- Advertisement -

Бізге жаңа тұрпаттағы құрылым қажет

62

- Advertisement -

Қазақстан атты ұлы елде көптеген этникалық топтарды біріктіріп, тату-тәтті өмір сүру мәселесі лайықты шешімін тауып келе жатыр десек еш қателеспейміз. Осы орайда болашақта, Қазақстандағы қазақ ұлтынан басқа ұлттардың бауырласып өмір сүру мәселесіндегі негізгі бағыттарды анықтай отырып, олардың-ұлттық мемлекетті ұлықтау, мемлекеттік тілді құрметтеу және ұлттық рухты қастерлеу бағытында өрбитіндігін айта аламыз. Әрине, бұл процестердің күштеу арқылы жүрмейтіндігі белгілі. Еліміздегі қоғамдық-саяси үрдістер осыны көрсетеді. Дегенмен бір анығы азаматтық ассимиляцияның болмай қоймайтындығы. Себебі, еліміздің Заңы бойынша қос азаматтық алуға рұқсат берілмейді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының әрбір азаматының оның ұлтына, нәсіліне және басқа да сипаттамаларына қарамай жоғарыда айтылған қағидаларға қалтқысыз берілгендігі Қазақстан халқының бірлігін дамытатын бірден-бір жол болмақ.

Әйтсе де, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңіндегі дамуы барысында ұлтаралық қарым-қатынастар біркелкі болған жоқ. Тәуелсіздігімізді қолдамай, оған қарсы тұрған Жоғарғы Кеңестің депутаттарын да білеміз. Казактардың қылышын жалаңдатып сес көрсеткені де белгілі. Осы орайда, 1995-ші жылдың 1-ші наурызында құрылған Қазақстан халықтарының Ассамблеясы, өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан еңсесін көтере бастаған Қазақ Елінің бірлігін нығайтуға үлес қоса алды деп айтуға болады.

Жалпы, Қазақстан Республикасы полиэтникалық мемлекет болып табылады. «Әлем елдері» анықтамалық басылымында полиэтникалық мемлекеттің халықаралық стандарты берілген. Ол бойынша басқа этностар мемлекет халқының 1%-нан артық болуы керек.

Қазақстан Республикасында мұндай көрсеткіштер қазақтардан басқа 6 этносқа қатысты. Олар 2021-ші жылғы санаққа дейінгі мәліметтер бойынша: орыстар –26,15%, украиндар – 2,95%, өзбектер – 2,82%, ұйғырлар – 1,51%, татарлар – 1,51%, немістер –1,46%. Осындай полиэтникалық ұлттарды біріктіріп отырған Қазақстанда аталған этникалық топтардың басын бір арнаға тоғыстыру мақсатындағы қоғамдық келісім институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызмет жасайды. Дегенмен ұйым жұмысына бағамдап шолу жасар болсақ, тілі де, тілегі де бір деуге толық келмейтін секілді. Себебі, әлі күнге дейін Ассамблеяның кез келген деңгейдегі жиылыстары басым жағдайда орыс тілінде өтеді. Ал ұлтаралық дүрдараздық орын ала қалған жағдайда Ассамблея мүшелерінің көбінесе постфактум қимылдап жататыны да жасырын емес. Осы және басқа да түйткілдер тұрғысында тұрлаулы жұмыс атқарғанда ғана Ассамблеяның абыройы арта түсері анық. Мемлекеттік тілді меңгеретін кез әбден жетті деп ойлаймын. Қинау, басымдық жоқ, бірақ достық тілек, ұсыныс-ниет бар. Кері жағдайда мұндай құрылымның қажеттілігінің талқыға түсері де даусыз.

Өмір болған соң түрлі даулы мәселелер кездесіп тұрады. Ең бастысы – арандатушы әрекеттер байқалатын болса, соның жетегіне ермей әрбір қазақстандық бірегейлік пен бірлік құндылықтарын сақтай отырып, барынша өзі тұрып жатқан Отанының тілін, мәдениетін білуге тырысса нұр үстіне нұр болар еді. Ендеше, Жаңа Қазақстанға апарар Жаңа референдумда барлығымыз бір адамдай дауыс берейік!

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының жетекшісі, облыстық ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support