- Advertisement -

«Халқымнан басқа күннің де түннің де маған керегі жоқ»

195

- Advertisement -

Кезінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы өңірлерін басқарып, ел игілігі үшін ерен еңбек атқарған қазақтың айтулы тұлғасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа Кеңес Одағының соңғы кезеңінде жалған айып тағылғаны белгілі. Арыстан жүректі алып азамат Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы, ұлт араздығын тудырушы, алашордашыл, одан қалса «парақор» ретінде айыпталып, түрмеге тоғытылды. Алайда тумысынан намысшыл, текті азаматты мансап үшін туғанын да аямайтын сатқындар мен жағымпаздардың қисынсыз жаласы жасыта алмады.

Керісінше, нар тұлғаның намысын қайрады. Ағысы өлмес бұлақ, жарығы сөнбес шырақ, қанаты талмас қыран етті. Себебі өтірік ешқашан өрге баспайды. Ал ақиқат қашан да алмас қылыш. Жендеттердің тар қапаста көрсеткен зәбірі мен зәрлі сөздері Асекеңнің асқар таудай рухын жасытпады, керісінше жігерлендірді. Қара орман халқына деген құрметін арттырды. Қазақ жерінде тәуелсіздік таңы атып келе жатқан тұста Асанбай Асқаров түрмеден босатылды. Осылайша, нар тұлға өз халқымен қайта қауышты.
1985-1994 жылдары «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметін атқарған Арғынбай Бекбосынның тұсында журналист Жақсылық Сәтібеков «А.Асқаровтың ісі» сот жүріп жатыр» атты мақала жазды.

Автор онда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тағдырына ресми тұрғыда алаңдаушылық білдіріп, жерлесіне араша түседі. Бұл кез алпыстың бесеуіне келген Асекеңнің басына қара бұлт үйірілген тұс еді. Бұған дейін орталықтың ақпарат құралдары оқта-текте теріс пиғылдағы, көрінеу қоғамдық қайшы пікір туғызу мақсатындағы жазбаларды ғана жариялап жатқанда, бүгінде ғасыр жасқа толған газетте осындай жаны ашыған сөздің айтылуы адамгершіліктің, батылдықтың және шын жариялылықтың туындай боп желбірегені рас. Ал біздің бүгінгі мақаламызда күдіктіден бір-ақ сәтте «қылмыскерге» айналған А.Асқаровтың сотқа дейінгі тағдырын арқау етпекпіз.

1987 жылы Асанбай Асқаров ҚазССР Қылмыстық Кодексінің 146-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, қамауға алынды. Оның үстінен қозғалған қылмыстық істің нөмірі – 18/58409. Алматы түрмесінен кейін сол кездегі алып елдің астанасы Мәскеу қаласына этаппен жөнелтіліп, КСРО Ішкі істер министрлігінің 48/4 тергеу изоляторына қамалды. Атының өзі қаһарлы естілетін бұл абақты шын мәнінде КГБ-ның бір мекемесі болатын. Асекеңді мұнда КСРО Бас прокурорының жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеушісі, ІІІ класты заңгер Владимир Иванович Калиниченко бастаған темір жүрек 40 тергеуші 1989 жылдың қыркүйек айының басына дейін сан сауалдың астына алады. «Сіз өзіңіздің неге қамауға алынғаныңызды білесіз бе? Егер, білмесеңіз айтайын, сіз 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы студенттердің наразылығына белсене қатысты және ұйымдастырды деген күдікке ұшырадыңыз». Міне, бұл дәл осы тергеушінің Асекеңмен алғашқы тілдескенде айтқан сөзі. Осыдан-ақ, ақиық азаматқа жалған айып тағылғанын анық байқауға болады.

Асекең қамалған тұста оның адал жары Фатима Ғалиқызының қатты ауырып қалғанына қарамастан, тергеушілер үйдің ішіндегі заттарды түк қоймай, шыраққа дейін алып кеткен. Тіпті Гаврилов дейтін тергеуші Фатимадан күйеуінің бостандыққа шығуын қаласа, 160 мың сом беруін талап еткен. Олай болмаған күнде бала-шағасымен қосып қамаймыз деп қоқан-лоққы да көрсетеді. Бұл уақыт пен өкімет өзгерсе де, тергеу тәсілі мен әдісі өзгермейтін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеудегі адамдардың барлығын қылмыскерге айналдырудағы айла-шарғысы. Бірақ осындай сұрқиялықтың бәрі сырт қарағанда заңды секілді көрінетіні өкінішті-ақ. Асанбай Асқарұлы тергеушілердің теріс әрекеті мен заңды өрескел бұзып отырғандығы жайлы КСРО Бас прокурорының, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысының, КСРО Президенті М.С.Горбачевтің атына бірнеше рет арыз жазғанымен, оған жауап болмаған. Жалпы ол СОКП Орталық Комитетіне – 12, КСРО прокуратурасына 10 рет арыз жазған.

