- Advertisement -

Дін өкілдері неге қудаланды?

196

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы былай дейді: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше көбірек болар еді…».

Өткен жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөнінде» облыстық комиссия құрылған болатын. Аталмыш комиссияның құрамындағы «Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс» тобы (топ жетекшісі «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков) екі жылдың ішінде бірқатар жұмыстар атқарып отыр. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табады. Топтың басты басымдығы – өңірдегі мешіттер мен шіркеулердің қаншасы жойылғаны, тәркіленгені, кімге берілгенін анықтау. Сондай-ақ қанша дін қызметкері (олардың отбасы мүшелері) түрлі қуғын-сүргінге ұшырады? Егер мұрағатта құжаттар жоқ болса, оның себебін көрсету, көзі тірі көнекөздерден деректер жинау еді.

ЖАМБЫЛДА 18 МЕШІТ БҰЗЫЛҒАН

Жоғарыда сөз еткендей жұмыс тобы алдымен облыстық мұрағаттан деректер жинауды бастады. Айта кетерлігі, жаңадан құрылған Кеңес Үкіметі 1920 жылдың екінші жартысында барлық діни мекемеге қарсы жұмыстар жүргізілді. Алдымен мына дерекке жүгінсек, 1930- 1939 жылдар аралығындағы Жамбыл қаласындағы мешіттер мен шіркеулердің тізімдері (Ф.50 оп. 1. Д 493. Св. 29) берілген. Онда Жамбыл қаласындағы мешіттердің саны – 33 болса, оның 18-і сүріліп, 15-і басқа мақсаттарға пайдаланылған. Талдап айтар болсақ, Колхозная көшесінде орналасқан 3 мешіт, Биликульская көшесіндегі 3 мешіт те сүрілген. Көше атауы белгісіз бір көшедегі мешіт Төрткөл колхозының қоймасына берілген екен. Учбулакская көшесіндегі 1, Сталинская көшесіндегі 1 мешіт те сүрілген. Станция Ташкентская көшесіндегі 3 мешіттің біреуі Сахзавод қоймасына, біреуі мектепке берілсе, біреуі сүрілген. Ал Союз-Кощи көшесіндегі 4 мешіттің екеуі сүрілген, біреуі музейге, ал біреуі Гуталсоветтің қоймасына айналған. Атабек көшесіндегі – 1, Иски-Кончилик көшесіндегі 1 мешіт сүрілген. Наманганская көшесіндегі 5 мешіттің үшеуі сүрілген, екеуі Комбайнерлер мектебінің жатақханасына берілген. Промышленная көшесіндегі 2 мешіттің біреуі Табактоган қоймасына, тағы біреуі Киртранс қоймасына айналған. Н/Михайловская көшесіндегі 1 мешіт Сахзавод қоймасына айналған. Ст/Михайловск көшесіндегі 1 мешіт балаларға берілген. Кученяевская көшесіндегі 4 мешіттің екеуі сүрілген, біреуі Комсомол МТС-іне берілген, біреуінде №18 улькомның қызыл бұрышы орналасқан. Карабакирская көшесіндегі 2 мешіттің біреуі сүрілген, біреуі жилуправлениенің пайдаланылуына берілген.

Аталған мешіттердегі дін өкілдерінің қудалауға түскендігі жөнінде ақпар жоқ. Өйткені қожа-молдалар қудалауға түскен соң ел кезіп кеткен секілді. Мұрағаттағы кей құжаттарда жергілікті милициялардың «кезбе молдалар» тексеріп тұрғандығын білуге болады. Яғни, діни рәсімдер жүргізген қожа-молдалардың алым-салымдары, тапқан пайдасы, нәпақасы назарда ұсталған. Мысалы, 1938 жылдың 24 қаңтарында қалалық кеңестің төрағасы (горсовет) Бученка (хатшысы Бибинұр Садықова) атына шағым түседі. Шағымда №12 улкомда Атаулиев, Ходжаев, Махмуд Ходжа антисоветтік үгіт жүргізгені баяндалады. «Кеңес Үкіметіне қарсы. Мешітте, өзбек тойында әйелдердің паранжаларын ашып жүруіне қарсы. Ликбезде сауатын ашушыларға да қарсы үгіт айтқан…». Ал 1928 жылдың 2 ақпанындағы бір құжатқа үңілсек, діни рәсімдер өткізу үшін мешіт және шіркеу өкілдері Әулие-Ата қалалық уездік милиция бастығына әр аптаның сенбі, жексенбі күндері рұқсат сұрап, өтініш жазғанын білеміз.

