- Advertisement -

Қордайдың құс фермаларына қызығушылар көп

183

- Advertisement -

Жыл санап Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғарылап келеді. Оған соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі дәлел. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстары да халықтың тұрмысын арттыруда өзінің оң септігін тигізді. Жалпы аудан индустриалды-аграрлы аймақ. Бүгінгі таңда ауданның облыстағы экономикалық үлес салмағы, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімі – 17,8, өнеркәсіп – 4,2, инвестиция – 6,8, құрылыс 9,1 пайызды құрайды.

Тұрғын үй мәселесі де ауданда жоспарлы шешімін табатын болады. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегіне тіркелгендер саны – 2235 адам. Биыл Қордай ауылында 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы (340 пәтер) аяқталады. Былтыр Қордай және Сортөбе ауылдарында жас мамандарды, көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамту мақсатында жеке кәсіпкерлер қолдауымен типтік үлгідегі 2 пәтерлі 21 тұрғын үй салынған еді. Ол баспаналардың 16-сы сатып алынды, енді жалпы құны 151,3 миллион теңгені құрайтын қалған 5 үйді сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаражат сұралуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 24 маманды, «Асар» жобасымен 15 отбасын тұрғын үймен қамту көзделген. Биыл ауданда 389 отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр.

Жоспарға сәйкес алдағы үш жылда ауданда көпқабатты тұрғын үй құрылысын 2025 жылға дейін жүргізу бойынша даму картасы бекітілді. Ол бойынша ауданда 17 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған. «Асар» жобасы арқылы – 45, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 84 жас маманды тұрғын үймен қамту көзделген. Осы жұмыстардың қорытындысында үш жылда 609 азамат баспанамен қамтамасыз етілмек.

Жеке үй салу үшін жер телімі кезегінде 13917 адам тұр. Өткен жылдары Қордай ауылында 2776 жер телімі кезектегі азаматтарға берілген. 2023-2025 жылдары кезектегі азаматтардың 30,3 пайызын жер телімімен қамту болжанған.

Аудандағы 41 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл 78 пайызды құрайды. Биыл 5 елді мекенге қаражат бөлінсе, бұл жобалардың 4-еуі (Қайнар, Сарыбұлақ, Ноғайбай және Степное) осы жылы іске асырылса, біреуі (Қарасу) келер жылға өтпелі. Бүгінгі таңда Қайнар және Қарасу ауылдары бойынша конкурс ойнатылып, жеңімпаздары анықталған. Алдағы үш жылда барлық елді мекендерді 100 пайыз таза ауыз сумен қамту көзделген.
Табиғи отынмен ауылдарды қамту мәселесі де оң шешімін табуда. Бүгінде 41 елді мекеннің 34-і газбен қамтылған. Қамтылуы 83 пайызды құрайды. Қалған елді мекендерді 2025 жылға дейін газбен толық қамту жоспарда бар. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмыстары да тиісті кезеңде толық аяқталатын болады.

Ауданда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1344 километр. Жөндеуді қажет ететін ауданда 42 километр республикалық, 19,3 километр аудандық, 228 километр ауылішілік жол бар. Жол құрылысы бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттары дайын. Егер қаржыландыру болса, аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автожолдар үлесі 100 пайызға жеткізіледі.
Білім саласында да күрделі жөндеуді, қайта салуды қажет ететін нысандар бар. Бүгінгі таңда 8 мектептің орнына жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Ал 14 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу жөніндегі» жол картасына ауданнан 11 мектеп құрылысы енгізілген болса, оның 3-еуінің (Қалғұты – 180, Күнбатыс – 150, Масаншы – 600 орындық) құрылысы жүзеге асырылды. Алдағы уақытта 8 мектепке жаңа құрылыс, 14 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Биыл бір мектептің құрылысы, 3 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.

Ауданда халыққа 52 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Биыл Сұлутөр, Беріктас ауылдарында 10 келушіге арналған ФАП құрылысы басталады. Алдағы жылы Қордай ауылында 270 төсектік аурухана құрылысын, Сортөбе ауылында 200 келушіге арналған ауылдық емхана, Үлкен-Сұлутөр ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Аңырахай ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысын жүргізу көзделген. 2025 жылы Көктөбе және Керу ауылдарында 5 келушіге арналған медициналық пункт салынады. Бүгінде Отар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары Гвардейский, Қақпатас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, Еңбек ауылындағы ФАП-қа, Арал ауылындағы медициналық пункт ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу болжанған. Кеңейту құрылысы Масаншы ауылдық емханасына (биылға), Кенен, Бетқайнар, Степное, Қақпатас ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға (2023 ж), бұдан бөлек, 2021 жылы пайдалануға берілген Өтеген ауылындағы ФАП, Күнбатыс-1 ауылындағы медициналық пункт ғимараттарын сатып алуға қаражат қаралуда. Әзірге аталған ғимарат жалға алынуда. 2025 жылға дейін медициналық көмектің сапасын 95,5-тен 97 пайызға дейін жеткізу күтілуде.
Мәдениет саласында мәселе көп. Әлі күнге мәдениет үйі жоқ ауылдар бар. Кейбіріндегі нысандар апатты жағдайда тұр. Биыл Сұлутөр, Еңбек, және аудандық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары, ал Ауқатты, Қордай ауылдық мәдениет үйі (Цемзавод), Масанчи ауылдық мәдениет үйіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алдағы уақытта Бетқайнар және Қақпатас ауылдарында – 180, Қарасу ауылында 90 орындық мәдениет үйлерін салу болжанған. Ал алдағы үш жылда 10 жаңа мәдениет нысаны салу көзделген.

Спорт саласы бойынша айтатын болсақ, биыл 12 нысанды, келер және арғы жылдары екі-екіден 6 спорт нысанын салу жоспарға енген.

Жалпы ауданда алдағы уақытта 871,3 миллиард теңгені құрайтын 217 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ал индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 859 миллиард 118 миллион теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба және 1 индустриалды картаға енбеген «Korcem» ЖШС жобасы жүзеге асуда. Бұл жобаларды іске асыру барысында алдағы үш жылда инвестиция көлемі 211 миллиард теңгеге ұлғайып, 1381 тұрақты жұмыс орны ашылса, жергілікті бюджетке 8,6 миллиард теңге салықтық түсімдер түспек.

Ауданда 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын 12,2 миллиард теңгені құрайтын 209 шағын инвестициялық жоба бар. Жобалар іске асырылғанда 696 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде биыл 2 миллиард теңгеге 51 жоба іске асырылып, 217 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жүзеге асырылатын жобалардың аясында сүт өңдеу цехын, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салу, мал бордақылау алаңын, мал қора, жылыжай, етті бағыттағы құс өсіру шағын фермасын салу, балық және балық өнімдерін шығаратын цехтар, жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологиясын қолдану, құрылыс материалдарын шығару цехтар салу, жекеменшік мектеп, балабақша салу, шағын кәсіпкерлік нысандар бой көтермек.
Жобалық құны 6,38 миллиард теңгені құрайтын «Қалғұты» су қоймасының құрылысы аяқталса, қоймада 15,2 миллион текше метр су жиналады деген болжам бар. Бұл ең алдымен Шу өзені арқылы Қырғыз Республикасынан берілетін суға деген тәуелділікті азайтып, вегетациялық кезеңде 9 мың гектар алқапты ылғалдандыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты жоба құны 3,2 миллиард теңге болатын «Рғайты» су қоймасының құрылысы аяқталса, бұл жерде де көрші елге деген тәуелділік азайып, 19 мың гектар ағын сумен қамтамасыз етілмек.

Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру бағытында тиімді жобалар қолға алынуда. Алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 8,2 пайызға арттыру болжанған. Бұл бойынша 2022-2025 жылдар аралығында 3,6 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Соның ішінде, «АЗИЯ САД» ЖШС қуаттылығы 5500 тоннаға арналған көкөніс қоймасын салмақ. «ҚОРДАЙ КОРМ» кооперативінің балыққа арналған жем өндіру жобасын, «KORDAY FISH» ЖШС жылына 60 тонна балық өнімдерін өндіру жобасын, «ҚОРДАЙ ҚҰС» ЖШС жылына 1,2 миллион дана жұмыртқа өндіру жобасын, «ТАУ АГРО КZ» ЖШС асыл тұқымды репродукторлы шаруашылығын құру жобасы, «EKO CHIKEN» өндірістік кооперативі 8 модульді құс фермасын салу жобасын жүзеге асыруға ниетті. Аталған жобаларды іске асыру аясында 2025 жылға дейін 134 тұрақты, 650 уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

«Eko Chiken» өндірістік кооперативінің жұмысына жеке тоқталып өтетін болсам, бүгінгі таңда кооперативтің 12 модульді құс фермасында 20 мың бас құс өсірілуде. Әлжан ана ауылында – 4, Қордай ауылында – 6, Степное ауылында 2 құс фермасы жұмыс істеуде. Жыл соңына дейін ауданда 8 модульді құс фермасы орнатылып, оның қуаттылығы 520 тоннаға жеткізіледі. Бұл аудан тұрғындарының құс етін тұтыну көрсеткішінің 10 пайызға жоғарылатады. 2025 жылға дейін барлық ауылдық округте 20 модульді құс фермасын салу жоспарланған. Нәтижесінде 40 құс фермасында тірі салмақта 840 тонна құс еті өндірілетін болады. Бұл аудан тұрғындары құс етін тұтыну көрсеткішінің 30 пайызын құрап, 76 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл жоба облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен өзге аудан әкімдерінің де қызығушылығын тудырған болатын.

Бүгінге дейін атқарылған бюджеттік және инвестициялық жобалар аясында 920,6 миллиард теңгені құрайтын 408 жоба іске асырылып, 4945 адам жұмыспен қамтылды.
Ауданда экономикалық белсенді халық 64,1 мың адамды құрайды, оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны – 61,2 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар санатында, атап айтсақ, жалдамалы қызметкерлердің саны – 29 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 32,2 мың адамды құрады. Жұмыссыздар саны – 2869 адам, жалпы көрсеткіштің 4,5 пайызы. Ауданда жұмыссыздық деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеген.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында биыл 5383 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделген. Сонымен қатар Жамбыл облысы бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы аясында Қордай ауданында 2025 жылға дейін 41,6 миллиард теңгеге 84 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы жобалар аясында 10 452 жұмыс орны ашылады деген болжам бар.
Аудан халқының 33476-сын жастар құрайды. Бүгінде ресми 177 жас жұмыссыз есебінде тіркелген (талдау нәтижесінде 1 207 жас жұмыссыз екені анықталды). Биыл жыл соңына дейін жұмыссыз 1207 жастың 800-ге жуығын жұмыспен қамту, 182 жасқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда.

Мәден МҰСАЕВ, аудан әкімі.
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support