- Advertisement -

1922-2022: Шежірелі жылдар

86

- Advertisement -

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1978 жыл)
10 қаңтар. №6 (10.937).

«Еңбек туы» ұйымдастырған дөңгелек үстелге облыстың бір топ озат малшылары мен басшы, мамандары қатысты. Аға шопандар Луговой жылқы зауытынан Нәдір Биғазиев, Мойынқұм ауданы «Көктерек» совхозынан Шоман Шәріпбаев, Сарысу ауданының «Түгіскен» совхозынан Пернебек Алтынбеков, Жуалы ауданы «Большевик» колхозынан Тұрсынбай Паширов, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Өмірбек Байгелдиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Нәмелбек Кемелбековтер өзара пікір алмасты.

1 сәуір. №64 (10.995 ).

Газет «Табиғат достары» клубын осы санынан бастап «Жазира» деген атпен бере бастады.

25 сәуір. №80 (11.111).

Бұрыннан жиі беріліп келе жатқан жастар беті бұл жолы ВЛКСМ он жетінші съезінің ашылуына арналды. Онда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұловтың көлемді мақаласы жарияланды. Ал Мейрамбек Төлепбергеновтың «Жігіт жасы – жиырма бес» суреттемесі ауылдың жас еңбеккері Тінәлі Мәдіомаров туралы.

23 қыркүйек. №148 (11.120).

«Еңбек туы» газеті жанындағы әдебиет бірлестігінде Жамбыл ауданындағы Айтиев атындағы мектеп директоры Жорабай Молдақұлов пен Луговой аудандық газетінің қызметкері Кәріпжан Нүсіповтың жыр туындылары талқыланып, сәт сапар тілеп, өлеңдері суреттерімен қоса газетке жарияланды. Ортақ тақырыбы – «Жыр арқауы – өмірдің өзі».

28 қазан. №214 (11.145).

Меркі ауданында облыстық ақындар айтысы өткізілді. Өмірбек Қабылов, Аяз Бетбаев, Шырын Мамасерікова, Әшімхан Ақылбаев, Алтынбек Оразбеков, Хамзабек Әбдәлиевтер лауреат атанды.

5 қараша. №220 (11.150).

«Жастық алауы» бәйгесінің қорытындысы жарияланды. Мақалалар бойынша бірінші, екінші, үшінші сыйлықтарды Күзенбай Сүгірбеков, Арыстан Өтеулин, Рәпілбек Ұлтанбаевтар алды. Ал очерктер бойынша «Еңбек туының» журналистері Шыңғыс Қонысбаев – екінші, Қамбар Қойшыбаев – үшінші сыйлыққа ие болды.

29 қараша. №236 (11.167).

Газеттің белсенді авторы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тұраш Әбуовтың жаңа қыры – күйшілік өнері жайлы Жамбыл қаласындағы Глинка атындағы музыка мектебінің директоры Қырғызбай Айнақұловтың «Майдангер күйші» мақаласы шықты.

28 желтоқсан. №257 (11.188).

КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер Тұрар Дүйсебаев 50-ге толды. Жақсылық Сәтібековтің «Режиссер жолы» мақаласы оның шығармашылық жолы туралы. Газеттің осы санында облыстық партия комитеті ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы Аманкелді Кәрентаевқа Бүкілодақтық ауылшаруашылық экономикасы ғылыми-зерттеу институтында ғылым кандидаты дипломы тапсырылғаны туралы жаңалық хабар жарияланды. Оның ғылыми ұсыныстарын қала маңындағы шаруашылықтарға енгізу жыл сайын 8-11 миллион сом экономикалық тиімділік әкелетіні де айтылған. Кейін облыстық мекемелердің, Шу және Байзақ аудандарының бірінші басшысы болған Әбекең ұзақ жылдан бері облыстық ауылшаруашылық басқармасын (қазір департамент) басқарды. Мемлекеттік наградалардың, соның ішінде тәуелсіз еліміздің «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

30 желтоқсан. №259 (11.190).

Жаңа Жамбыл фосфор зауыты іске қосылып, өнім бере бастады. Газеттің бірінші бетіне көрнекті етіліп жарияланған «Сәт сапар, химия алыбы» репортажы осы оқиғаның құрметіне өткен салтанатты митингіден жазылған. Авторы – газет тілшісі, өнеркәсіп тақырыбына көп жазып жүрген Доқтырхан Тұрлыбеков. Ол кейіннен тележурналистикаға ауысты.

(1979 жыл)
13 ақпан. №31 (11.221).

«Алыптың алғашқы адымы» деген жалпы тақырыппен «Еңбек туы» қамқорлыққа алған Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан мақалалар топтамасы берілді.

23 наурыз. №59 (11.249).

Облыстық қазақ драма театры Әлдихан Қалдыбаевтың «Шаншар атай» драмалық комедиясын жұртшылық назарына ұсынды. Режиссері – Тұрар Дүйсебаев. Шаншар атайды – Тұрар Ізбасаров, бала Санатбайды – Болат Бекжанов ойнаған.

15 мамыр. №92 (11.282).

Жерлесіміз, белгілі журналист Әділ Дүйсенбековтің «Көкжиек» повесінен үзінділер «Алғашқы адым» деген тақырыппен жариялана бастады.

14 қараша. №217.(11.400).

Таңдаулы очерктерге жарияланған «Жасампаздар» бәйгесінің қорытындысы жарияланды. Журналист Н.Дәутаев пен Жаңа Жамбыл фосфор зауытының ауысым бастығы Б.Чудновец бірінші бәйгені алды. Екінші сыйлық Ә.Данаев пен Жуалы ауданы Ленин атындағы колхозының колхозшысы Б.Мұртазаевқа берілді. Д.Төлеуішов, Қ.Әлімжанов, Ә.Тоқсейітовтер үшінші сыйлыққа, ал С.Ордабеков, Б.Қилыбаев, Б.Жамбабаевтар көтермелеу сыйлықтарына ие болды.

(1980 жыл)
13 қаңтар. №9 (11.449).

«Еңбек туы» және «Знамя труда» газеттері, облыстық ішкі істер басқармасы және өрт сөндіру қоғамы облыстық кеңесі жариялаған конкурс қорытындысы шықты. Өрт сөндірушілерге арналған жарияланымдар бойынша Р.Сапабеков, Б.Тоққошқаровқа – бірінші, М.Қуанышбаев, А.Көпжасарова, М.Әбдәлиев, Қ.Тәттібековтерге – екінші сыйлық берілді. Ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған жарияланымдар бойынша К.Баққараев – бірінші, Т.Сүттібеков – екінші, О.Әбішев – үшінші сыйлықты алды. Көтермелеу сыйлықтары Л.Перекольская мен Н.Николаевқа берілді.

1 мамыр. №85 (11.528).

Аудандық және көп тиражды газеттердің әсем безендірілуі мен полиграфиялық орындалуына арналған конкурста бірінші сыйлық Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетіне (редакторы Арғынбай Бекбосынов, баспахана меңгерушісі В.Дронов) берілді. «Қордай шамшырағы» (А.Андреев, Н.Үкібасов) – екінші сыйлықты алды. Меркі аудандық «Коммунизм туы», Свердлов аудандық «Село жаңалығы», Шу аудандық «Шу өңірі» газеттері де сыйлықтарға ие болды. Көп тиражды газеттер арасында «За качество» (редакторы В.Усов) пен «Ленинский завет» (С.Қалымбетов) таңдаулылар деп табылды.

Дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support