Түйе балуан бөрібек
Түйе балуан бөрібек
Жүлдесі үшін ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті
Талай додада қазақ күресінен топ жарып, түйе балуан атанған Бөрібек Тоғызақбаев туралы әңгімеге қанықпыз. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде-ақ «Оңтүстік Қазақстан» мен «Южный Казахстан» газеттерінің қазақ күресінен бірлесіп өткізген республикалық деңгейдегі өңірлік біріншілігінде жартылай ауыр салмақта қарсыластарын шақ келтірмей чемпиондық тұғырға көтерілген Бөрібек аға небәрі 32-ақ жыл жасаса да артына айшықты із қалдырған еді.
Қазақта «орнында бар – оңалар» деген сөз бар. Соңында қалған үш ұл, екі қызы да ер жетіп, жақсы істерімен жұрт аузына іліккеніне көпшілік риза. Бөрібек аға Жайылма ауылының тумасы. Осында оқыды. Шымкент, Жамбыл қалаларындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында білім алды. Өкінішке орай, жарқырап, жанып келе жатқанда бақилық болды. Бұл күнде соңында қалған ұрпағы, бәйтерегі жайқалып, әкесінің атағын аспандатты. Әуелеткені сол ұлы Жеңіс меценаттық танытып туған ауылында 40 миллион теңгеге спорт кешенін салып, оны мемлекет меншігіне өткізді. Бүкіл Сарысу жұрты разы болды. Содан бері он жыл өтті. Осы мектепте бүгінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алпысбай Исабаев 9 жыл бойы директорлық қызметін атқарған еді. Жыл сайын Бөрібек Тоғызақбаев атындағы әртүрлі деңгейдегі жарыс ұйымдастырған азамат. Биыл міне, «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС соғып, халық игілігіне ұсынған Жаңатастағы спорт кешенінде Бөрібай балуанның жүлдесі үшін республикалық жарыс өткізілді. Бұл жарыстың өтуіне аудан әкімі Қанатбек Мәдібек мұрындық болып, қолға алған екен. Республикаға белгілі айтыс ақыны Алик Бекмұсаев: – Болған соң өзі спортшы Қанатбегім, Ауданда спорт ісі жанат тегі, – демекші, соңғы екі жыл ішінде түрлі деңгейдегі спорт бәсекелері апта құрғатпай өтіп, қала жастарының спортқа қызығушылығы арта түскен. Одан қалса көкпар, аламан бәйге де жиі өтіп, жұрттың бос уақыты қалмағандай. Аталмыш жарысқа да Алматы, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан ғана емес, көршілес Қырғыз Республикасынан балғын жас балуандары бар, бағын сынауға 220 балуан келіпті. Қырғызстанда қазақ күресінің федерациясын құрып жүрген бауырымыз Темірхан Османалиевті әңгімеге тартқан едік: – Қазақ күресінің әлемдік деңгейін көріп-біліп отырып, қол қусырып отыра алмаймыз, – деді. Жас балуандар бәсекесі тартысты басталды. Онда қазақ күресінің небір айла-тәсіліне жанкүйерлер көзайым болды. Жастардың қазақ күресіне деген ынтасын көріп риза болысты. Әр салмақ дәрежелері бойынша 42 келі салмақта қордайлық Б.Имамзаде, 46 келі салмақта тараздық Архат Әнуарбек, 51 келі салмақта қызылордалық Бекжан Төлепов, 57 келі салмақта Жамбыл ауданынан Р.Махмудов, 64 келі салмақта тараздық А.Бескемпір, 72 келі салмақта Шығыс Қазақстан облысынан С.Мұратбаев, 81 келі салмақта тараздық Д.Ахмет, 81 келіден жоғары салмақта Г.Медиманов бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға жарысты ұйымдастырушы Тоғызақбаевтар әулеті атынан тігілген сыйлықтарды аудан әкімі Қ.Мәдібек пен балуанның ұлы Жеңіс Тоғызақбаев және еңбек ардагерлері табыс етті. Ертесі «Сарысу барысы» жүлдесі үшін өткен байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен балуандар қатысып, бақ сынады. Байрақты бәсекеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қатысып, бабы келген балуандарға бақ тіледі. Тоғызақбаевтардың спорт кешенінің ішінің екі қапталына қазақтың алты қанатты ақ үйлерін тігіп, балуандарды сол жерден боз кілемге шығаруды ұйымдастыруы да қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту екені көңілге қуаныш ұялатты. Ұлттық спортымыздың төрімізге шыққанының куәсіндей небір сом денелі, атпал балуандарымыз боз кілемнің үстінде айқасып, көрермен қауымның айызын қандырды. Жалпы Жеңістің өзі ұлттық салт-дәстүрді насихаттап жүрген аптал азамат. Ана жылы Астанаға барып арнайы он екі қанат (хан ордасы деуге болады) қазақы үйді жасатып, аудан әкімдігіне сыйлаған. Кешегі азаматтығы анау. Оған қоса Оңтүстік Қазақстан облысында 1000-нан астам кіл асыл тұқымды жылқы өсіруді қолға алып отыр. Енді келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай Саудакент ауылында қазақтың ұлттық ат спорты ойынынан республикалық дәрежеде жарыс өткізу ниеті бар екенін аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлына айтқаны сол еді, ол ұсынысы бірден қолдау тапты. Яғни, аманшылық болса, келер жылы Сарысудың төрінде тағы бір дүбірлі жиын өтетіні анық. Бәрін айт та, бірін айт сарысулық меценаттың игі бастамалары бұл ғана емес. Жеңіс осы ауданнан жылқы малын өсіруге жер алып, қымыз өндіруге де ниет етіпті. Сонымен ауданда тұңғыш рет өтіп отырған «Сарысу барысы» жүлдесі үшін отызға тарта балуан бақ сынады. Қазақ күресіне ден қойған жас балуандардың жарысы өте тартысты өтті. Ақырында бабы мен бағы келіскен төрт балуан жартылай финалда айқасты. Ақтық сынға Жамбыл ауданы Бесағаш ауылынан келген Дәулет Пахридин мен Исламбек Ергешов шығып, бас жүлдені сарапқа салды. Айласы мен әдісі мол Дәулет Исламбекті таза жеңіп «Сарысу барысы» атанды. Жарысқа тігілген бас жүлде «Лада Гранд» жеңіл автокөлігінің кілтін Б.Орынбеков табыстады. Екінші, үшінші орын Исламбек пен Хамза Дәуренге бұйырды. Оларға қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Оны осы жарыстың бас демеушісі Тоғызақбаевтар әулеті табыс етті. Балуандар күресінен соң Саудакент ауылының маңындағы атшабарда ат бәйгесі ұйымдастырылып, салым көкпар салынды. Оларға да тігілген бәйгенің сый-сияпаты қомақты болды. Сонымен ежелгі Саудакент жерінде ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі жарыс өтті. Сарысулықтар туған жерге туын тіккен, қазақтың ұлттық спорты мен ойынын дамытуға меценаттық танытқан ағайынды Тоғызақбаевтарға алғыстарын білдірді. Апта сайын ойын сауықтан құр алақан емес сарысулықтар енді қараша айының басында бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Серік Өмірбеков атында тағы бір жарысты өткізуді жоспарлап отыр. Сондықтан да сарысулықтардың күні құр емес, қызық пен думанға толы деудің реті келіп-ақ тұр. Лайым жалғасын таба берсін, жақсылығы жалғассын.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.