Экономика

АСАРЛАТЫП БАЛАБАҚША САЛУДА

АСАРЛАТЫП БАЛАБАҚША САЛУДА

Бұрын қазақтарда үлкен бір істі қолға алып, тез бітіру қажет болғанда «асар» жасайтын тамаша еңбек дәстүрі болған. Осынау игі іс бүгінде өз жалғасын тауып келеді. Ұлттығымызды айқындайтын, ежелден келе жатқан асар үрдісі - Ынтымақтағы халықтың ынтымағы негізінде қайта жаңғырған сыңайлы. Нақтырақ айтқанда, мәдімарлық тұрғындар асарлатып ауылда балабақша салу ісіне кірісіп кетті.

Мұндағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп жанындағы шағын орталық «Балдәурен» балабақшасына айналдырылу үстінде. Айта кетерлігі, әбден тозығы жеткен нысанның құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары өз еріктерімен қолғабыс жасап, 50 балаға арналған балабақшаның шатыры мен терезелерін ауыстыру жұмыстарын түгелімен өз мойындарына да алды. Бұдан бөлек, тұрғындардың көмегімен балабақша жанынан қосымша екі бөлме соғылып, мекеме іші толығымен қайта әрленуде. – Ауданда шағын орталықтар орнына балабақшалар ірге көтеруде. Бізде жаңа балабақша бұрынғы «Балбөбек» шағын орталығы негізінде ашылмақ. Ғимараты жөндеуді қажет ететіндіктен, ауылдықтардың өздері бастама көтеріп, бүгінгі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қауырт басталып та кетті. Нысанның шатырынан бастап еденіне дейінгі жұмыстардың барлығына араласып жатқан ауылдықтарға, соның ішінде, А.Бұралхиев, С.Жанқұлиев, Қ.Қасымов, Ж.Ержанов, Н.Иманбекова, Г.Құрымбаева, А.Төлепбергеноваларға, жалпы мектеп, балабақша қызметкерлеріне, Ынтымақ ауылдық округінің әкімшілігіне де айтар алғысымыз зор. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын барлығы 20 адам жүргізуде. Аудан әкімдігінің білім бөлімі тарапынан жеткізілген құрылыс материалдары ісіміздің ілгері жылжуына көп септігін тигізуде, – дейді балабақша меңгерушісі Айман Құрманова. Берекелі тірліктің жемісін балалар көріп жатса, одан асқан қуаныш бар ма?!

Айдана Шотбасова, журналист.

Байзақ ауданы.