- Advertisement -

«Жасұландықтар» – Жаңа Қазақстанның сәулетшілері

34

- Advertisement -

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Ал халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада». Сондықтан да сонау текті түркі бабалар дәуірінен бастап, бүгінгі бейбіт өміріміздің алтын тәжі – тәуелсіздікке дейін де, бүгінгі күннің әр сәтінде ұрпақ тәрбиесі тіршіліктің күн тәртібінен түскен емес. Қоршаған ортаны қадірлеп, Отан ананы қастерлеуді, салт-дәстүрді сақтап, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді бұл күнде өскелең ұрпақтың бойына «Жас ұлан» ұйымы сіңдіріп келеді. Мақсаты игі, міндеті ізгі, өңірдегі 160 мыңнан астам баланың басын бір шаңырақтың астына тоғыстырып, толқынын бір арнада тұндырған «Жас ұлан» ұйымының биылғы Балалар жылына белгіленген жоспары да аз емес.

Өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік, Отан тарихына, тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеу бағытында белсенді тер төгіп келе жатқан ұйымның мүшелері алдағы уақытта ел дамуына өзіндік үлес қосарына сеніміміз мол. Себебі құрылғанына он жылдан асқан жастар ұйымының осы уақытта бағындырған белесі, алға қойған мақсат асулары да жетерлік.

-«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дейді ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов. Парасат иесінің бұл сөзі бүтін елдің тағдыры мен болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін меңзесе керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны баршамызға мәлім. Бала – отбасы үшін де, мемлекет үшін де жарқын болашақтың кепілі. Балалар қауымдастығы – жасөспірімдердің қоғамдық өмірге енуін қамтамасыз ететін, қоғам өміріне қатысудың маңызды түрі. Қазіргі заманғы балалар қауымдастығының ерекшелігі – балалардың таңдау еркіндігі, балалар бастамасын қолдау болып табылады. 2011 жылдың 6 шілдесінде құрылған «Жас ұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы еліміздің әр өңіріндегі оқушылардың басын бір шаңыраққа біріктіріп отыр. Мемлекетіміздегі республикалық қозғалыстар арасында ең үлкен ауқымды қамтып, ең көп мүшесі бар ұйым біздің өңірімізде де тиімді жұмыстар жасап, көпке үлгі болуда. Жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың 70 пайызын құрап, ұйымның мақсатты тобы бірлескен тың жобаларды атқаруда. Ұйымға біріктірілген балалар қоғам өміріне белсене араласып, өздерінің мүмкіндіктерінің арқасында шынайы патриот ретінде танылады. Осылайша балалар ұйымы үлкен білім беру әлеуетіне ие, – дейді «Жамбыл облысы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Алебаева.

Қазіргі таңда облыс аумағындағы білім ордаларында ұйымның үйлестірушілері, тәлімгерлері мен ұланбасылар белсенді жұмыс істеуде. Жалпы облыстық үйлестірушілер кеңесі балалар ұйымымен жұмыс жасаудың әдістемелік орталығы болып табылады. Үйлестіру кеңесінің отырыстарында қазіргі заманғы балалар қозғалысының өзекті мәселелері қаралып, олардың проблемалары мен оларды шешу жолдары жан-жақты зерделеніп, балалар топтарымен жұмыс істеудің инновациялық тәсілдері мен формалары қолданылуда.

-«Жас ұлан» ұйымына кіру әр баланың арманы. Әр оқушы «Жас ұлан» ұйымына қабылданар алдында еліне, халқына адал қызмет етуге ант береді. Туған еліне қызмет етіп, жарқын болашағына жол ашады. Сондықтан «Жас ұлан» ұйымы өз қатарын белсенді оқушылармен толықтырып келеді. Білімді жастар көбейсе, туған жерімізде де білімді маман көбейері сөзсіз. Еліміздің болашағы да, иесі де – бүгінгі мектеп оқушылары. Өсер еліміздің өскелең ұрпағы – бүгінгі жастар. Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңі өз елінің патриоты болатындықтарына нық сенім білдіремін. Балалар мен жасөспірімдер қозғалысының көшбасшылары осы уақытқа дейін облысымызда өз жетістіктерімен, қайырымдылық шараларымен қуантып келеді. Мектеп қабырғасынан бастап, аудандық, қалалық, облыстық деңгейде жыл сайын республикалық «Жас ұлан» ұйымы және облыстық Білім басқармасымен келісіп жұмыс жоспары бекітіліп, ауқымды іс-шаралар ұйымдасқан түрде жүзеге асырылып келеді. Ұйымның ережесіне сәйкес мектеп, аудан, қала және облыс ұланбасының сайлауы өткізіліп, тапсырмалар бекітіледі. Ұйымға оқушыларды қабылдау жылына үш рет, атап айтқанда, 6 шілде «Жас ұлан» ұйымының құрылған күні және Елорда күніне орай, 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күніне және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай салтанатты түрде өткізіледі. Жамбыл облысында жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында аудан, қала, облыс көлемінде семинарлар, конференциялар, кеңес отырыстары, акциялар, форумдар, байқаулар, экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, мерекелік шаралар, сондай-ақ сан түрлі кездесулер және балалар әлеуметтік бастамалары жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізуде, – дейді Айжан Ортайқызы.

Мәселен, жыл басында ұйым мүшелері онлайн форматта кеңес ұйымдастырып, Балалар жылының маңыздылығын арттыратын жобаларын талқыға салса, жыл шымылдығын «Жас қаламгер» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық байқаумен ашты. Ізін ала жастардың шығармашылығын барынша қолдау мақсатында облыстық «Жас ұланның – жұлдызы!» атты патриоттық ән байқауын ұйымдастырды. Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына орай облыстық «Ғибраты мол Ғабең!» атты кітап оқу сайысында да «жасұландықтар» төл әдебиетіміздің тұлғасын толыққанды зерделей білді. Жасыратыны жоқ қазіргі таңда әлемді алаңдатып отырған басты мәселенің бірі экологиялық ахуал. Өрімтал ұрпақтың өңір табиғатын аялау бағытындағы шаралары да көңіл қуантады. Бұл тұста олар «Талмен бірге өсейік!» атты облыстық акция ұйымдастырды. Осылайша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға «жасұландықтар» күні бүгінге дейін айрықша атсалысып келеді. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді арттыруға негізделген «Сарбаз болғым келеді» акциясының да маңыздылығы зор. Ал күні кеше ғана оқушыларға жаңа бағыт беріп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастырып, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу бағытындағы ұйым көшбасшыларының басқосуына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, балалар қозғалысының даму жолындағы белсенділігі мен ұтымды бастамалары үшін үздік ұйым мүшелерін марапаттады. Сән-салтанаты жарасқан шара барысында №36, №10 орта мектеп және №12 мектеп-гимназиясының белсенді оқушылары ұйым қатарына қабылданды. Жыл аяғына дейін жастар ұйымы Мұхтар Әуезовтің 125, Мәншүк Мәметова және Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына тағылымды басқосулар, сайыстар мен «World Cleanup day» атты тазалық акциясын, қайырымдылық іс-шараларын, суретшілер байқауы мен ұйым көшбасшыларының облыстық форумын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Байтақ даламыз бен берекелі елімізді бала күннен жарқын болашаққа жетелеуді мақсат еткен жастар ұйымының белсенді мүшелері алдағы уақытта да ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ұлы Дала ұландарының ұшар биігі, алар асуы әлі алда. Ілкімді істеріне тек сәруәр сәттілік серік болғай!

Нұржан ҚӘДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support