Ал 1928 жылы Жамбыл облысындағы мешіттер саны 38 болған. Яғни, Жамбыл қаласында – 35, Талас ауданында – 3 мешіт. Енді осы мешіттердің Үкіметтің қарауында – 18, колхоз қолында – 12, совхоз қолында – 2, діндәрлар қолында 6, қоймаға берілгені – 2, шеберхана (мастерской) – 1, поштаға берілгені – 1, мектепке берілгені – 1, комендант – 1, ауруханаға берілгені – 1, балабақшаға берілгені – 1. Жоғарыда сөз еткен 38 мешіттің тек бесеуінде ғана зиярат етуге рұқсат берілген. Бұл қор 1962 жылы қайта түгелденген екен.

4 ШІРКЕУДІҢ БІРЕУІ БҰЗЫЛҒАН

Өткен ғасырдың басында Әулиеата уезінде төрт шіркеу жұмыс (Ф.399 оп. 4. Д 428. Св. 68) істеп тұрған. Бірақ Кеңес Үкіметі орнаған соң Коммунистическая көшесіндегі үш шіркеудің біреуі толық жабылса, енді біреуі техникум асханасына, біреуі өрт сөндірушілер мекемесіне берілген. Ал Промышленный көшесіндегі 1 шіркеу сүрілген.

Бір қызығы, ат а лған шіркеу құрылт айшылары, онда келетін азаматтардың тізімі толықтай қатталып, жазылып отырған. Мысалы, 1923-1926 жылдар аралығында (Ф.7 оп. 1. Д 3. Св. 1) Провослав-хрестиян діни қоғамы өкілдерінің жарғысы, хаттамалары, діни қызметкерлері мен құрылтайшыларының тізімі берілген. Сондай-ақ 1924- 1931 жылдар аралығында (Ф.Р-7 оп. 1. Д 4. Св. ) Әулиеата қаласындағы Баптистер тобының діни бірлестігінің қызметкерлерінің, құрылтайшыларының тізімі берілген. Мұндай дүние көптеп саналады. Тек Әулиеата қаласы ғана емес, қала маңындағы Байзақ, Жуалы аудандарындағы шіркеулердің де құжаттары рәсімделіп отырған. Сондай құжаттың бірінде Ровный селосындағы «Успенский молитвенный дом» құрылысы 1921 жылы басталғандығы жазылады.

1929 жылдың 5 сәуірінде Сырдария округі, Әулиеата уезі Головачевка ауыл комитетінің отырысында фельдшерлік пункт ашу жөнінде фельдшер Поликарпованың хабарламасы тыңдалады (Ф.50. оп 1. Д 28. Св 476). «Мемлекетте қаржы жоқ. Тұрғындар үйлерін жалға беруге ақша сұрайды. Айына 42-120 сом (рубль) көлемінде. Егер шіркеуде фельдшерлік пункт ашылатын болса мұсылмандар емделмейді. Керек емес. Діни-мәдени дәстүрге қайшы. ЗАГС жауап беруге мүмкіндік жоқ..».

