Таразға туристер ағылатын күн алыс емес
Таразға туристер ағылатын күн алыс емес
Баспасөз мәслихатын ашып жүргізген облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев: «Археология – нақты ғылым. Бұл бағыттағы жұмыстар біраз жылдың бедерінде нәтижелі жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев республикамызға танымал тарихшы ғалымдарды жинап, қаламыздың өткені, кешегісі, бүгінін зерделеп, алдағы уақытта қандай жұмыстар атқаратынымызды нақтылаған болатын. Соған сәйкес, жұмыс ауқымын ұлғайтып, шаһарымыздың тарихына дендеп бойлау керектігі белгіленіп, археологиялық қазба жұмыстары аясын кеңейту тілге тиек етілген еді. Ол үшін облыстық қазынадан жүз миллион теңге бөлінгені де аян. Мұның бәрі Ұлы Жібек жолының бойындағы өркениетті, сәулетті өңірдің тылсымын ашу үшін жасалып отырған қамқорлық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде табылған қыш құмыралар, монеталар, керамикалық бұйымдардың бәрі сауда-саттығымен, өркениетімен танылған қаламыздың өткенінен сыр шертіп тұр.
Жыл басында Ежелгі Тараз қаласын бүкіләлемдік «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатыстыру бағытында «Археологиялық саябақ» құру мәселесі көтерілгені мәлім. Өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлымен мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арасында қаламызды кеңінен зерделеу, музейлендіру, тарихи нысандарды қалпына келтіру, оның сыртында үлкен нысандар салу үшін меморандумға қол қойылды. Меморандумға сай қытайлық және өзіміздің археологтар бірлесе өңірдің өткенін зерделейтін болады. Бүгінгі таңда бүкіл әлемдік «Мәдени мұра» тізбесіне елімізден сегіз тарихи-мәдени нысан енгізілсе, оның бесеуі Тараз өңірінде. Мұның өзі облыстың бай тарихын көрсетсе керек. Олардың ішінде Ақыртас кешенін ерекше мақтанышпен айтуға болады» деді.
Бұдан кейін сөз алған академик Карл Байпақов: «Көне шаһардың тарихы тым тереңде жатыр. Ілгеріде елімізден Бүкіл әлемдік Юнеско тізбесіне тек қана екі тарихи мәдени ескерткіштер енгенінен хабардармыз. Ол тым аз екені аян. Өйткені, Қазақстанның аумағы үлкен. Тарих та, ескерткіш те, жәдігер де жеткілікті. Оның бәрінің сырын ашу керек. Сол арқылы біз мәдени мұраның, мол тарихтың ұшан-теңіз байлығына, шежіресіне тәнті боламыз. Әлгінде айтқанымыздың барлығы дерлік өткеннің еншісі. Ал ағымдағы жылы Катардағы өткен отырыста еліміздің сегіз бірдей мәдени мұрасын бүкіл әлем мойындап, тізбеге енгізуді жөн деп ұйғарды. Ол дегеніміз мақтанарлық жағдай. Бұл жәдігерлеріміздің барлығы да Ұлы Жібек жолын бойлай жатыр. Олардың тарихын толыққанды ашу үшін археологиялық жұмыстардың негізіне сүйенуге тура келеді. Жұмыс бүгінгі таңда жандану үстінде. Ақыртас сарай кешені, Ақтөбе-Баласағұн, Қостөбе, Құлан қалашықтарының әрқайсысы ортағасырлық тарихтың таңбаларына, жәдігерлерге бай. Олардың құпиясы біртіндеп ашылып келеді. Қажырлы жұмыстардың арқасында біз сол мұраларды әлі де зерделейміз. Сол арқылы біз туризм секторын да дамытуға мүмкіндік аламыз» деді. Академик алдағы уақытта Тараздың тасқа таңбаланған тарихын әлем мойындайтынына сендірді. Расымен де сонау алтыншы, сегізінші, он, он екінші ғасырлардың мол жәдігерлерін қойнауына жасырып жатқан Тараздың топырағынан сол мұраны аршып алатын кез де келіп жеткен сыңайлы. Келесі кезекте сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, «Археологиялық экспертиза» ЖШС директоры Дмитрий Воякин бүкіләлемдік Юнесконың қамқорлығына кез-келген жәдігерлердің алына бермейтіндігіне назар аударды. Оның айтуынша Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалашықтардан әлі талай құнды жәдігерлер табылады екен. «Қазба жұмыстарының барлығы да ғылыми негізде жүргізіледі. Бұл қалашықтарға кезінде кеңестік археолог мамандар да қызыққаны жасырын емес. Облыс өңіріндегі әрбір тарихи аймақтарды аралағанда мұндағы тарихи жәдігерлердің, ескерткіштердің мыңжылдықтардан сыр шертетініне куә болдым. Оған табиғи мұраларды қосып қойыңыздар. