болашақ Ер Тұлғасы Тұрар Рысқұлов «Қырғызбаев» деген фамилиямен оқығаны аян. Сондықтан ол жазба біз үшін өте құнды. Өмірбаян кейінірек жазылғандықтан Үсіп жазбасында «Тұрар Рысқұлов» деп анық жазады. 1910 жылға дейін осы мектепте білім алғандардың қатарында Қабылбек Сарымолдаев, Қалыш Ходжабергенов, Мақсұт Жылысбаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Сәдуақас Жамансартов және басқалардың болғаны айтылады. Бұл азаматтардың барлығы да Тұрардың сенімді серіктері, қиын-қыстау кезінде арқа сүйер достары болып, берісі Әулиеата, арысы еліміздің аумағында қазақ халқының жарқын болашағы үшін жан аямай еңбек етті. (Өкінішке қарай қызыл империя тұсында барлығы дерлік «халық жауы» атанып, атылды, сотталды, жер аударылды). Мектепті бітіргеннен кейін Үсіп, Қабылбек, Рахманқұл Әулиеата қалалық үш жылдық училищеге оқуға түседі. 1915 жылы бұл мектепті бітіріп шыққаннан кейін өзі тыл армиясында қызмет атқарғанын айтса, Қабылбек Сарымолдаев Меркіде поштада хат тасыған. Ол сонымен бірге осы өмірбаяндық жазбасында мектептің бір топ түлектері – Тұрар, Мақсұт, Қалыш, Сәдуақас Пішпек ауыл шаруашылық училищесінде білім алғанын жазады. Кейін олар да Меркіге оралып, бірі аудармашы, екіншісі хат тасушы, үшіншісі жер қатынастары бөлімінде жұмыс істегенін сөз етіп, 1916 жылы шілде айында Ақкөз Қосановтың басшылығымен болған көтеріліске қатысқандарын нақтылайды. 1916 жылғы патша жарлығына қарсы қолына қару алған меркіліктердің бұл наразылығы Ұлт-азаттық көтерілістердің ең ірілерінің бірі болған. Көтеріліс жасаушыларға уездің біраз өңірінен азаматтар қосылды. Үсіптің жазуынша көтеріліске Меркі орыс-түземдіктер мектебінің түлектері де белсене қатысқан. Сонымен қатар мектепті бітіргеннен кейін бір жылдай Меркіде соттың хат тасушысы және көшір болғанын, одан соң төрт жыл оқып, Пішпек ауылшаруашылық училищесін бітіргенін де айғақтапты. Сосын білімін жетілдірмек ниетпен Самара орта ауылшаруашылық училищесіне құжатын тапсырады. Бір сөздің жалғауы дұрыс емес деп, емтихан тапсырған 250 адамның арасындағы жалғыз туземдік өзін құлатып жібергенін де қағазға түсірген. Одан соң Ташкент мұғалімдер институтына түскісі келеді. Бұл жерде оның мұсылман баласы екені алға тартылып оқуға қабылдамай қояды. Ал осы оқу орнына түсу үшін жазған диктантында ол бір ғана тыныс белгісінен қате жіберіп, «-5» деген баға алған. Тұрардың сол жазған диктантының көшірмесі мұрағатта сақтаулы. Оқуға қабылданбаған соң Оқу-ағарту министріне арыз жазады. Осы кезде 1916 жылғы дүрбелең басталып кетеді де Тұрар қайтадан Меркіге келіп, көтерілісшілер арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Тұрар кейінірек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы былай жазды: «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс-Әулиеата уезінің, Меркі ауданындағы қазақ елінің көтерілісі болды. Әулиеата уезінен қара жұмысқа 22 мың 675 адам алынбақ екен. Сонан ағустың ақырына дейін болғаны 3 мың адам жиналды. Ағустың 29-30-на найзалы, ішінара мылтығы бар бір жарым,екі мың қазақ Меркіге қайтадан шабуыл жасады да, Меркідегі бір рота әскер бірнеше рет жапа-тармағай атып бетін қайтарған. Шабуылда қазақтан көп адам өлген. Келген әскер әсіресе Ново-Троицк ауданында қатаңдық танытқан. Ауданға жіберілген әскердің бастығы прапорщик Бундиров еді. Бундировтың әскері 150 қазақты ұстап алып, бәрін де жолшыбай атып өлтірген.