Нан тапшылығы болмай ма?
Нан тапшылығы болмай ма?
Еліміз астық қорын сақтап, бағаны тұрақтандыру үшін түрлі қадамдарға баруда. Қарап отырсақ, елдің қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін (егіс қажеттіліктері, жемшөп, азық-түлік тұтыну және өнеркәсіптік өңдеу) 3,7 миллион тонна бидай қажет екен. Осы мақсатта Үкіметтің қаулысымен үстіміздегі жылдың 15 сәуірінен бастап астық пен ұн экспортына шектеу енгізілген еді. Ол шектеу әлі де жалғасуда. Жуырда облысымызда жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те Ресейге салынып жатқан санкциялардың салдарынан азық-түлік бағасының біршама шарықтап өскенін айтты. Осы сапарында министр аймақтағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, қант зауыты диқандардан тәтті түбірдің бір килограмын қабылдау бағасының 24 теңгеден 30 теңгеге көтеруге қол жеткізіп, көпшіліктің үмітін ақтап кетті. Қант қызылшасын өсірушілерге алқап көлемін ұлғайтуға бір жағы жол ашып берсе, екіншіден зауыт жұмысының қуатын 7 мыңнан 60 мың тоннаға дейін көтеруді ниет етті. Биыл астық мол болса, ұннан тапшылық көрмейміз дейді министр. Министрліктің ақпаратына жүгінсек, елімізде шамамен жылына үш миллион тонна ұн өндірілсе, оның жартысы бүгінге дейін экспортқа шығарылып келіпті. Аталған ведомства өкілдері, 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортына квоталарды енгізу туралы шешім қабылдаған. Бидайға квота көлемі – 1 миллион тонна, ұн 300 мың тоннаны құраған. Сонымен қатар ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау мақсатында министрлік Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі бидайдың қолжетімділігін түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, елімізде 6,4 миллион тонна астық бар, бұл көлем ішкі қажеттіліктерді өтеуге, сондай-ақ астықтың бір бөлігін экспортқа жіберуге жеткілікті көрінеді. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Кемелбек Дауренов елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарларын экспортқа шығаруды тоқтату кейбір өндіріс орындарының жабылуына әкеліп соғуы мүмкін дегенді айтады. – Ресейге салынып жатқан шектеулердің біздің ел нарығына да қатты әсер етіп жатқаны жасырын емес. Қазірдің өзінде әлемдегі астық экспортының 30 пайызын құрап отырған Рсей мен Украинадағы жағдай ғалам жұртын алаңдатып отыр. Айталық, қос ел айына әлем экспортына 4,5 миллион тонна астық шығаратын. Бұл біздің елдің бір жылға жарататын қоры. Ал айына осынша бидай шығаратын қос ел бұған дейін қаншама елді аштық құрсауынан аман сақтап келген еді. Мұның салдарын бүгінде алдымен Африка мемлекеттері сезіне бастады. Қазір дамыған Иран мемлекетінде нан бағасы өсіп, ұн тапшылығы сезілуде. Нан бағасымен бірге азық-түлік бағасы да шарықтап бара жатыр. Өз басым, елдегі ауыл шаруашылығы тауарларын экспортқа шығаруды тежеуге болмайды деп санаймын. Өйткені бұл фермерлердің банкрот болуына, сонымен қоса ауыл-шаруашылығы тауар өндірісінің тежелуіне алып келуі мүмкін. Ең сорақысы, бізде елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде жүйелілік жоқ. Осының салдары бағаның шарықтауына әкеліп соғуда, – дейді ардагер. Астық тапшылығы туралы негізінен диірмендер көтеруде. Интернет желісіне сенсек, солтүстік аймақтарда кейбір кәсіпорындар жабылып қалу алдында тұрса, енді бірі жұмысын тоқтатқан көрінеді. Бидайды біздің аймақ диірмендері көбіне солтүстіктен тасымалдайды. Сондықтан өңірдегі ұн өндірісімен айналысып жатқан «Ақсарай» ЖШС директоры Мадина Сырлыбаеваны сөзге тартқан едік. – Жасыратыны жоқ, астық тапшылығы бізде де бар. Бірақ сол тапшылыққа қарамай қиындықтан шығу жолдарын қарастырудамыз. Негізінен астықты солтүстік өңірден жеткіземіз. Астықтың бағасы арзан болса ұн да арзан болар еді ғой. Өкінішке орай астық бағасының 40-50 теңгеге жоғарылауы ұн бағасының да өсуіне алып келіп отыр, – дейді ол. Естеріңізде болса 1990-шы жылдары, оның алдында өз өңірімізде шыққан астықты тартып, халық соның ұнын пайдаланып келген еді. «Неге қазір солай жасауға болмайды немесе солтүстікте өсірілетін бидай тұқымын өз аймағымызда сеуіп, астық қорын жасамасқа» деген ойымды серіктестік директорына айтқан едім. Сөйтсек, барлығы да адамдардың талғамына байланысты екен. – Ондай тәжірибе бұрын болған. Қазір халықтың талғамы жоғарылады. Біздің өңірде өсірілетін бидайдан жоғары сұрыпты ұн ала алмайсың. Оның клейковинасы көп. Бұрын халық барға қанағат қылатын. Енді ел бұрынғыдай қара ұнды тұтынғысы келмейді. Жоғары сұрыпты ұн тұтынғанды жөн көреді. Солтүстік өңірден бидай тұқымын әкеліп, сеуіп те көрдік. Бірақ біздің өңір ыстық болғандықтан жазда дәнді кептіріп жіберіп, сапасын жоғалтады, – дейді Мадина. Астық бағасының да килограмына 40-50 теңгеге жоғарылауы ұн шығаратын серіктестіктерге де өз әсерін тигізген. Өйткені электр қуатының жоғарылауы, жұмысшы күшінің артуы, бір сөзбен айтқанда ұн бағасының жоғарылауына алып келген. Билік ұннан тапшылық болмайды деп сендіруде. «Тараз» ӘКК» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорында ұн қоры жеткілікті. Қазіргі таңда корпорация тарапынан әлеуметтік дүкендерге ұн уақтылы жеткізілуде. Дүкендердегі бірінші сортты ұнның бір килограмы 125 теңгені құрайды. – Тұрақтандыру қорында қазіргі таңда 84 тонна ұн бар. Ұнның бұл қоры күзгі егін жинау маусымына дейін жетеді. Сондай-ақ алдағы уақытта наубайханалар үшін 4 500 тонна ұн сатып алу жоспарлануда, – деді ол. Бидайдың бір тоннасы бүгінде 114 мың теңгеден 160 мың теңгеге өсті. Ұн қымбаттаған соң нан бағасының да жоғарылайтыны белгілі. Осыған байланысты елде ұн тапшылығы туындап, нан қымбаттауы әбден мүмкін.
Марат ҚҰЛИБАЕВ