Әулиеата қалалық кеңесінің төрағасы Бученко, хатшысы Сидоровтың 1938 жылдың 16 қаңтарында №3 хаттама негізінде Шымкент қалалық атқару комитетіне берген ақпаратында қалада жұмыс істеп тұрған мешіт пен шіркеудің жоқ екендігін хабарлайды. Ақпаратта орыс зиратындағы шіркеу 5 қаңтар күні техникалық комиссияның актісі негізінде жабылғандығы баяндалады.

Рас, қалалық кеңе ске шіркеу қызметкерлерінің үстінен де шағымдар түсіп тұрған. 1938 жылдың 18 наурызында түскен шағымда шіркеу қызметкерінің ішімдікке жақын екендігі және өзін-өзі сайлап алғандығы айтылса, 13 сәуір күні Коммунистическая №36 мекенжайындағы шіркеудегі заттарды священник Пицулин ұрлағандығы туралы баяндалады…

ТАЛАСТА ТЫҢ ДЕРЕК КӨП

Топ өкілдері аудандарға жасаған экспедиция барысында өздеріне жүктелген міндеттемелерден бөлек Саяси қуғын-сүргін құрбандары және ашаршылық жылдары құрбан болған азаматтардың жерленген жерлерін анықтау бойынша да саралау жұмыстарын жүргізді.

Талас ауданына сапар барысында аудан орталығы Қаратау қаласының тұрғыны, жергілікті өлкетанушы Сәулембай Әбсадықовтан көп мәліметтер алдық. Өлкетанушының айтуынша, Талас ауданында ашаршылық құрбандары жерленген бірнеше қорым бар. Олар — Тамды әулие бастауы, «Қараой», «Қызылжалау» қорымдары, «Осидайн», Үшарал ауылының орталығындағы қорым, Талас көпір маңындағы Шайтанкөл аумағы, Ақкөл ауылдық округі Ақкөл ауылынан солтүстік-батысқа қарай бес шақырым жердегі бұрынғы Сталин колхозының орны, оңтүстік-шығыс аумағында жатқан Домалақ көл, Шатура алқабы, Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының маңындағы «Жанқозы қорымы», «Қарақожа» мешітінің маңы. Ойық ауылындағы «Ноғай ишан» мешітінің маңы.

Экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен әңгімелесу барысында бірқатар мәліметтерге қанық болды. Кешегі көзкөргендердің, аймақтың арғы-бегі тарихын білетін азаматтардан естіген әңгімелері бүгінгі тақырыпқа да тұздық болары анық.

Манап Тойшыбекұлы, «Тамды әулие» қоғамдық қорының төрағасы, шырақшы:

Қаратау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Қорымның басында отырғаныма 25 жыл болды. Мұндағы «Тамды әулие» басын қоршап, зиярат етіп келушілерге қызмет көрсетіп отырмын. Бұл бастау – Қаратау қаласының оңтүстік батысында бір ауыл күрді отырған ауылдың маңы. Сондықтан алғаш қорымды қоршауда көптеген қиындықтарға кездестім. Қорым қоршалмай тұрғанда бұл маңда кемі қырық шақты қараусыз қорым болатын. Яғни, ашаршылық кезінде тұрмыстық жағдайдың ауырлығына байланысты беті толық көмілмеген қорымдар бар еді. Оның үстіне әулие бұлақты зиярат етіп келушілерге ыңғайсыз жағдай тудырмас үшін, қорым маңын өз қаржымызға қоршауға тура келді. Қаратау сілемдеріне ене жатқан жердің географиялық жағдайы да тастақ келеді. Ондай жерге жерленген сүйектің беті ашылып қалатыны тағы анық. Мүмкін мұнда жерленгендердің көпшілігі әулиебастау басына талғажау етіп келуі де әбден мүмкін ғой. Бүгінгі күні қорым маңы толық қоршалғанын көріп отырсыздар. Ал болашақта мұнда арнайы белгі қойса дұрыс болар еді.

