Саясат

Өркениет көшінде

Өркениет көшінде

«Тұрмыс көңілді болса, еңбек өнімді» деген қағида әлімсақтан бар. Бұл дүние байлығы, қарынның тоқтығына ғана емес, адамдардың көтеріңкі көңіл-күйлері мен мәдениетінің жоғарылығына бағытталып айтылған қағида деп білемін. Өйткені, рухани бай, көңіл-күйлері көтеріңкі адамдар екпінді еңбек етіп, сапалы өнім өндіруге қабілетті болмақ.

Елбасының Ұлытауда берген сұхбатында айтқан ұлағатты сөздерін әрқашан басшылыққа алып отырамыз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттауда атқарылып жатқан істер баршылық. Ауданда өткізіп жатқан мәдени-көпшілік іс-шараларында осы мәселелермен қатар халықтар достығы, өңірде өмір сүріп жатқан басқа да ұлттар мен ұлыстар мәдениетін дамыту да назардан тыс қалып отырған жоқ. Еңбек адамдарының бос уақыттарын тиімді, қызықты өткізуіне жағдай туғызуға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Аудандағы 19 клуб, 29 кітапхана мен бір бейнемобиль адамдарға мәдени қызмет көрсетуге жұмылдырылған. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Аса сазы» халықтың ән-би ансамблі, «Дарын» халық театры репертуары ұлттық шығармаларға бай. 83 көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері де өнерлерін халыққа сыйға тартуда. Мәдениет мекемелерінің қаржыландырылуы да жақсы. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа 235 миллион 288 мың теңге қаралған. Мәдениет мекемелері ғимараттарын жөндеу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Үстіміздегі жылы Бектөбе ауылдық клубын күрделі жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттерден 45 миллион 534 мың теңге бөлініп отыр. Гродеково ауылдық клубын жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп қойған. Ол жұмыстың басталуы алдағы уақыт еншісінде. Бесағаш, Жалпақтөбе, Жасөркен ауылдарындағы мәдениет мекемелері орналасқан ыңғайластырылған ғимараттар мемлекет меншігіне алынып, оларды күрделі жөндеуден өткізу 2014-2020 жылдарға жоспарланған. Аудандағы 29 кітапхана түгел компьютерлендіріліп, 27-сі интернет желісіне қосылған, 28-інде телефон байланысы бар. «РАБИС» бағдарламасына қосылып, «Каталогтаушы» модулімен жұмыс істеп жатқан кітапханаларда 22279 әдебиет, 1107 мерзімді басылымдар дерекқорға енгізілген. «Ел іші – өнер кеніші» қағидасымен ауыл жастары арасында таланттарды анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін арттыру, шығармашылығын дамыту мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық байқаулар мен фестивальдарға іріктеу ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Жаз айларында ауылдық округтер арасында өткізіліп тұратын «Ауылым – алтын бесігім» өнер фестивалі осыған айғақ. Мәдениет саласына жас мамандарды тартуда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының тиімділігі жоғары болып тұр. Оған мысал, 2009-2013 жылдар аралығында осы бағдарлама аясында 4 жас маманға көтерме сыйақы беріліп, біреуі тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ұлт Көшбасшысының Ұлытаудағы ұлағатты сөзі мен қағидасына қайта айналып соғар болсақ, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтуымыз керек. Бүгінде аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аумақтарын белгілеу және мемлекеттік жер актілерін заңдастыру үшін аудандық мәслихат шешімімен ауылдық округтерге жергілікті бюджеттен 480 миллион теңге қаражат қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазір жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар болашақтың қамын ойластыру деп бағалауға лайық. Өйткені отаншыл, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеу үшін дәл осындай ізгілікті істер керек. Олар ертеңге ысырылмай бүгін жүзеге асырылуға тиіс. Уақыт, заман талабы – осы.

Бақыт Сырлыбаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері.