Жыртылған, кірленген рәміздерді пайдаланып отырған мекемелер бар
Жыртылған, кірленген рәміздерді пайдаланып отырған мекемелер бар
Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ашып, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев ҚР Мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуы мен қолданылуына қатысты жүргізілген зерделеу қорытындысын жария етті. Нақтырақ айтсақ, арнайы инспекциялық топ биылғы жылдың 12-27 мамыры аралығында Тараз қаласы мен аудандардағы жергілікті атқарушы органдар мен білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласына қарасты мекемелердегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануына байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде №3 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Сарысу ауданының мемлекеттік архиві, Жуалы ауданы Қосбөлтек ауылдық клубы, Меркі аудандық соты, Қордай ауданы №9 орта мектебі, Шу ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің ғимаратындағы мемлекеттік Тулар сөгіліп, жыртылғаны анықталды. Сондай-ақ №7 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Меркі ауданы «Өркен-балалар шығармашылық дамыту орталығы», Қордай ауданы Алға ауылдық округі әкімі аппараты, Шу аудандық соты ғимараттарындағы мемлекеттік Тулардың түсі өзгеріп, кірленген. Және бірқатар басқармалар және Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Т. Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм және Талас аудандарындағы кейбір мемлекеттік ғимараттардың маңдайшаларындағы мемлекеттік Елтаңбалардың түсі қарайған. Конституциялық Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсуі қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасы, «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Қордай ауданы Бетқайнар ауылдық округі әкімінің аппараты, Мойынқұм ауданы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы ғимараттарындағы тұрақты тігілген мемлекеттік Рәміздер жарықтандырылмаған. Тағы бір айтары, Жамбыл облыстық «Арнайы медициналық жабдықтау базасы», Т.Рысқұлов ауданы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі, Қордай ауданы «Балдырған» бөбекжай бақшасының ғимараттарында Мемлекеттік Ту тігілмеген. Ал Сарысу аудандық жұмыспен қамту орталығы, Талас ауданы Үшарал ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараттарындағы Ту сабының көлемі мемлекеттік стандартқа сәйкес емес. Жиында Сарысу, Талас, Жуалы аудандары және бірқатар басқарма басшылары осы мәселеге байланысты жағдайды түсіндіріп, анықталған кемшіліктер жақын күндерде түзетіліп, қалпына келтірілетінін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Н.Календеров алдағы уақытта рәміздерді насихаттау және пайдалануға байланысты семинар-кеңестер өткізуді ұсынды. Бұл жолғы зерделеуде бас-аяғы 305 мекеме қамтылған. Ал жалпы облыс бойынша 2682 Мемлекеттік Ту ілінгенін ескерсек, сонда бұл тексеріс соның он пайыздан астамын ғана қамтып отыр деген сөз. Сонда әлі анықталмаған кемшіліктер қаншама? Мемлекеттік Рәміздер – ел егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін еліміздің басты нышаны болып табылады. Биыл Мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығы аясында Тараз қаласында ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Менің Қазақстаным!» атты форум ұйымдастыру жоспарлануда. Форум алдында Жастар аллеясынан ҚР Тұңғыш Президенті саябағына дейін жаяу жүргіншілер, вело, мото және автошеру ұйымдастырылуда. Сонымен қатар Мемлекеттік Әнұран шырқалып, еңбегімен және ерлігімен ерекшеленген патриот азаматтар марапатталып, соңы концерттік бағдарламаға ұласпақ.
Оралхан Дәуіт