Жаңалықтар

Қуанса, балалар қуансын!

Қуанса, балалар қуансын!

  Кеше Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау» орталығына арнайы барып, қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндердің қуанышын еселеп тастады. Өңір басшысы мерекенің басты кейіпкерлеріне сый-сияпат жасап, олардың өмір жолындағы сапарларына сәттілік тіледі. Кеше Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау» орталығына арнайы барып, қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндердің қуанышын еселеп тастады. Өңір басшысы мерекенің басты кейіпкерлеріне сый-сияпат жасап, олардың өмір жолындағы сапарларына сәттілік тіледі. Ең алдымен Нұржан Молдиярұлы бастаған топ аталған орталықты аралап шығып, «Балауса» атты отбасылық пәтерін салтанатты түрде ашты. Одан кейін орталықтың озық ойлы, өнерлі, талантты да талапты тәрбиеленушілерінің мерекелік шарасына қатысты. Ілім іздеген ілкімді ұрпаққа ізгі лебізін жеткізді. – Мемлекетіміздің саясаты, Мемлекет басшымыздың тапсырмалары бойынша жүзеге асып жатқан игі жобалардың барлығы келешек ұрпақ, яғни сіздер үшін жасалып жатыр. Биылғы Балалар жылы аясында ел аумағында көптеген тағылымды шаралар өтуде. Облыс көлемінде өзіміздің балаларға дұрыс тәрбие мен білім беру, оларды үлкен жолға аттандыру үшін де атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Жылда оннан астам жаңа мектептер іске қосылып, пайдалануға беріліп жатыр. Одан бөлек жетпістен астам мектептен кейінгі білім беру мекемелері жұмыс жасауда. Күні кеше ғана облыс орталығынан заманауи зәулім оқушылар сарайы ашылды. Бір мезгілде сегіз мыңнан астам оқушы сол жерде қосымша білім алады. Осы жұмыстар балалардың игілігі үшін жасалуда. Себебі балалар – мемлекетіміздің болашағы. Еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына үлкен үлесін қосатын сіздерсіздер. «Балауса» деген жаңа отбасылық пәтердің ашылуына куә болдық. Осындай отбасылар балаларды бір-біріне жәрдем беруге, бауыр болуға баулып отыр. Осы мекемеге соңғы жылдары көп келіп, игі істердің нәтижесін көріп жүрмін. Мектеп ұжымына да үлкен алғысымды білдіремін. Ұрпақ тәрбиелеу жолында сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Өз кезегінде мұндағы балалардың да ынтасы өте зор. Ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл өмірде басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», – деп айтқан өсиеті бар. Бұл жерде үлкен сарқылмас рухани байлық жайлы өзекті ой айтылған. Білімді болсаңыздар сіздердің арқаларыңызда мемлекетіміз де ешкімнен кем болмайды. Осы жолда толағай табыс тілеймін, – деп облыс басшысы орталықтың түлектеріне пәтер кілтін табыстап, тәрбиеленушілерге тұрмыстық техникаларды тарту етті. Қазіргі таңда мұнда жетпістен астам жасөспірім бір үйдің баласындай білім алуда. Олардың арасында білім мен өнер сайыстарында жеңімпаз атанып, болашағынан зор үміт күттіретін жастар да аз емес. – Халықаралық балалар мерекесі біз үшін ерекше күн. Осы күнде облыс әкімі арнайы құттықтап келіп, «Балауса» отбасылық тобын ашты. Мұнда бүгінде 14 қыз тәрбиеленуде. Ал жалпы орталықта 75 бала бар. Облыс әкімінің қолдауымен жаңадан тұрмыстық техникалар тарту етілді. Әрқашанда осы балаларымыздың болашағы жарқын, іргесі нық, шаңырағы биік болсын. Қазіргі таңда біз атап өткен «Балауса» секілді 7 отбасы бар. Әрқайсысында 12-14 баладан топтастырылған. Туыстық жақындығы бар балаларды да бөлмейміз. Ағайындылар бірге тұрады. Мереке күні орталықтың екі түлегіне тұңғыш рет №15 мөлтек ауданнан екі бөлмелі пәтердің кілттері табысталып отыр. Жалпы армансыз адам жоқ қой. Десек те балалардың армандаған мақсаттарына жетіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын, – дейді «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау» орталығының директоры Айжан Мейірханова. Өңір басшысы өрімтал жастардың қолөнер туындыларымен танысып, шығармашылықтарына табыс тіледі. «Бізді мерекемізбен арнайы құттықтап келген облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Өзім оқу озатымын. Алдағы уақытта білім қуып, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етіп, осындағы ұстаздарымның сенімін ақтауды армандаймын. Өңіріміздегі, еліміздегі барлық бүлдіршіндерді мерекемен құттықтаймын», – дейді орталық тәрбиеленушісі Элона Кан-кан. Салтанатты шара орталықтың өнерлі өрендерінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласып, бүлдіршіндерге балмұздақ таратылды.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