- Advertisement -

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

197

- Advertisement -

(1976 жыл) 22 қаңтар. №15 (10.428).

«Еңбек туы» газетінің дөңгелек үстелінен есеп «Күн тәртібінде Қаратау-Жамбыл өңдірістік комплексі» тақырыбымен берілді. Оған «Химпром» өндірістік бірлестігі директорының міндетін атқарушы М.Атабаев, Жамбыл қаласындағы Зауыт аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Темірбеков, Жамбыл теміржол бөлімшесінің бастығының орынбасары Ә.Қаймолдаев және басқалар қатысты.

12 наурыз. №54 (10.467).

Шыңғыс Айтматов Жамбыл қаласында білім алған. Онымен бірге оқыған мал дәрігері, меркілік ақын Аманжан Қалманбетовтың студенттік шақтағы досына арнаған дастаны екеуінің суреті қоса беріліп газеттің осы санында жарияланды.

26 наурыз. №64 (10.477).

Қаратаулық кенші Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ерген Өміров туралы «Жұлдызы жанған жігіт» очеркі «Ер есімін елге таныстырамыз» айдарымен жарияланды. Авторы – К.Рахметуллаев. Газеттің осы санындағы Жамбыл қаласындағы Орталық аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Мырзабек Сапарәлиевтің мақаласы қала жастарының сол кезгі тыныс-тіршілігінен мол хабар береді.

27 наурыз. №65 (10.478).

«Еңбек туы» газетінің редакциясында облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімі мен КСРО Журналистер одағының облыстық бөлімшесі ұйымдастырған «Редактор күні» өтті. Онда аудандық газеттердің редакторлары А.Андреев (Қордай), Ә.Айтақов (Жуалы), Р.Құдабаев (Шу) тәжірибелерін бөлісті. Облыстық партия комитетінің хатшысы Ғ.Бибатырова қатысып сөз сөйледі.

10 сәуір. №75 (10.481).

«Еңбек даңқы-75» очерктер мен фотосуреттер бәйгесінің қорытындысы шығарылды. «Мұз және гүл» очеркі үшін Болат Мәуленов бірінші сыйлықты жеңіп алды. Екі екінші сыйлыққа Д.Шалқарбаев пен К.Рахметуллаев, үш үшінші сыйлыққа Н.Оразбаев, Н.Дәутаев, Р.Мөмеевтер ие болды. Ал С.Керімбаев, О.Тасыбеков және С.Әлімқұловтарға көтермелеу сыйлықтары бұйырды.

13 мамыр. №99 (10.512).

Облыс өнерінің қара шаңырағы қазақ драма театрының құрылғанына 40 жыл толды. Осы оқиғаға байланысты театрдың директоры Тұрар Дүйсебаев, бас режиссері Маман Байсеркенов, жетекші артистері Шәріпбай Сәкиев, Мұқаметқали Табанов, Алтын Ружева және басқалары «Еңбек туы» газетінің журналистерімен жүздесіп, сұхбаттасты.

28 мамыр. №109(10.522).

Жерлесіміз, театр сыншысы Қадырбек Уәлиев облыстық Қазақ драма театрының өсу, өркендеу тарихы туралы кітап жазып бітірді. Ол газеттің осы санынан бастап «Қырық жыл қырқасында» деген тақырыппен жарық көре бастады.

1 шілде. №132 (10.545).

Облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен осы санынан бастап бұған дейін облыстық және қалалық партия комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесінің органы ретінде шығып келген «Еңбек туы» газеті енді Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесінің органы ретінде шыға бастады. Газет осыны өз оқырмандарына жеткізді.

29 қазан. №218 (10.631).

КСРО Журналистер одағы облыстық ұйымының ұсынысы бойынша «Еңбек туы» газетінің редакциясы Жаңа Жамбыл фосфор зауытын қамқорлыққа алған еді. Зауыт басшылығы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері редакцияда болды.

8 желтоқсан. №244 (10.657).

Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы ең алдымен «Еңбек туында» жарияланған еді. Кітап болып шыққаннан кейінгі алғашқы рецензия да осы газетте жарық көрді. Ол «Батыр аға бейнесі» аталады. Авторы – Т.Мамасейітов.

(1977 жыл)

11 қаңтар. №7 (10.679).

