Ұрпаққа үлгі болған майдангерлер

7

Германия Кеңес одағына соғыс ашыпты деген хабар халықты есеңгіретіп тастаған. Ел ашаршылықтан есін жиғанмен, етек-жеңін жия қоймаған кез. Мойынқұмның етегі, бетпақ даланың өтінде отырған, халыққа аты жат қасірет сол тұстағы Көктерек ауданы, Карл Маркс атындағы ұжымдық шаруашылық адамдарына да оңай соққан жоқ. Облыс орталығынан шалғайда мал басын жаңа құрап, ауыздары аққа енді жеткен халық абдырап қалды. Рахманқұл қария мен Әйкүл бәйбіше ашаршылық жылдары немере ағайыны Тышқанбайдың соңынан ерген сегіз жанұямен қосылып, жол азабын тартып Түркімен жеріне өтіп, Самса атындағы кеңшарға тұрақтаған. Халқы бақуат екен, аман қалған. Барғандар жергілікті халықпен араласып, сіңісіп кетті, бірақ онда көп тұрақтамады. Елден «ашаршылық өтті» деген хабар алысымен ата жұртқа оралғандарына да төрт-бес жылдың жүзі болған.

Уақытқа тоқтау бар ма? Адамзатқа ажал сепкен соғыс басталғанына екінші жыл, талай шаңыраққа қара қағаз келіп халықты күңірентсе, талай жан аяқ-қолынан айырылып, мүгедек болып оралған. Ел-жұрт азаматтарының тірі оралғандарына шүкіршілік – тәубе дескен. Ел іші жылап-сықтаудан түк өнбесін біліп, белді бекем буған. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» – деген ұранмен елде қалған қатын-қалаш пен бала-шаға, жасы келген шал-кемпір таңның атысы, күннің батысы бел шешпей шаруашылықта еңбек етіп жатты. 1942 жылдың күзінде майданнан мүгедек болып оралған ауылдық кеңес төрағасы үй-үйді аралап, ауылдағы бозбалалар Рахманқұл қарияның Сейділдәсі, Рысбай қарияның Көкіші мен Ботай қарияның Үсіпәлісіне әскерге шақыру қағазын әкеп берген. Жігіттер көп ұзамай елмен қайыр-қош айтысып Көктерек әскери комиссариатынан батысты бетке алып кете барды. Бұл жігіттердің алдында қандай тағдыр талайы күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян еді. Пойызбен ұзақ жол жүріп Ресей жеріне жеткен жігіттерді 1942 жылдың қазан айында Саратов облысындағы Ершов бекетінде Перекопное селосына түсіріп бір ай жауынгерлік ұрыс тәсілдеріне дайындайды. Сейділдә Рахманқұлов батыс майданының 190-шы атқыштар дивизиясында ұрысқа кіреді. Әскери шені қатардағы жауынгер. Мерген.

Кеңес әскерінің фашист басқыншыларымен барлық бағытта қиян-кескі ұрыстар жүргізіп жатқан кезі. Бетпе-бет ұрыстарда ширақ қимылдарымен көзге түскен жауынгер 1944 жылдың 18 қарашасында неміс-фашист басқыншыларымен болған ұрыста сол қолынан жарақат алады. Әскери госпитальде жатып емделіп шыққан соң ұрысқа қайта кіреді. Еуропаның неміс-фашист басқыншылары басып алған жерлерін азат ету жорықтарына қатыса отырып, 1945 жылғы 9 мамыр күнгі Ұлы жеңісті Германия жерінде қарсы алады. Ұрыс даласында көрсеткен ерліктері үшін Сейділдә Рахманқұлов «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Кенинсбергті алғаны үшін» медалімен марапатталады.