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Тасқа таңбаланған тарих әйтеуір бір күні ашылады. Бұған дейін туристік кластерді дамыту бағытындағы жұмыстардың кенжелеп келгені аян. Ал этнографиялық туризм болсын, басқа туризм болсын оның бәрі экономиканың серпінді түрде дамуына ықпал етеді. Біз Жамбыл жерінде жүргізілетін археологиялық жұмыстардың түйінделген нәтижесі арқылы көршілес Өзбекстанға ағылған туристердің бетін бері қарата аламыз. Ол дегеніміз қазынаға қаржы түсірудің бір көзі деген сөз. Бұл ретте бүкіл әлемдік ЮНЕСКО тізбесіне елу бірдей нысанын енгізген Италия көп елдерге үлгі. Туризм секторы арқылы олар қомақты табыс тауып отыр. Бір жағынан мәдени байлықтарын әлемге паш етуде. Қырық жеті қалашығымен әлемде екінші орында тұрған Қытай елінің де осы бағыттағы ауқымды жұмысы кез-келген бақылаушы елді қызықтырары сөзсіз. Көш бастаған ондықтың тізімін АҚШ түйіндеп тұр. Сол АҚШ-тың өзінде жиырма екі бірдей тарихи орын ЮНЕСКО құрамына енгенін естен шығармаған ләзім. Қазақстанның бұл ұйымға біршама кештеу енгенін назарға алсақ, бұған дейін бар болғаны екі бірдей мәдени кешені, бір табиғи аймағы сол тізімге енгенін есте ұстасақ, күні кеше ғана сегіз бірдей мәдени аймағы картаға сәйкестендірілгенін ескерсек, әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған елдің алдағы жылдары болашағы зор екенін бағамдай түсеміз. Әрине, қазіргі кезде үлкен ондықтың санатына кіру әлдекімдер үшін қиялға толы әлем болып көрінетін де шығар. Алайда, біз мақсатты түрде өз жұмысымызды жалғастыра беретін болсақ, олардың жеткен межесінен асып түсе алатын мүмкіндікке ие болатындығымызға шүбә келтірмеймін. Оған негіз қазақтың сайын даласындағы мыңдаған тарихи ескерткіштер, жәдігерлер. Аталған жұмыстардың барлығын да жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы біз екі қоянды бір оқпен атып аламыз. Этнографиямызды танытатынымыз бір, екіншіден, мәдени құндылықтарымызды, тарихымызды әлемнің, туристердің назарына ұсына аламыз. Ал туристердің бір күнге атбасын бұрмайтыны белгілі. Бұл дегеніміз үлкен бизнес. Осы тұрғыдан келгенде байырғы Тараз шаһарының археологтар үшін де, мемлекет үшін де орны бөлек» дейді Дмитрий Воякин мәселенің мәнісіне тереңнен үңіліп. Шынында да 20 ғасырлық тарихтың әрбірінің қыр-сырын ашу арқылы әлем назарын өзімізге аударуға болатыны аян. Өйткені, кең тарихтың бір парасы біздің өңірмен тамырлас. Осыдан екі жыл бұрын қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған қырықтан астам монеталар да, керамикалық бұйымдар да, қыш құмыралар да, өзге де мәдени байлықтар, құндылықтар өңірдің өткенінен сыр шертіп тұр. Тараз бір күннің, бір жылдың, бір ғасырдың емес, дәуірлердің астасқан тарихының куәсі. Оны тірілту – қасиетті борыш. Біз мәдени нысандарымызды, қалашықтарымызды аршу арқылы, «Археологиялық саябақты» құру нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетеміз. Ол мәдени тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Оның дәлелі толассыз атқарылып жатқан тірліктің 2017 жылға дейінгі аралықта жалғасатыны.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».