Экономика

Жақсы істің жалғасқанын қалаймын

Жақсы істің жалғасқанын қалаймын

1982 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін бірден өндіріске араласып кеттім. Осылайша алғашқы еңбек жолым облыстың ең шалғай ауданы – Мойынқұмда басталды. Институтта алған білімімді тәжірибеге ұштастыру жылдарында аға буын өкілдерінен үйренгенім көп болды. Соның бәрі өмірде де, қызметте де, бизнесте де әр кез кәдеге асып жатты. Ең бастысы – үлкендерді тыңдау, сыйлау, олардан үйренуден жалықпау екенін ұқтым. Одан кейінгілері – «есептей білгеннің есесі кетпес», «келісіп пішкен тон келте болмас», «заманың түлкі болса, тазы боп шал». Ал «өмір көшіне ілес, қатарыңнан қалма, заманға бейімдел» деген мағынадағы он ойланып, тоғыз толғанып істеген істің жемісті болатынын ұдайы жадымда ұстадым.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіпкерлікті алыпсатарлықтан, майда-шүйде саудадан бастап, біраз уақыт Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бизнестің қыр-сырын игеріп қайттым. Осыдан екі жыл бұрын бұрынғы «Стройсервис Эльф» ЖШС негізінде «Дос-Нар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдым. Серіктестік жұмысын «кір жуып, кіндік кескен» Жамбыл жерінен бастадым. Алдымен қала іргесіндегі Жасөркен ауылынан кірпіш зауытын сатып алдым. Бұрын жұмыс істеп тұрғанымен, шамалы кем-кетіктері бар екен, оны қалпына келтіріп, кірпіш шығаруды жалғастыра бердім. Мұнда жұмыс істейтіндердің барлығы дерлік ауыл азаматтары. Қаладағы нысандарымызда да жұмыс істеуге тілек білдірер ауылдықтар болса, әрқашан есігіміз ашық. «Ескіні жамағанның есі кетер», демекші әжептәуір әуре-сарсаңы да болды. «Шығыс болмай, кіріс болмас». Өнімі өтіп жатса, қалпына келер деп те ойладым. Алайда, өтпелі кезең шығар, ойлағаным әзірге орындалмай тұр. Себебі, кірпішке деген сұраныс әлі төмен. Өткен жылы 3-4 миллион дана кірпіш шығарумен шектелуге тура келді. Ал, зауыттың қуаттылығы – жылына 5 миллион дана кірпіш. Биылдыққа 1,5 миллиондай шығарумен шектелдік. Нарықтық экономика жағдайында кез-келген кәсіпкер бәсекеге қабілетті өнім шығаруға тырысады. Өнімің сапасыз болса, өзіңе өкпеле. Сондықтан мен шығарған кірпішіміздің сапасына шүбәм жоқ. Топырағымыз сазды, тұзы жоқ. Иленген кезде бірігуі де жақсы. Барлық жұмыс технологиялық талаптарға сай жүргізіледі. Мәселе кірпіштің көлемінде болса керек. Қазір ірі құрылыс нысандарында үлкен кірпіш блоктары көп қолданыста. Біз оны да ескеріп, көлемі үлкен, ортасында тесігі бар, сейсмикалық төзімді, жылу ұстайтын кірпіш шығаруды көздеп отырмыз. Қытай технологиясы бойынша қондырғылар әкелініп, орнатылып жатыр. Қалай десек те бір кірпіш зауытына қарап қалған жағдай жоқ. Бизнестің басқа саласындағы жұмыстарымызда да ілгерілеу бар. Мысалы, Тараз қаласы Төле би көшесінің басталар тұсынан «Дос-Нар» атты үлкен сауда орталығын ашқан едім. Мұнда сауда қызып жатыр. Іздеген затыңды осы жерден табасың және қолжетімді бағамен. Қолжетімді баға дегеннен шығады, осы жерден «Тараз» сауда-саттық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне коммуналдық әлеуметтік азық-түлік тауарларын саудалауға жағдай жасап, 300 шаршы метр сауда алаңын тегін беріп отырмыз. Бұл тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға әсер ететін игі істердің бірі. Меніңше, мұны облыстағы азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға қосылып отырған үлес деп бағаласақ та артық етпес. Сонымен қатар, Тараздағы бұрынғы жеміс-көкөніс базасы орнында полиэтиленнен сиымдылығы әртүрлі мөлшердегі қаптар мен қалталар шығаратын цех ашқалы жатырмыз. Олар ауылшаруашылығында және өнеркәсіпте шығарылған өнімдерді ыдыстауға арналған. Сондықтан тауарға сұраныс көп болатыны сөзсіз. Ал, кәсіпкерліктегі барлық міндетті төлемдерді ауданға төлейміз. Бұл жылына шамамен 7-8 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер ретінде ауданда өтетін іс-шараларға да белсене араласып, шама-шарқына қарай демеушілік көмек көрсетіп тұрамыз. 1992 жылы өзімнің туған ауылым Қызыл дихандағы бастауыш мектеп ғимаратын жекешелендіріп алғанмын. Сол ғимаратты аудандық білім бөлімі мектеп ретінде әлі күнге пайдаланып отыр. Онда әлі де ауыл балалары оқып жатыр. Бұл білім ордасы ғимаратын жыл сайын жөндеуден өткізіп тұрамыз. Бәлкім біреулер «ол ғимаратты жалға берген шығар» деп ойлауы да мүмкін. Жоқ, ешқандай да ақы алған емеспіз. Бұл өзімді өзім жарнамалағаным емес, мен үшін мектепте ауылдың кішкентай бүлдіршіндері білім алып жатқаны дәтке қуат. Ал, балалар – еліміздің болашағы ғой.

Шойбек ДОСЫМБАЕВ, «Дос-Нар» ЖШС директоры.