Меркі ауданының мұжықтары үкіметтен рұқсат алып,қазақ ауылдарын қиратқан, малдарын поселкелеріне айдап алған...». Осыдан-ақ патша әскері көтерілісшілерді аяусыз жаншығанын аңғарасыз. Көтеріліске қатысушылардың көпшілігі, соның ішінде Тұрар Рысқұлов және оның серіктері тұтқындалды.Нақты кінә таға алмағандықтан, 1917 жылғы орыс революциясының дүбірі жақындап қалғандықтан олар тұтқыннан босатылды. 1917 жылы Петерборда басталған ақпан төңкерісінен кейін Тұрар Рысқұлов Меркіге қайта оралды. Осында «Қазақ жастарының революциялық одағын» ұйымдастырады. Бұл туралы Үсіп Сатыбалдинов нақты деректер келтіреді. Көтеріліс басылғаннан кейін, ауылдағы қазақтар мен Меркі, Кузменко селоларындағы орыстар арасында өшпенділік бұрынғыдан да өрши түскендігін айтады. Ақ патша құлап, Меркіде совет өкіметі орнағанымен бұл әрекет тоқтамады. Оның басты себебі көтеріліске қатысқан және қолдаған қазақтарды жазалауға орыс мұжықтарының қатысуы еді. Көтерілісшілерді басқан әскерлер алдымен өз жақтарына сол жерде мекендеген орыстарды шығарды. Орыс кулактары аш қазақтарға азық-түлік беруден бас тартты. Совет өкіметінің орнағанына қарамастан тұтқыннан босанып елге келген Ақкөз батырды орыстар Шуда ұстап алып, әбден азаптауы да тұрғылықты халықтың ашу-ызасын тұтандырып жіберді. Өмірінің сол кезеңі туралы Тұрар былай деп жазды: «Өлкедегі училищелердің инспекторы Соловьевпен дауласудан ештеңе өнер емес. Оның миссионерлікпен айналысатындығын, бірақ жергілікті адамдардың білімге қолдары жетулеріне жол ашпай отырғанын айтқанымды өзіне тіл тигізу деп қабылдаған ол мені тұтқындамақ болды. Петербургке Ағарту министрінің атына өтініш жаздым. Сол уақытта жергілікті адамдарды тыл жұмыстарына алу жүрді (1916 жыл). Мен Әулиеата уезіндегі үйіме және Жетісуға кетіп қалдым. Мұнда қантөгіс әзірленіп жатқанын көріп, патша әкімшілігіне қарсы көтеріліске шыққанда орыс шаруаларына тіптен де тиіспеуге шақырып қырғыздар арасында үгіт жұмыстарын қолға алдым, өйткені керісінше болған жағдайда ұлттық кескілесу (соғыс) басталып кетеді. Үгіт жүргізіп жүргенімді өзінің аудармашылары арқылы білген полицей приставы мені тұтқындап, өкіметтің тергеушілеріне берді. Бірақ, араға біраз уақыт салып әртүрлі жала жабулардан кейін, ретін тауып полиция тырнағынан құтыла алдым. Ал, бұл уақытта 1916 жылдың оқиғалары, яғни, қырғыздар көтерілісі болып жатқан еді. Осы уақытта мен өте қатты ауырдым және сәл болмағанда өліп те қала жаздадым.Ағарту министрлігінен институтқа түсуге рұқсат алдым.Ташкентке, институтқа түсуге жол тарттым. Аталған институтты аяқтай алған жоқпын, себебі, Ақпан революциясынан кейін революциялық жұмысқа бірден араласып кеттім.Осылайша, тіпті орта білім де ала алмадым.