Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты

35

Бас прокуратура Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялаудан бас тартқанын айтты.

«2020 жылдың 19 қазанында Бас прокуратураға сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың Қазақстанға ауысуы туралы жазбаша өтініш келіп түсті. Сол күні қытай тарапына тиісті сұраныс жіберілді. ҚХР Әділет министрлігінің 03.03.2021 жылғы жауабына сәйкес Ақжарқын Тұрлыбайды жазасын одан әрі өтеу үшін Қазақстан Республикасына беруден өмір бойына сотталғандығына байланысты бас тартылды», — деді бас прокурорлар халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Ғалымжан Қойгелдиев.

Сондай-ақ, прокурор қазақстандық тарап Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстыруға үмітін үзбейтінін, егер Қытай соты сотталушының жазасын қысқартып, жазаны өтеудің нақты уақытын тағайындаса, бәрі мүмкін екенін айтты.

«ҚХР-дағы ҚР Елшілігі қолданыстағы заңға сәйкес А.Тұрлыбайдың жаза мерзімін қысқарту үкім заңды күшіне енген сәттен 2-3 жыл өткеннен кейін мүмкін болатынын айтты. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, А.Тұрлыбайға қатысты жаза жеңілдесе не жазаның нақты мерзімі айтылса Бас прокуратура оны Қазақстанға ауыстыру туралы қайтадан сұрау салуға бастамашылық жасайды», — деді Қойгелдиев.

Бас прокуратура Қазақстан Республикасының сотталған азаматтарын елге қайтару 2015 жылдың 30 қыркүйегінде Бейжіңде қол қойылған екіжақты келісіммен реттеледі. Мұндай келісім барлық елде жоқ.

Еске сала кетейік, қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанжоу әуежайында ұсталған еді. Кейін оны өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Біраз уақыттан кейін сот үкімі жойылып, іс қайта қарауға жолданған.

Бойжеткен есірткі туралы білмегенін алға тартады. Нигериялық есірткі тасымалының ұйымдастырушысы әлі ұсталған жоқ.

2015 жылы маусымда Ақжарқын Тұрлыбай өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.

Comments are closed.