Дүйсенбай Жұмабеков, Есейхан ауылдық округі, Қараой елді мекені:

-Қараой ауылынан оңтүстік- батысқа қарай 4-5 шақырым жердегі «Қызылжалау» қорымы орналасқан. Бұл маңда менің шаруашылығым бар. Қорым осыдан төрт-бес жыл бұрын қоршалған. Дегенмен қоршаудың сырты, оңтүстігіндегі қорымдар қоршалмады. Ал мұнда өткен ғасырдың басында беті ашық мүрделердің болғанын көзкөргендер айтып отыратын. Ашаршылық кезінде мұнда елдің үдере келуінің басты себебі — талғажау іздеп, осындағы байларды жағалаған секілді. Кезінде үлкендер мұнда кемі елу шақты қорым болғанын айтатын.

Пернебай Бекмұратов, ауыл мектебінің мұғалімі:

— Осыдан бес жыл бұрын ауылдан екі шақырым оңтүстік-шығыс бетінде мал жайып жүріп, биіктеу үстірттен жалпақ тастардың үйіндісінің үстінен түстім. Мынау бір табылмас құрылыс материалы екен деген оймен тас алмақшы болдым. Бірақ, өкінішке орай бұл беті үстірт жабылған мүрделер болып шықты. Байқауымша, бір отбасының мүрделері. Отағасы, әйелі және бала-шағалары жерленген. Содан, тимей құран бағыштап кеттім. Ал бұдан он шақты жыл бұрын мұнда адамның бас сүйегін тауып алған едім. Оны уақытында ғалымдар зерттейміз деп алып кетті.

Бекбосын Әбдімәліков, Үшарал ауылының тұрғыны, жасы 84-те.

-Үшарал ауылының орталығындағы қорымда сол ашаршылық жылдары қайтыс болған азаматтардың денелері жатыр. Әйтеуір қарасы көп болғаны мәлім. Сондықтан жас ұрпақ біліп, ескеріп жүрсін деген ниетпен бір белгі қою керек қой.

Жәнібек Жанқара, Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының тұрғыны, мектеп мұғалімі:

-Өздеріңіз байқағандай, «Жанқозы қорымының» ортасында ескі қорымдар көп. Орналасу реті мен жерлену рәсіміне қарай ашаршылық құрбандары екені анық. Оның үстіне бір ғасырлық тарихы бар «Қарақожа» мешіті ашаршылық жылдары қойма болғаны белгілі. Яғни, осы аумаққа жақын елді мекендердегі ағайынның ағылып келіп, күн көріс қамымен төңіректеген. Бұл зерттеуді, зерделеуді керек етеді. Мешіт маңындағы қорымда да қаншама ашаршылық құрбандары жатыр. Ал Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы осында жерленген. Ол саяси-қуғын сүргін құрбаны. Меркі көтерілісіне қатысушы. Жарақат алып нағашыларын жағалай келіп, осында қайтыс болған. Оның басында белгі бар, бірақ барар жол жоқ. Ортақ белгі болса деймін.

СЫЗДЫҚ ҚОЖА МЕШІТІНЕ — 100 ЖЫЛ

Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында жергілікті өлкетанушы, т арихшы, жазушы Пернебай Дүйсенбинмен сұхбаттасу барысында да көптеген деректерге қанықтық. Пернебай Дүйсенбин ауданның ғана емес, Жамбыл облысының өткенін зерделеп, зерттеп жүрген өлкетанушы. Сондықтан ол кісінің қолында толымды деректер мол болып шықты. Атап айтқанда, Сарысу ауданы бойынша 1928-1938, 1950-1953 жылдар аралығында алуан сипаттағы қуғын-сүргін құрбандары ретінде анықталған 170 азаматтың тізімі бар екен. Ал аудандағы саяси-қуғын сүргін құрбандары кешеніндегі тақтаға 208 азаматтың тізімі жазылған. Сондай-ақ өлкетанушы жоғарыдағы тізімдегі 170 азаматтан тыс 38 адамның тізімі «Жазықсыз жазаланған» жинағында қамтылып, есімдері «Мерзімді жылға сотталғандар» мен «Ату жазасына кесілгендер» тізіміне енгізілгенін атап өтті.