Әулиеата уезінде, оның бір ауданынан бастап (Меркі, 80 000 қырғыз тұрғыны бар) Уақытша үкіметтің комитеттеріне қарсы әрекет ете бастадым. Мұның себебі, бұрынғы шенеуніктер мен орыс кулактары орнығып алып, Комитет атынан 1916 жылдың бүлігі үшін әр қырғыз болыстығына 400-500 мың сомнан контрибуция сала бастады (сол уақытта бұл үлкен ақша).Уақытша үкімет атынан қырғыздарды қанға бөктіру жалғасып жатыр. Өз төңірегіме барлық еңбекшіл, қуғын көрген қырғыз тұрғындарды топтастырып, оларды контрибуциядан және басқа да міндеттелгендерден құтқарудың сәті түсті.Осы үшін орыс кулактары бірнеше рет мені айырмен түйреуге және өлтіруге әрекеттенді, бірақ мен құтылып кете алдым. Осы уақытта мен Ташкент Совдепінен келген большевиктермен алғаш рет таныстым.Сол сәттен бастап дерлік большевик болдым (1917 ж).Совдеп өкілдерімен қызметімді бұрынғыдан да дамыта түстім. «Бұқара» революциялық жастар одағын құруға кідірмей кірісіп те кеттім (бағдарламасы әзірленген ). Қырғыз кедейлерін ұйымдастыруды, ауылдарда Атқару комитеттерін құруды, ағарту жұмысын және кулактармен, патша әкімшілігімен күрес жүргізуді, базарларды үгіт үшін пайдалануды, түсіндірмелер бере отырып газеттерді ауызша оқуды, тағысын тағыларды алға мақсат етіп қойып отырмыз. Жұмыста жақсы нәтижелерге қол жетіп, біздің жағымыздағы қырғыз бұқарасын ұйымдастыру қолдан келіп отыр, Уақытша комитеттің позициясын әлсіретумен қатар, оны талқандап, барлық қырғыз өкілдерін солдат және жұмысшы депутаттары Советтеріне тарту қолдан келіп отыр, Түркістанда қырғыздар арасында тұңғыш рет дерлік азық-түлік комитеттерін ұйымдастырып жатырмыз (алапат аштық келе жатқанын күнібұрын болжадық). Базарларда көп адам қатысқан митингтер ұйымдастырып, аштық төніп келе жатқандығын айтып, сақтандырып, қолда бар ақшаны жиыстырып, азық-түлік комитетіне азық-түліктер алулары үшін беруге де жете алдық.Бұдан әрі бұл жұмыс Әулиеата уезіне түгел таралатын болады, мұнда да Уақытша үкіметтің уездік комитетін керемет жеңе алдық (менімен бірге басынан бастап Сарымолдаев, Нұршанов және басқалар бірлесіп қажырлы жұмыс жүргізіп келеді)». (Аударма-авт.). Осы өмірбаяндық жазбадан-ақ Тұрар Рысқұловтың Меркі мен Әулиеатадағы қызметі өте қауырт, күрделі болғанын аңғарасыз. Бірлік үшін жан аямай еңбек еткенін көресіз. Қазақ жерінде сол заманда құрылған саяси одақ «Қазақ жастарының революциялық Одағы» немесе өзі жазғандай «Бұқара» одағы шын мәнінде Меркіде ғана емес, бүкіл Әулиеата өңірінде халықтар достығын нығайтумен бірге, жаңа өкіметті орнықтыруда ықпалды болғанын аңғару қиын емес. Т. Рысқұлов «Революция и коренное население Туркестана» атты кітабында одаққа 30 шақты қазақ-қырғыз және орыс жастары мүше болғандығын жазған. Бұл одаққа ағайынды Нұршановтар, Әсімов, Мамыров, Андреев,Жұмағұлов, Бармақов, кейінірек әулиеаталықтар Қошмамбетов, ағайынды Аблановтар да мүше болған. Олар барынша прогресивті көзқарасты қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда аянбай тер төкті. Аштық халықты баудай түсіріп жатты. Сондықтан да жаңадан билікке келген совет өкіметі Меркіде Бекшуров деген азаматтың басшылығымен аштарға көмектесетін азық-түлік отрядын ұйымдастырды. Осы отрядтың құрамында болған Рысқұлов пен Сарымолдаев