- Advertisement -

Қант зауыттары толық қуатында жұмыс істеуде

40

- Advertisement -

Жуырда әлеуметтік желілерде еліміздің бірқатар өңірлерінде қант қайтадан қат тауарға айналғаны жөнінде ақпараттар желдей есті. Айталық, Ақтөбенің дүкен сөрелерінде шақпақ қанттың әр қорабы мың теңгеден сатылса, оралдықтар шекер үшін шу шығарған. Олар сауда орындарында бірін-бірі таптап, тәттіге таласты. Десе де, өзге өңірлерді қантпен қамтамасыз етіп отырған біздің облыстағы екі қант зауыты дәл қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырған баспасөз турында бір топ журналистер Меркі және Тараз қант зауыттарындағы жұмыс барысымен танысты.

Бұл күні журналистер ең алдымен тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның жұмысын көзбен көрді. Өткен жылы кәсіпорын 7,5 мың тонна қант алып, 85 мың тонна қант қызылшасын өңдеді. Биыл зауыт қант қызылшасын сатып алу құнын көтерді – бір килограмм үшін 15 теңге, аграршылар үшін мемлекеттік субсидия 15 теңгені құрайды. Дәл қазіргі уақытта зауыт өндірген өнімнің килограмын 440 теңгеден өткеруде. Бұрынғы баға 290 теңге болған.

Зауыт 2017 жылы соңғы рет қант құрағынан қант өндірген екен. Содан бергі уақытта 5 жыл бойы өндіріс орны қант қызылшасын өңдеп, өнім өндіріп келген. Көршілес Ресей мен Белоруссиядан қант импорты тоқтаған соң, қажетті сұранысты өтеу үшін қайтадан қант құрағынан қант өндіруді қолға алып отыр.
Серіктестік басшысы Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, екі ай бойы жөндеу жұмыстары жүргізілген зауыт 28 мамырдан бастап толық қуатында қант өндіруге кіріскен. Бүгінгі таңда өндіріс орнына 9 мың тонна шикізат жеткізіліп, екі күннен бері толық қуатында қант өндіруде. Айта кетейік, бұл шикізат тек жарты айға ғана жетеді екен. Алдағы күндерге керекті шикізат тағы да әкелінбек.

– Зауытта 460 адам жұмыс істейді. Айына 18 мың тонна қант шығарамыз. Үш айға 40 мың тонна шикізат қабылдап, өнім өндіруді жоспарлап отырмыз. Шикізат Бразилиядан тасымалдануда. Бұл түпкілікті өнімнің өзіндік құнына әсер етпей қоймайды. Сондықтан біз қант қамысы шикізатын сатып алу, зауытты реконструкциялау үшін айналым қаражатына жеңілдетілген несие түрінде мемлекеттен қолдау сұраймыз, – дейді зауыт директоры.

Бұдан бөлек, кәсіпорын басшылығы шикізат біткен соң, зауытты қайта жөндеуден өткізіп, қант қызылшасын қабылдап, содан өнім өндіруге дайындық жүргізуді қолға алуды жоспарлап отырғанын да жеткізді. Мұнда алдағы үш ай бойы қант құрағынан қант өндіріліп, қыркүйектен бастап, қант қызылшасын қабылдау пункті ашылмақ. Мұнан соң, зауыт қайта қант өндіруге кіріседі. Зауыттың бас инженері Идрис Джамаловтың сөзінше, 2017 жылға дейін Меркі қант зауыты ескі құрылғылармен жұмыс істеп келген. Одан бері кезең-кезеңімен құрылғылар 70 пайызға жаңарған. Маман жабдықтар мен автоматтандырылған құрылғылар орнатылса, өнімділік те артады деп отыр.

Мұнан соң, журналистер қант қызылшасын өсірумен айналысатын «Трансфер» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Шаруашылық өткен жылы 200 гектарға жуық қызылша отырғызған. Қожалық жетекшісі Владимир Бондаренконың айтуынша, аудандағы су тапшылығы егістік көлемін арттыруға тұсау салған. Биыл шаруа қожалығы 40 гектар жерге алғаш рет Daledonia Tarvizas Smart GVA тұқымын отырғызыпты. Тұқым қымбат, бірақ сол бағасына лайықты.

Баспасөз туры барысында журналистер «Тараз қант зауытына» да барды. Ішкі нарықтың өнімге деген қажеттілігінің жартысынан астамын қамтамасыз ететін кәсіпорында тәулігіне 650 тонна өнім өндіріледі. Зауыт директоры Александр Шлегель кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұрғанын, мұнда жыл басында бірқатар қиындықтар туындағанымен кейін жағдай реттеліп, наурыздан бері тоқтаусыз өнім өндіріліп келе жатқанын жеткізді.

– Біздің кәсіпорын ешқашан жұмысын тоқтатқан емес. Құрылғылар ескі болғанымен, істеп тұр. Қазір қантқа деген сұраныс көбейді. Бұл Ресейдің шекараны жауып тастауына байланысты. Өндірілген өнімдер барлық өңірге жөнелтілуде. Бір жаққа жіберіп, екіншісіне жібермей қалу деген бізде жоқ», – дейді А.Шлегель.

Баспасөз турының қорытындысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев зауыттардың ең негізгі сұранысы – шикізат екенін тілге тиек етіп, бұған дейін біраз уақыт логистика қызметіне байланысты шикізат мәселесі туындағанымен, бүгінде бұл шаруа реттелгенін атап өтті. Оның сөзінше, баж салығынсыз 350000 тонна шикізат әкелуге квота бөлінген, соңғы екі айда 250000 тоннасы жеткізілген. Соның нәтижесінде зауыттар толық қуатында жұмыс істеуге көшіп, өндірілген өнім барлық сауда нысандарына таратылуда.

Айта кетейік, биыл шикізат тапшылығының алдын алу үшін қажетті техникалар алуға және қант қызылшасын өсіруге мемлекет тарапынан 449 миллиард теңге субсидия бөлінуде. Ал біздің өңірде ағымдағы жылы 6300 гектарға қант қызылшасын егу жоспарланған.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support