Соғыс аяқталған соң Ұлы Отан соғысы жылдары неміс-фашист басқыншылары қиратқан қалалар мен зауыт-фабрикаларды, көпірлер мен теміржолдарды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын әскери бөлімдерде қызмет етіп, елге 1950 жылдың күзінде оралады. Зарыға күтіп отырған ағайындарымен, Сәлимакүл жеңгемізбен аман-есен қауышады. Бейбіт күнгі тіршілікті бастайды. Қазіргі Байзақ (ол тұстағы Свердлов ) ауданының Жамбыл атындағы ұжымдық шаруашылығына мүше болып, Королевка теміржол разъезінде теміржолшы, Мойынқұм ауданы Мойынқұм қаракөл кеңшарында шопан және Байзақ ауданы,Трудовой пахарь ұжымдық шаруашылығында малшы болып, 1985 жылы зейнетке шыққанға дейін жемісті жұмыстар атқарады. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 40 жылдығы қарсаңында КСРО Қорғаныс министрлігі шешімімен «Запорожец» автокөлігіне ие болса, ұжымдық шаруашылық басқармасы қос қабат тұрғын үйді тарту еткен еді. Ағамыздың кіші баласы Алатау Ауған соғысының ардагері. Сейділдә ағамыз бала-шағасының алдында 2000 жылы 76 жасында өмірден өтті.
Рахманқұлов Сейділдә ағамен елден майданға бірге аттанған Көкіш Рысбаев туралы немере қарындасы «Рысбаев и К» директоры Рысбаева Сәуле қарындасымыз жазған «Мың тағзым» кітабына жүгіндім.
Көкіш Рысбай Ұлы Отан соғысына 1942 жылдың қыркүйек айында алынып алғаш Сталинград майданында кейін 1-ші Украин майданы құрамындағы 70-ші дивизия, 24 полктың сапында Украинаның Переяслав және Киев қалаларын Днепрден өту жорықтарына және Житомир қалаларын азат ету шайқастарына қатардағы жауынгер, рота, батальон комсоргі, рота парторгі болып қатысады. 1945 жылдың шілде айына дейін Польша, Чехословакия, Германияны гитлершіл басқыншылардан азат ету жорықтарына кіріскен. Айтпақшы, 1945 жылы 9 мамырда Берлинде жеңіс тойын тойлап, осы қалада ағасы Мақшанмен кездейсоқ кездесіп қалады. Бұл да тарихтың парағы.

1949 жылдың қаңтар айында Кеңес әскері қатарынан капитан шенінде елге оралады. 1949 жылдың ақпан айынан 1952 жылдың мамыр айы аралығында Жамбыл облысы ІІБ саяси бөлімінде жұмыс атқарады. 1951 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесін, 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіреді. 1952 жылдың шілде 1954 жылдың қараша айы аралығында Жамбыл облыстық атқару комитетінде маман, 1954 жылдың қараша айынан 1969 жылдың мамыр айы аралығында Жамбыл облыстық радиохабар тарату комитетінде төраға, 1969 жылдың маусым айынан 1971 жылдың мамыр айы аралығында республикалық Қазақстан баспасында редактор, 1971-1975 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы қызметін атқарады. 1990 жылы тарих ғылымдары докторы диссертациясын қорғап, 1999 жылдан профессорлық қызмет атқарады. 1998-2004 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Х.А.Ясауи атындағы Тараз институты, 2008 жылдан өмірінің соңына дейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқытушылық қызмет атқарады. 2012 жылы аймақтық менеджмент академиясының академигі аталып, есімі ТМД елдері «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясына жарияланып «Батыры» құрмет белгісіне ие болды.

Майданға Көктерек әскери комиссариатынан бірге аттанған үш бозбаланың бірі – Үсіпәлі Ботаев – 1924 жылы Мойынқұм (Көктерек) ауданы Талдыөзек (К.Маркс) ауылында туған. Колхозшы. Әскерге 1942 жылы Мойынқұм (Көктерек) аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Әскери шені – лейтенант. 1945 жылы 18 қаңтарда қаза тапқан. Польшаның Вонходскі ауданы Келсенск воеводствосында жерленген. Үсіпәліге туған жер топырағы бұйырмады. Артында аңыраған ата-анасы мен ет жақын туыстары қалады. Одан бері де қаншама көктем келіп, сарғайып күз ауысты. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 77 жылға ұласыпты. Сол майданға азаматтарын аттандырған Мойынқұм өңірі бұл күнде адам танымастай өзгерген, бұл өмірдің бұлжымас заңы – тоқтамас өмір көші.

Айтмаханбет Тышқанбаев,
ҚР Білім беру үздігі, ардагер ұстаз.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.