Бүгін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

22
Қазақстанда жүз мыңнан астам адам әділетсіз сотталып, 25 мың адам өлім жазасына кесілді

 

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы жарлығымен бекітілген.

Қазақ халқы елдің генофондына орасан зор зиян келтірген аштықты бастан кешірді. Тарихтың қаралы беттерінің бірі — саяси қуғын-сүргін. Оған Кеңес Одағына мүше болған елдердің азаматтары ұшырады. 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мыңына қатаң жаза жарияланды.

Осы жылдары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов және басқа да көптеген көрнекті қайраткер ату жазасына кесілді.

Түрлі ұлт өкілдер қудаланды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Әр жылдары елге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және басқалар жеткізілді.

Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді: Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кингир және Өскемен лагері.

Сондай-ақ НКВД бұйрығымен репрессияға ұшырағандардың отбасы мүшелері де сотталды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері, апалы-сіңлілері және аналарының арнайы лагерлері құрылды.

Көп жылдар өткен соң Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен КАРЛАГ пен АЛЖИР тоталитаризмнің адамгершілікке жатпайтын сипатын айғақтайтын тарихи мемориалдық кешендерге айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды.

2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді.

 

 

Comments are closed.