Өлкетанушының қолында аудан тарихын зерттеген Төкен Мақашев, Дулат Шалқарбаев, Төлепберген Маманов, Бейбіт Қойшыбай, Әлсейіт Әлменов, Ерубай Жылқыбаев, Кемал Жұманбаев, Бергентай Нұрмаханұлы материалдары бар екен.

Әбдіжапар Сансызбай, Досбол ауылының тұрғыны, жасы 73-те.

-Біздің бала кезімізде үлкендерден ауылдан шығысқа қарай үш шақырым жерде Қарамеңді, Әулиеқұм деген жерде ашаршылық жылдары қайтыс болғандардың жерленген қорымы жайында естігенбіз. Тіпті алпысыншы жылдары өзіміз де көрдік. Бұдан бөлек, Арал, Сыздық қожа мешіті аумағында да осындай қорымдар болған. Бұл деректер зерттеуші, ғалым Калаур жазбаларында да кездеседі.

Шәрден Жақсылық, Тоғызкент ауылының тұрғыны, жасы 75-те.

Белгілі ғалым, осы ауылдың тумасы Сағат Мырзашев осы жайды зерттеп, зерделеп жүргені бар. Иә, ауылдан батысқа қарай 15 шақырым жерде Жаманқұм деген жер бар. Сонда ашаршылық құрбандарының жерленгені анық. Тіпті уақытында Сәкен Сейфуллин осы аймаққа келген кезде Балабек, Қарабек деген кісілер сол кісімен уақытын бірге өткізген екен. Ошақтының ішінде Аталық, Қоңыр атасының балалары жайлаған бұл аймақты. Ал тарих Сәкенге қатысты болғандықтан оның бәрі жазылған.

Экспедиция о сы с апарында Талас ауданы Қараой елді мекенінен 4-5 шақырым қашықтықта шаруа қожалығының аумағынан 100 жылдық тарихы бар уақытында Әбдрайым Байболұлы (1873-1919) соққызған мешіт орнын тапты. Сарысу ауданындағы Досбол ауылы маңындағы Меңдіқара аумағынан 110 жылдық т арихы бар Сыздық қожа мешітін тапты. Соңғысының қабырғалары сақталған. Жергілікті тұрғындар оның айналасын қоршап, бүгінгі күнге дейін құламай жетуіне мұрындық болып отыр.

ЖҰМЫС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Биыл топ мүшелері басқа да аудандарға экспедицияға шығуды жоспарлап отыр. Аудандар толық қамтылған соң, Тараз қаласы бойынша да ескі құжаттар түгенделіп, көнекөздердің есінде қалған естеліктер қағаз бетіне түсіріледі.

Жамбыл облысы өзінің тарихын 1939 жылдан бастайды. Сондықтан осы кезеңге дейінгі тарихи деректерді жинақтау үшін алдағы уақытта Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларына іссапарлар жоспарланып отыр. «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің 1929 жылғы №171 санында «Тарихи күн» деген мақала жарияланады. Онда ірі байларды кәмпескелеп, жер аудару жөніндегі қаулының екіжылдығына орай атқарылған жұмыстар баяндалады. Сондай-ақ о сы басылымдағы «Кәмпеске науқанының хабарларында» №224 (28.09.1928), «Діннің шірік шырмауынан» №271 (25.12.1929), «Дінді жоямыз» №24 (30.01.1930), «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Халық жауларының бір ұясы – дін» №183 (11.08.1937), «Дінге қарсы пропаганданы күшейтейік» №76 (3.04.1939) мақалаларында көтерілген мәселелердің Жамбыл өңіріне қатысты деректерін түгендеу де күн тәртібінде тұр.

Ерман ӘБДИЕВ, журналист, топ мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support