Халықаралық тәжірибеде бар үрдіс
Халықаралық тәжірибеде бар үрдіс
Егемен Қазақстанның бірінші Конституциясы да мемлекет өмірінің маңызды мәселелерін шешу үшін республикалық референдум өткізу мүмкіндігін қарастырды. Осы ережелер негізінде 1995 жылы республикада екі рет жалпыхалықтық референдум өткізілді: 29 сәуірде – Президенттің өкілеттіктерін ұзартуға және 30 тамызда – Республика Конституциясын қабылдауға байланысты. Жалпы алғанда, жалпыхалықтық дауыс беру институты мемлекеттің Негізгі Заңында бекітілсе, оның кеңейтілген нұсқасы «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңында бекітілді. Референдум сөзі латын тілінен аударғанда «хабарлаймын», «баяндаймын» деген сөзінен шыққаны белгілі, яғни айтамын деу. Көп сөздіктерде «референдум» сөзі жалпыхалықтық сауалнама, маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін дауыс беру деп түсіндіріледі. Референдум – конституцияның, конституциялық заңдардың, заңдардың жобалары бойынша жалпыхалықтық немесе жергілікті халықтық (өткізілетін іс-шараның ауқымына қарай – бүкіл республикалық немесе жекелеген елді мекен, не болса әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде) дауыс беру арқылы жергілікті өзін-өзі басқару актілері және мемлекет өмірінің басқа да маңызды мәселелері шешуге бағытталған тікелей демократияның институты. Басқаша айтқанда, референдум дегеніміз – белгілі бір мемлекеттік мәселелерді халықтың тікелей өзі шешуінің нақты нысаны. Республиканың он сегіз жасқа толған азаматтары тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан референдумға қатысуға құқылы. Шетел азаматына және азаматтығы жоқ адамға, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республиканың басқа азаматтарының референдумға қатысу құқықтарын кез келген тікелей немесе жанама түрде бұзуға жол берілмейді және бұл заң бойынша жазаланады. Жалпы, қоғамның демократиялық институттары дамыған сайын мемлекеттік билік маңызды шешімдер қабылдау үшін референдум институтын көбірек қолданатын сияқты. Референдум арқылы жаңа реформаларды мемлекетте жүргізу өте тиімді деп ойлаймын, сонымен қатар бұл елдің дамуына оң әсерін беретіні анық. Әрбір Қазақстан азаматы ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мәні мен мазмұнын, болашақтағы рөлін терең түсініп білуі қажет. Жалпы реформалардың басты ерекшелігі Президент, Парламент және Үкіметтің өкілеттіктерін қайта бөлу түріндегі тежемелік және тепе-теңдік жүйесін құруға бағытталған болады. Түзетулер бүкіл Конституцияның үштен бір бөлігін – 33 бапты қамтиды. Бұл олардың ауқымын көрсетеді. Оларды референдумға шығару мемлекеттік құрылыс тұрғысынан түсіндіруге болатын қадам екені анық. Жалпы, жалпыхалықтық дауыс беру – азаматтардың белгілі бір мәселе бойынша өз пікірін білдіруінің дәстүрлі тәсілдерінің бірі. Оның үстіне бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
Асқар Қадырқұлов, «Партиялық емес бақылау орталығы»
республикалық қоғамдық бірлестігінің
облыс бойынша филиалының басшысы.