Жаңа туындылардың тұсауы кесілді

12

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жазушы, қоғам қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлының балаларға арналған кітаптарының тұсаукесері өтті. Жазушының «Қазығұрт» баспасынан 5 ертегі-повесті жеке-жеке шағын кітап болып жарық көрген. Бұл кітапшалар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген.
Кездесуде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтай отырып Балалар жылы аясында жарық көрген «Әппақ шар туралы әуезе», «Елгезек бағдаршам, тоқ-қуат және басқалар», «Тәтті ертегі», «Күнге ғашық өлкеде», «Бірлікті іздеген бала» атты кітаптарымен таныстырып өтті.
Кеште кітапхана қызметкерлері жазушының ертегілеріне шолу жасап, балаларға арнап көрініс көрсетті. Кітапхана оқырмандары, Талас ауданынан арнайы келген бүлдіршіндер автордың шығармаларынан үзінді оқып, өнерлерін ортаға салды.
Іс-шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Әлімқұлов, жас ақын Нұржан Қадірәлі, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибаев, «Знамя труда» газетінің шолушысы Жарылқасын Нұралиев кітап авторы туралы жақсы пікірлерімен бөлісті. Сөйтіп баспадан жаңа жарық көрген ертегі кітапшалардың лентасын қиды.

Нұрболат АМАНБЕК,
М.Х.Дулати атындағы өңірлік
университетінің 3-курс студенті.

Comments are closed.