бастаған қазақ жастары аштарға азық-түлік жинаумен бірге патшалық режимнің түбегейлі жойылуына күш салды. Олар ақ патшаға қызмет еткендерді тұтқындай бастайды. «Бұдан кейін, – деп жазған Үсіп Сатыбалдинов,– біз қазақ тұрғындарын болыстық басқармаға, оның жандайшаптарына, судьялар мен старшындарға қарсы күресті күшейтуді насихаттадық. Біздің бұл күресімізге орыс жастары да қатысты. Меркіде учаскелік комитет ұйымдастырдық. Ол комитетке сегіз қазақ, он екі орыс мүше болды. Билік комитеттің алдына көтеріліс кезінде орыс шаруаларының шеккен шығынын қайтаруды ұйымдастыруды қойды. Дауыс беру арқылы әрбір болыстықтан ескі ақшамен 400-500 мың рубль жинау тапсырылды. Мұндай талапты орындау мүмкін еместігін және бұл қаржының тым көп екендігін алға тартып, жастар учаскелік комитеттегі өздерінің қызметтерін доғарды. Біздің орнымызға өзгелер тартылды. Олардың арасында Қарабай Әділбеков, Төреқұл Құдайбергенов сияқты азаматтар болды». Содан кейін Үсіп Сатыбалдинов олар орыс кулактарымен келісе отырып, шаруалардың шығынын қайтару үшін әр болыстан қанша қаржы жинау қажеттілігі айқындалғанын жазған. Міне осындай аса күрделі кезде жаңа билікке келеңсіз көріністердің қанат жаймауын қамтамасыз ететін білімді де, саналы, сөзі өтімді, ісі мығым іскер жергілікті азаматтар қажет еді. 1918 жылдың сәуір айында Меркі орыс және түземдіктер мектебінің түлектері басшылық жұмыстарға тартылды. Ал отыз төрт жасар Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік советінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Билік ең алдымен, оның алдына жергілікті халық пен орыстардың арасындағы өшпенділікті жою және аштыққа қарсы күресті ұйымдастыру міндетін қойды. Сол кездегі Тұрар Рысқұлов қол қойған, сарғайған тарихи құжаттарды ақтарып, зерделегенде билік ең алдымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше мән мен маңыз бергенін аңғарасыз. Бұл іс-шараны жүзеге асыру үшін мешіттер мен шіркеулерді тиімді пайдаланған. Сол жылдары Әулиеатада 30-дан аса мешіт болған. Совдеп мүшелері дін орындарына жиі келіп, халықпен етене араласып, түсіндіру, насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізеді. Тұрар Рысқұлов қабылданған шешімдердің жедел түрде таратылуына да ерекше назар аударған Мәселен 1918 жылдың 14 тамызында бір құжатты жолдай отырып былай дейді. «Аулиеатинскому Уездному Комиссару Исполнительный Комитет Аулиеатинского Совдепа препровождает Вам выписку из Нашей Газеты от 2-го августа 1918 года за №158 для распубликования. Вр. Педседатель Исполкома Т. Рыскулов» [ЖОММ.50-қор, 1-тізімдеме, 1-бума, 10-іс]. Осыдан-ақ Тұрардың насихат жұмысына ерекше назар аударғанын аңғаруға болады. Сонымен бірге сол жылдары Әулиеата Совдепінің өз газеті болған. Мұны нақтылау тарихшылардың еншісінде... 