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы туралы Шеген Ахметовтың рецензиясы шықты. Ол – «Ұстаздық дастан» аталады. Даңқты жерлесіміздің жаңа шығармасына «Еңбек туы» осылай алғашқы болып пікір жариялады.

29 қаңтар. №21 (10.693).

Облыстық қазақ драма театры «Балуан Шолақ» спектаклін сахналады. Сценарий авторы және режиссері театр директоры Тұрар Дүйсебаев. Басты рольдерде Оразғали Әбділманов пен Райхан Макпирова. Газет театр ұжымының шығармашылық табысына көлемді мақала арнау арқылы оқырмандарын хабардар етті.

12 сәуір. №72 (10.744).

«Ер есімі ел есінде, миллиондар зердесінде». Осындай жалпы тақырыппен берілген топтамада Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Кеңестер Одағының Батырлары свердловтық Ақәділ Суханбаев, жуалылық Дмитрий Пахомов, қордайлық Николай Белашов, меркілік Владимир Савва, шулық Саттар Естемесов, таластық Амантай Дәулетбековтер жайында айтылады.

16 сәуір. №76 (10.748).

Бұрыннан жиі беріліп келе жатқан әдебиет және өнер беті газеттің осы санынан бастап «Тұлпар» деген атаумен шыға бастады. Онда жас талапкерлердің шығармаларымен қатар Шу ауданынан Ахметжан Қосақовтың «Той күнгі оқиға» туындысы «Алғашқы әңгіме» деген қосымша тақырыппен берілген. Көлемді шығармасымен көрінген ол кейін «Еңбек туының» меншікті тілшісі қызметіне шақырылып, әр түрлі жанрда өндірте жазды. Көп жыл аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы болып еңбек етті.

30 сәуір. №86 (10.758).

Журналистердің облыстық семинар-кеңесі өтті. Онда облыстық ақпарат құралдарының басшыларымен қатар «Еңбек туының» белсенді қоғамдық тілшісі, сол жылдары Сарысу ауданындағы «Түгіскен» совхозының селекционер-зоотехнигі Әбдіманап Көпбергенов те сөз сөйлеп, баспасөз жұмысын жақсарту туралы ойларын ортаға салды. Екі мәрте Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған ол бүгінде Астанада тұрады.

2 шілде. №136 (10.802).

Облыстық аурухананың дәрігер-хирургі, газет бетінде жазғандары жиі шығып тұратын Сағындық Ордабековтың «Алғашқы дәрігердің бірі» мақаласы Әулиеата уезінде денсаулық сақтау ісінің бастауында тұрған Иван Ардашевтың еңбек жолы, тағдыры туралы тың деректерге қанықтырады.

30 шілде. №149 (10.821).

Облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары Жұмабек Сапарәлиевтың «Алпыс жылдың асулары» атты газеттің бір бетін тұтас алған мақаласында аймақтың экономикасы мен мәдениетінің өркендеу, көркею тарихы жақсы жазылған. Кейін облыстың ауыл шаруашылығы мен қаржы салаларын басқарып, ұзақ жыл облыс әкімінің орынбасары болған Жұмекең не жазса да саз жазатын қарымды қалам иесі де болатын.

29 қыркүйек. №191 (10.863).

Ғалым, тарих ғылымының докторы Серікхан Байтіленовтың «Дауылды күндерде» очеркі «Әкеммен әңгіме» деген қосымша тақырыппен жарық көрді. Онда Ғани Мұратбаевпен жүздескен Абдолла Байтіленовтың жас ұрпаққа өнеге болар тағдыры айтылады.

24 желтоқсан. №254 (10.926).

КСРО Журналистер одағы облыстық бөлімшесі мен облыстық ішкі істер басқармасы бірлесіп жариялаған ең үздік әңгіме, очерк, публицистік мақалаға бәйге қорытындысы жарияланды. Бірінші сыйлық «Еңбек туының» меншікті тілшісі Базар Қилыбаевқа берілді. Журналистер Кәдірхан Баққараев пен Әбдіғапар Айтақов екінші сыйлық алды. Радиохабарлар бойынша сыйлықтарға В.Людосанова, Ш.Саменов және Қ.Байтуовтар ие болды.

Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support