- Advertisement -

Жас оқырмандарға рухани олжа

84

- Advertisement -

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы биылғы Балалар жылына орай өскелең ұрпаққа өнегелі рухани сый жасады. Жазушының бес бірдей ертегі повесті жеке-жеке кітап болып, әрқайсысы үш мың данамен алматылық «Қазығұрт» баспасынан жарық көріп, жас оқырмандарға жол тартып отыр.

Жас оқырмандардың қуанышын еселеген бес кітап қазіргі заманауи үлгіде басылып, түрлі түсті қанық бояумен, мазмұнына сай қызықты суреттермен безендірілген. Жалпы саны 15 мың дана болып жарық көрген бес жинақ ел аумағындағы балаларға арналған барлық кітапханаларға таратылуда.

-Президентіміз биылғы жылды Балалар жылы деп жариялады. Бұл өте орынды бастама. Өңір-өңірде балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ал осы жұмыстардың барысында ең үлкен мәселе, ол – балалар кітабын шығару. Осы күнге дейін балаларға арналған кітап шығарайық деп жүрген басшылықты көрген жоқпын. Қашан көрсең ақындар мен жазушылар шығармаларын арқалап өздері жүгіріп жүреді. Жасыратыны жоқ, мен де өзім жүгіріп жүріп осы кітаптарды жарыққа шығардым. Былтыр Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы дауыс беру арқылы жарыққа шығаратын кітаптарды анықтау шарасын жүргізді. Мен осы бес ертегімді салдым. Республика бойынша электронды дауыс беріліп, шығармаларым көш басынан көрінді. Ел аумағынан көптеген авторлар қатысқан болатын. Кітап шығатын кезде де шығарманың мазмұнына, танымдылығына қараймыз деді. 1988 жылы жарық көрген «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» деген шығармамнан бастап осы күнге дейін бес ертегі повесть жазыппын. Сол бес туындым Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, Қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру бағдарламасы, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару кіші бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр. Қазір кітап тарату жұмыстары жүріп жатыр. Өзіме бар болғаны алпыс данасы тиді, – дейді автор Көсемәлі Сәттібайұлы.

Сонымен қатар жазушы күні кеше ғана облыс басшысы Нұржан Нұржігітовпен кездесу барысында, өңірден шыққан жиырмаға жуық балалар жазушыларының да шығармаларын Балалар жылына орай жарыққа шығару мәселесін көтерді.

-Мен бұл шығармаларымның Балалар жылына орай тосын сый болып жеткеніне қуанып отырмын. Әрбір шығарманың идеялық, көркемдік деңгейі бар. Бес ертегі повесть те балалар мен жасөспірімдерге арналған. Оқиға желісінде балалардың ойы, көзқарастары, өздеріне лайықты мәселелері сөз болады. Кітап өте заманауи суреттермен безендірілген. Осы бес кітап биылғы жылдың балалар әдебиетіндегі басты жаңалығының бірі деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жайт, біздің өңірімізде жиырмаға жуық балалар жазушысы бар екен. Олардың көбісі Жамбыл облысында дүниеге келіп, Алматыға жоғарғы оқуға кетіп, сол жақта қалып қойғандар. Сансызбай Сарғасқаев, Әдібай Табылдиев, Сұлтан Қалиев секілді кісілерді қосқанда өңірімізден шыққан балалар жазушылары аз емес. Кеше облыс әкімімен кездескенде Алматыда жүріп өмірден өткендері бар, осында жүргендері, көзі тірілері бар барлығының өмірбаяндары мен шығармаларының тізімін жазып бердім. Балалар жылына орай осылардың барлығының кітабын шығарсақ деген ұсынысымды жеткіздім. Егер бұл ұсыныс назарға алынса, ол да нұр үстіне нұр болар еді. Тараз қаласының әкімінің қабылдауында болғанымда да марқұм Несіпбек Дәутайұлы, Әлдихан Қалдыбаев, Совет Әлімқұлов, Лесбек Сайлаубек, Асқаржан Сәрсек секілді бес-алты ақын жазушының шығармаларын әзірлеп бергенмін. Қалалық мәдениет бөлімі, кітапхана қызметкерлері барлығымыз бірлесіп, сол қаламгерлердің кітаптарының аннотациясына дейін жазып беріп қойдық. Қала әкімдігінің демеушілігімен ол кітаптар да жарыққа шықса, Балалар жылына үлкен сыйлық болары анық. Мәселен, Сарысуда Пернебай Дүйсенбин деген мықты балалар жазушысы бар. Бізден кейінгі Бақытжан Советұлы секілді азаматтарымыз жазып жүр. Барлығы балалар үшін еріккеннен шығарма жазбайды, – дейді жазушы.

Расында да биылғы айтулы жылдың қарсаңында бұл жас оқырмандарымыз үшін жағымды жаңалықтан бөлек, үлкен рухани олжа. Себебі кітап оқып, көркем әдебиетпен сусындаған ұрпақтың келешегі кемел, болашағы жарқын болары өмір дәлелдеген шындық.

Нұржан ҚӘДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support