1914 жылдан басталған ашаршылық 1918 жылы шарықтау шегіне жеткен болатын. Жаңа биліктің келуі ескіліктің оған қарсылық көрсетуі, онсызда «шықпа жаным, шықпа» деп отырған халықты есеңгіретіп жібереді. Осы жылдары Әулиеата өңірінде бұрын-соңды болмаған қуаңшылық болды. Бұл туралы Тұрар Рысқұлов былай деп жазды: «Наибольшую убыль людей и скотом потерпело скотоводческое населения Аулиеатинского уезда, в котором вымерли местами почти целое аулы. Численность населения сократилось до того, что местами из 2-3, иногда из четырех волостей образовали одну. Гибель скота в этом уезде выражается сотных тысячи голов. Если у этому прибавить, что наибольшое часть имущество у сохранившиеся скотоводов и жителей гор и предгорий распродоно на приобретение хлеба, то будет ясно, на таком хозяйственно блогаполучий довольно поддерживается существований оставшегося живых мусульманского пролетариата». Бұл қуаңшылықтың басты зардабын, алдымен, сол жерде егіншілікпен айналыспайтын қазақтар тартты. Кулактар барымен бөліспеді. Ашаршылық халықтың арасында жұқпалы аурудың тарауына басты себепкер болды. Сондықтан да, көзі ашық, көкірегі ояу Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абланов, Мақсұт Жылысбаев,Үсіпәлі Нұршанов бастаған азаматтар бел шешпей еңбек етті. Жер-жерде барлығы 17 тегін тамақтандыру орындары ашылды. Алайда қаржының жеткіліксіздігінен, жемқорлықтың салдарынан бұл тамақтандыру пункттері өз міндеттерін толық орындай алмады. Бұл жөнінде Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 50-қорында Әулиеата маңындағы Ботамойнақ-Алмалы болысына қарасты 4-ауылында орналасқан тамақтандыру пунктіне жүргізілген тексерістің нәтижесі туралы хаттамада нақты жазылған. Бұл жерде 600 адам күніне екі рет тамақтануы қажет болатын. Тамақ күндізгі сағат он екіде және төртте берілген. Тексеріс 7 мамыр күні, 1918 жылы жүргізілген. Бекітілген ережеге сәйкес күн сайын бір адамға 1/2 фунт ет және 1/10 күріш немесе жарма берілуі керек болды. Алайда талап орындалмады. Тексерушілер 10 адамға мардымсыз 1 шелек сұйық берілгенін көрді. Тексерушілер нанның жоқ екенін де білді. Сонымен бірге, тамақтандыру орнының көріністерін суреттегенде жаныңыз түршігеді. Аш-жалаңаш ыңырсып жатқан қартты да, баланы да, әйелді де, жаңа ғана үзілген адамды да көргендігін жазады. Тамақтандыру пунктінің тамағына тоймағандар қалаға қарай ілбіп кетіп бара жатқандығын айтады. Осы хабарды тыңдаған Тұрар Рысқұлов тағы қаржы бөлуді сұрап жоғарыға хат жолдайды. Тұрар Рысқұловтың жазуынша сол жылы Түркістан Республикасының уездерінде 1918 жылы тамақтандыру пункттеріне 3000000 адам келсе, 1919 жылы олардың саны 25000000-ға жеткен. Оларды тамақтандыруға жеткілікті қаржы бөлінбесе де Тұрар бастаған ұлт азаматтары елден қаржы, азық-түлік жинады. Бір қызығы, билік басындағы азаматтар халқының жанын сақтап қалу үшін шырылдап жүрген азаматтарды қаржы сұрағандары үшін кінәлады. Сол кезде Түркістан қаласында жарық көріп тұрған «Наша газета» басылымында Г.Агаревский деген: «Қырғыз интеллигенциясының немен айналысып жүргендігін мен жақсы білемін», – деп аш-жалаңаштарға қаржы бөлуді сұрап жүрген азаматтарды жақтырмайды. Осыған орай газеттің №265 санында жарық көрген бұл мақалаға Тұрар Рысқұлов жауап бере отырып, осындай ой айтқандардың өзін сын тезіне алады. Аштыққа қарсы күресте Тұрар Рысқұлов табандылық көрсетті. Бастаған игі істі соңына дейін жеткізуге назар аударған ол орталықтан қаржы алудың неше түрін ойлап тапқанын аңғару қиын емес. 1918 жылдың 12 тамызында өткен Әулиеата депутаттар советі атқару комитетінің хаттамасында халықты аштықтан құтқарып алып қалу бағытында мемлекеттен және халықтан жинаған қаржыға 60 мың қой, 5 мың ірі қара сатып алынғанын аңғаруға болады.