Жазықсыз жапа шеккендердің рухы әр жүректе сақталады

3

Ел Тәуелсіздігі тарихындағы айтулы күннің бірі – 1993 жылдың 14 сәуірі екені сөзсіз. Өйткені дәл осы күні жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Заң қабылданды. Ал 1997 жылдан бері 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланған.

Міне, сол уақыттан бері халқымыз ақтаңдақтарды еске алып, рухына тағзым жасап, оларға арнап жер-жерде бой көтерген ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетеді.
Зұлматты қуғын-сүргін жылдарында жалпы 953 лагерь болғанын, ал Қазақстанда ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқанын ескерсек, біздің халықтың көрмеген қасіреті жоқ екенін білуге болады. 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қудаланған. Олардың көбі жазықсыз атылып кетті.

Қуғынға ұшырап, қасірет шеккен олардың жазығы – ұлтқа қалтқысыз қызмет еткені, ерінбей еңбек етіп, мол дәулет жиғаны және халықты иманға шақырғаны еді. Еліміз егемендік алған соң 14 рет «Аза кітабы» жарыққа шыққан болатын.

Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау мақсатында 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын. Ол үндеуде Президент: «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.

Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі.
Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.
Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деген болатын.

Бүгінгі бейбіт күннің астында бақуатты күн кешіп отырған әрбір отандасымыз осынау қасіретті күндердің нәубетін терең түйсініп, тағзым етуі шарт. Биыл да саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналып қойылған ескерткішке облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған азаматтар гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жапа шеккендердің рухтарына тағзым етті. Мемлекеттік мекемелер мен ұйым басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, партия жетекшілері, депутаттар және өзге де азаматтар жазықсыз жапа шеккендерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.