Алматы тергеу изоляторындағы үшінші тәулікте Асқаров инфаркт алдындағы халде шекарашылардың госпиталіне түседі. Өмір мен өлімнің арасында жатқанда да оның палатасында үнемі күзет тұрған. Мұнда бір аптадай жатқан соң оның денсаулығының түзелмегеніне қарамастан, қайта тергеуге алып кетеді. Дәл осы кезде Асекең өзінің сыртынан мәлімдеме жасап, жала жауып қаралаған адамның бірімен кездескен. Жалған жала жапқандардың ішінде әсіресе, Караниевтің әрекеті тым өрескел, айуандық еді. Ол тергеуші Калиниченконың қолдауына ие болып, тергеу түсінігінде «белсенді» әшкерелеуші атанған. Мұндай екіжүзділік кез келген ақыл-есі бүтін адамның жанын күйзелтпей қояр ма?!

Кейінірек, Мәскеуге жөнелтілген ол тағы да тергеудің астында қалады. Тергеушілер тарапынан жүргізілген бопсалау, қорқыту, үркіту А.Асқаровтың жанына жара салып, жүйкесіне әсер етеді. Ол бірде тергеуші В.И.Калиниченкоға кейінгі кезде жүрегі жиі шаншып, басының көп айналатынын, қан қысымының төмендеп кеткенін айтып, дәрігерлік тексеруден өтуге рұқсат етуін өтінген. Ал әлгі шенді қол ұшын созудың орнына жағдайы бұрынғыдан да нашар, тозаққа пара-пар басқа изоляторға ауыстырып жібереді. Алдыңғы камерада 4 адам отырса, мұнда 10, кейде олардың саны 14-ке дейін жетеді. Тіпті кейін Асқаровты 10 ай оқшауланған камераға да қамаған. Асекең бұл туралы өз естеліктерінде: «Мәскеудің изоляторында да тергеуден-тергеу, қорқыту мен үркіту жалғасты. Маған әртүрлі тергеушілер келіп, әрқайсысы мені бірдеңелер айтып қорқытып, үркітуді өздерінің міндеттері деп санады. Бірде маңызды істер жөніндегі тергеуші В.И.Калиниченко маған былай деді: «Сізден барлығы бас тартты. Біз қалай қаласақ, солай болады. Сіз әлі өкінетін боласыз». Мен өмірімде бұндай тіл тигізуді ешқашан естіген емеспін», – деп жазады.

Мәскеу түрмесінде талай құқайды көріп, небір қасіретті бастан кешірген Асекеңді 1989 жылдың қыркүйек айының басында этаппен бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкекке жөнелтеді. Бұл азап вагонын Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы патшалық Ресейдің премьер-министрі, ІІ Николайдың белсенді әрі қатыгез сыбайластарының бірі Столыпин ойлап тапқан көрінеді. Осынау жан алғыштай көрінетін темір қапастың әр камерасы 6 адамға шақтап жасалған. Бірақ, әдеттегідей мұнда 10-12 адамды тұншықтыра қамайды. Этап Орынбор, Ақтөбе қалалары арқылы Жамбыл жеріне жетіп, үш тәулік аялдаған тұста Асекеңе жанашыр жандар онымен жолықтыруын өтінгенімен, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы тамақ алдыруға ғана рұқсат берген. СИЗО бастығы оған достарының сәлемін айтып, оған тағылып жатқан айыпқа сенбейтінін жеткізеді. Бұл сөздер тар қапастағы жаралы жолбарыс атанған Асекеңнің болашаққа деген үмітін оятады.

Осылайша, Асекең отырған пойыз 1989 жылдың 26 қыркүйегінде Бішкекке жетеді. Ал сот қазан айының 11-і күні басталды. Осы тұста сот төрағасы Н.Ә.Ибрагимованың «Известия» газетінің тілшісіне берген сұхбатын мысалға келтірсек. Ол өз сөзінде «Іс аса күрделі, әр айыпталушы 15 жыл, тіпті одан да көпке сотталуы мүмкін» дейді. Осыдан-ақ Мәскеу мен Бішкек арасында келісім болғанын байқауға болады. Әйтпесе, кінәсіздік презумпциясы жайлы ережені жатқа білетін сот төрағасының мұны айтуға қақысы жоқ еді. Бұл Асекеңе тікелей қысым жасаудың тағы бір түрі болатын. Шау тартқан шағында өмірінің төрт жарым жылын абақтыда өткізген Асекең ақыр соңында ақталып шықты. Елінің қиын сәтте қолдау көрсетіп, тілекші болғанын Асекең де ұмытқан жоқ. «Мен сондай қорлықты көрсем де, сол жерде жатып, елімнен ешбір күдерімді үзгенім жоқ. Халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын. Мен халқымның арасындағы бір қауызымын. Халқым парықтайды. Мені түрмеден шығарып алған да осы халқым деп ойлаймын», – деп жазды.

Асекеңді Бішкек түрмесінен шығатын күні Алматыдан Стахан Белғожиев пен Асқар Тоқпанов бастаған бірнеше адам қарсы алуға барған. Сонда алматылықтар мен жамбылдықтар: «Асекеңді біз алып кетеміз», − деп таласқа түскен көрінеді. Тіпті, Шымкенттен келген Төлепбек Назарбеков те өздеріне қарай тартады. Алайда бұл таластың төрелігін Асекеңнің өзі айтқан. «Менің етім, қаным алматылықтардікі, ал сүйегім жамбылдықтардікі. Мен әуелі сүйегімді еліме алып барып келейін. Сендер маған рұқсат етіңдер», – дейді. Бұл Асекеңнің туған еліне деген шексіз құрметінің белгісі еді…

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support