Мал негізінен Жетісу, Құлжа және Әулиеата өңірлерінен сатылынып алынды. Тұрар Рысқұлов осы малдың аштарға берілуін өзі қадағалап, нақты тапсырма берілген қаулы қабылдайды. 1918 жылдың жазы мен күзінде Тұрар аттан түспеді. Әріптестерінен де осыны талап етті.Халқына қарлығаш қанатымен су сепкендей қызмет істеді. Терең ойлы, өткір тілді Тұрар жергілікті халықтың мүддесін өзгелерден биік қойды. Жер-жерде үстемдік құруға ұмтылған ұры-қарыларға қарсы аяусыз күресті. Азық-түлік дүкендеріне шабуыл жасаушылар көбейді. Сондықтан да оларды қорғау аса маңызды еді. Мұрағат қорында сақтаулы тарихи құжатта Әулиеата уездік милиция комиссарына хат жолдап, азық-түлік комиссарына екі ескі қаруды беруді тапсырыпты. [50-қор, 1-тізімдеме, 1-бума, 145-бет]. Осы орайда Тұрар Рысқұловтың қол қойған мына бір құжатына да назар аудара кеткен жөн. Құжатта халықтың ұры-қарыларға деген наразылығы күшейгендігі соншалық, оларды ұстап алған жағдайда оларды өздері жазалаған деректер көбейген. Сондықтан да, Тұрар Рысқұлов қол қойған құжатта ұрыларды ұстаған жағдайда оларды заң орындарына жеткізуді міндеттеп, өз бетінше жазалауға болмайтындығын айтады. Облыстық мұрағаттың 50-қорында 1918 жылдың 28 мамырында Әулиеата солдат және жұмысшы советтері депутаттарының №1 декретінде қаржылық ауыр жағдайға байланысты аштыққа ұрынғандарға көмек қолын созуға кедергі келтіріп отырғандығы айтыла келіп, аштыққа ұрынғандарды құтқару үшін қаладағы барлық орыс капиталистерінен 300 мың, түземдік капиталистерден бір миллион рубль жинау міндеттелді. Сол жылдың шілде айында Әулиеата уездік советі атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалған Тұрар Рысқұлов бұл шешімнің әділетсіздігіне назар аудара келіп, уездегі 52 орыс капиталисінен тағы да үш миллион рубль жинауды бұйырды. Осындай күрестің нәтижесінде Әулиеата өңірінде аштыққа ұрынғандардың өмірін сақтап қалу бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Тұрар Рысқұлов Әулиеата совдепінде қызмет істеген жылдары қол қойған құжаттарды зерделеп отырып, жағдайдың ауыр әрі күрделі болғанын аңғаруға болады. Мұрағат құжаттарында 1918 жылдың соңы мен 1919 жылдың басында Әулиеата уезінде «Большевиктер жойылсын!», «Зорлық-зомбылық жойылсын!» деген ұранмен ереуілге шығу белең алды [140-қор, 1-тізімдеме, 5-бума, 105-іс]. Көтеріліс уездің барлық өңірлерінде орын алды. Сол жылдардағы тарихи құжаттарды зерделесеңіз ереуіл іргелес жатқан қырғыз елінде болғанын аңғару қиын емес. 1918 жылдың 1 тамызында Тұрар Рысқұловтың милиция комиссарына берген бұйрығынан да білуге болады. Онда Бурное стансасына орталықтан жеткізілген 2 мың пұттық әскери жүкті 50 көлікке тиеп, оны 15 милиционер қарауылдап Пішпекке жеткізу тапсырылған. Т.