Бақытты балалар мекені

10

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Тараз қаласында алғаш ашылған «Мүбәрак Мөлдір» балабақшасына биыл 10 жыл толып отыр. 2012 жылдары балабақша тапшылығы орын алып, сол кезде жекеменшік балабақша ашу, оны өз дәрежесінде жабдықтау қажеттілігі туындады. Алайда ол іс өте қиын еді.

Сол кезде облыс әкімі болған Қанат Бозымбаевтың ұсынысымен Тілеухан Оспанбекұлы «Мүбәрак Мөлдір» жекеменшік балабақшасын ашқан болатын. Бастапқыда күрделі жөндеу жұмыстарын қажет еткен мекеменің қазіргі көрінісі көз қуантарлық. Нақтылай айтсақ, барлық қажеттіліктермен қамтылған балабақшаның жылу жүйесі мен жарығы жекешелендірілген. Мекеменің аумағы өте үлкен. Ол балалардың еркін ойнап, көңіл көтерулеріне мүмкіндік береді. Балабақша мамандары бүлдіршіндердің денсаулығына аса көңіл бөліп, арнайы екпе жүргізеді. Сондай-ақ балаларды толық тексеруден өткізу үшін арнайы емханамен келісімшартқа отырған. Асханасы да ерекше балабақшаның ас мәзірі түрлі құнарлы дәмді тағамдармен әзірленеді екен. Бөбекжай бір мезгілде 280 баланы қабылдай алады. Бүгінде ондағы 12 топта 265 бала тәрбиеленуде. Оның 7-еуі қазақ тілінде, қалған 5 топ орыс тілінде.

Тәрбиешілер көптеген бүлдіршіндерді таңертең ата-әжелері әкелетінін, атасы мен әжесінің мейіріміне, ықыласына бөленген балғындардың балабақшаға көңілді келетінін айтады. Балабақшада мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту 1 жастан бастап 6 жасқа дейін жүргізіледі. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларда жас ерекшеліктеріне байланысты, сауат ашу, тіл дамыту, математика, бейнелеу, жаратылыстану мен қоршаған ортамен таныстыру, музыка, көркем әдебиет, сенсорика және дене тәрбиесі сабақтары жүреді.

Балабақшада еңбек ететін 34 педагог қатаң іріктеуден өткен. Олардың 29-ында жоғары білімі, ал 5 педагогтің арнаулы орта білімі бар. Олардың көпшілігі балабақша алғаш ашылғаннан бері жұмыс жасап келеді. Осындай білікті ұжымның жеткен жетістіктері де аз емес. Мысалы, 2016 жылы білім беру саласында саралау нәтижелері бойынша «Сала көшбасшысы» аталымында жеңімпаз болып, «Білім мақтанышы» сертификатына ие болған. Ал 2018 жылы облыс көлемінде «Жыл көшбасшысы» атанған. 2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін балабақша «Үркер» зияткерлік орталығының «Зияткер балабақша» кубогтарының иесі атанған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, балабақша мемлекеттік-жекеменшік негізде бой көтерген. Сондықтан оған мемлекет тарапынан да көрсетілетін қолдау көп. Олардың қатарында Үкіметтен арнайы бөлінген дотация, облыстық бюджеттен бөлінетін көмек, «Балапан» бағдарламасы арқылы қолдау.
– Балабақшаның даңқты жолы енді ғана басталады. Алда үлкен жоспарлар, тұрақты өсу, даму және кеңейту жоспарымыз бар. Біз одан да үлкен жетістікке жетуге қабілеттiмiз деп сенемiн, – дейді «Мүбәрак Мөлдір» балабақшасының құрылтайшысы Тілеухан Оспанбекұлы.

Мавлида Абдулсаттарқызы,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті.

Comments are closed.