Рысқұлов бастаған Әулиеата азаматтарының аштықты ауыздықтауға бағытталған жұмыстары бірте-бірте нәтижесін бере бастады. Ол қол қойған құжаттарды саралағанда қарсылық білдірушілерді басып, жаншуды қолдамай мәмілеге келуге назар аударғанын байқайсыз. Әулиеата уезінде халықтар достығын нығайту және ашаршылыққа қарсы күрес жұмысының нәтижелі бола бастағаны орталықтағы басшыларды қуантты. Тұрардың халықты бірлікке, ынтымаққа, достыққа топтастыра білетін қабілетінің өте жоғары екені ерекше назарға алынды. Сондықтан да оның жұмыс жүргізу аумағын кеңейте түсу қажеттілігі туындады. 1918 жылдың қыркүйек айында Тұрар Рысқұлов Түркістан Автономиялық Республикасының денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа аштықпен күресу міндеті қоса тапсырылды. Бұл міндетті абыроймен орындап, үлкен беделге ие болған Ер Тұлға Советтік Түркістан Республикасында қызметтің жоғары сатыларына тез көтерілді. Сондықтан да Сталин оны жанына алып, большивиктердің ұлт саясатын жүргізуде өзінің орынбасары етудің астарында да үлкен мән жатса керек. Тіпті Моңғолияға жіберіп, оларды өздеріне жақындата түсу үшін де Тұрар Рысқұловтың іскерлігін, шешендігін, тапқырлығын, елдестіре білмек қасиетін пайдалана білуі де Тұрардың қарымды қабілеттілігін танығаны болса керек. Орайы келіп шымкенттік жазушы Серік Жәнәбіл жазып алған Сауытбек ақынның Тұрармен амандасуын ұсынудың да сәті түсті. Осы жыр жолдарынан да көп дерекке қанық болатыныңыз анық. 1923 жылы жаз айында Шу ауданының орталығы Новотроицк ауылына Тұрар Рысқұлов пен Қабылбек Сармолдаев келіпті. Халық көп жиналыпты. Топ ішінде сол өңірге жырларымен аттары мәлім Жидебай, Смайыл және Сауытбек ақын болыпты. Сонда Сауытбек ақын Тұрармен былай амандасқан екен:

– Оу отырған көп туысқан, Қызмет етіп берейін. Сауытбектің тыңда дастанын, Дулаттың төрт баласы, Қосылып қапты бастарың. Тіршілікте адамға, Досыңнан көп қастарың... ...Рысқұлды білеміз, Көп қорлыққа шыдамай, Саймасайды өлтіріп, Қаратауға қашқанын... ...Оқытты сені орысша, Досы мен тауып тынысын, Сергейге арнап тапсырды, Достығы бұрын бар үшін. Сырттан жүріп жәрдем қып, Араламай қала ішін. Гимназияны бітірдің, Әкенің ақтап ақ ісін, Ленин туы шыққан соң, Түркістаннан естілді, Бір-ау күні дауысың... ...Естіп едім Рысқұлды, Сапары болсын қайырлы. Менің де емес алысым, Атқарыпты арулап, Ботпай, шымыр, сиқым мен Өкпелі деген жанысым. Айып етпе жаңылсам, Патшалық зұлым дәуірде, Соққы жедің Тұрарым. Паналайтын мың торғай, Мәуелі ағаш шынарым. Алыста жатсам, бауыр деп, Басымда жоқтап сұрарым... ...Қасыңдағы сары жігіт - Қабылбегі Сармолданың, Іздеп кепсің елім деп, Бола берсін жолдарың... ...Айт деген соң жел сөзді, Аямадым, қарағым, Іздеп қайдан табамын, Қолдан келер қайрат жоқ. Жылап елдің жасыңда, Аруағы қолдады, Домалақ ана, Жарықшақ, Бәйдібек ата бабаңның. Жылда мұнда келмейсің, Бабаңның бір үйі деп, Шудың екі жағына, Назар салып қарағын!

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Қазақстанның Құрметті журналисі, мұрағаттанушы.

Осылайша Сауытбек ақын жасының ұлғайға­нына қарамастан суырып салып айта берген ғой...

Дерек көзі: Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаты.