- Advertisement -

Өскелең ұрпақ – өміршең ұлттың тірегі

36

- Advertisement -

Балауса балалық шақ – даму мен кемелдену кезеңі. Исі қазаққа тән игіліктердің ертеңгі иесі бүгінгі бәсекелестікте булығып өсіп келе жатқан өрімтал ұрпақ екенін ескерсек, оларға артылар жауапкершіліктің жүгін де саралап, салмақтау қиын емес. Осалдықты кешірмейтін осы жолда оғлан ұрпаққа нағыз патриоттықты ілім іздер ілкімді іспен дәлелдеу мүмкіндігі туып отыр. Себебі Мемлекет басшысы биылғы барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады. Белгіленген межелі жылдың бел ортасына да жақындап қалдық. Не атқарылды? Нендей нәтиже күтілуде?

Жастықтың оты, қайдасың,

Жүректі түртіп қозғамай?

Ғылымның біліп пайдасын,

Дүниенің көркін болжамай? деп хакім Абай жырлаған адамзат өмірінің бастау бұлағы
болашақтың ең құнды валютасы.

Балаларға деген қамқорлық биылғы бір жылдың ғана еншісінде емес. Себебі қазақ – қазақ болғалы бері ұрпақ тәрбиесі күн тәртібінен түскен жоқ. Қай заманда да дана халқымыз келешегінің қамын қара бастың қамынан биік қойғаны белгілі. Еліміздің бүгінгі күнге дейінгі баянды болашақ үшін атқарылып жатқан әрбір игі жоспары, жұмысы, жетістігі, бағындырған белесі, алған асулары, бәрі-бәрі айналып келгенде өскелең ұрпақтың игілігіне жасалуда. Десек те Мемлекет басшысы биылғы жылды айрықша атап өтуді тапсырды. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Балалар мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі…  Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп баса айтты.

Бұл албырт жүрек, асау армандар мен қайратты мінез, жалынды жігерді жанитын сәт. Келешектің іргетасын өз қолымызбен берік әрі биік қалайтын кезең. Ал бүгінгі әрбір бүлдіршін шыдамдылыққа шыңдалатын білім әскерінің сарбазы, арман-мақсаттардың артиллериясы, жоба-жоспарлардың жауынгері, игі идеялар мен ізгі істердің, өмір энергиясының қайнар бұлағы. Ілияс Жансүгіровше айтсақ, «Жас мұраты, білім, тәлім – талабы… Өнер, оқу – жастықтың қару жарағы».

Ел болашағының білімі жоғары, білері мол болу үшін мемлекетімізде қолға алынған бағдарламалар да аз емес. Жыл өткен сайын мектеп, балабақшадан бастап, әрбір білім ошақтары жаңа технологиямен жабдықталып, зертханалар, лингафон кабинеттері, шетелдіктермен, үлкенді-кішілі компаниялармен бірлескен оқу орталықтары, тәжірибе алаңдары ашылып, білікті оқытушылар құрамымен жасақталып, оқу орындарында бүгінгі бағдарламаны барынша жан-жақты игеріп, жоғары білім алу үшін бар жағдай жасалып жатыр.

«Жасында тырысқан – қартайғанда қуанады» деп осыдан мың жыл бұрын ғибратты ғұмыр кешкен Махмұд Қашқари бабамыз айтқандай, балалық шақтың алтын уақытын босқа шашып-төкпей, жиған-терген білім мен тәжірибе ертең тіршілік тізгінін қолға алғанда мәңгілік жаназық болары ақиқат.

Расында да балауса ғұмыр алтын уақытқа бай өрімтал ұрпақтың өзекті сәті. Бойға ананың ақ сүтімен, әкенің тәрбие тағылымымен дарыған дарынды, қайрат-жігерді, меруерт мінезді рухани құндылықтармен толықтырып, дамылсыз дамытатын сыйқырлы сәтте барлығы өзіңе ғана байланысты. Әрбір қаракөз өзінің ғана емес, ата-анасының үмітін, Отанның, мәңгілік елінің сенімін абыроймен ақтауға жауапты. Олар болашақтың құрылысшылары, дәулетті келешектің сәулетшілері.

Олардың ішінде қаншама болашақ ғалымдар мен атқа мінер азаматтар, ақындар мен жазушылар, соттар мен ұстаздар, спортшылар мен қайраткерлер өсіп келе жатыр десеңізші. Ең бастысы мемлекет сенім, ел үміт артып отырған өскелең ұрпаққа қажетті қамқорлық пен қолдау дер кезінде көрсетілсе болғаны. Бұл тұста да өңірімізде мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге иппотерапиялық орталықтардың ашылып жатқаны көңіл қуантады. Десек те әлі күнге кіршіксіз ұрпаққа кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары өз деңгейінде толыққанды атқарылса нұр үстіне нұр болар еді. Оған қоса орта білім беретін барлық мектептерде оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етілсе. Себебі қазіргідей қымбатшылық қысқан заманда баланың керек-жарағы мен киімін қосқанда, күнделікті тамағының өзі қалтаға салмақ салары анық. Оны халқымыз әу бастан-ақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деп айтып кеткен болатын. Сондай-ақ, тегін үйірмелер, тағылымы мол, креативті іс-шаралар көбейсе, қазіргідей жазғы уақытта компьютерлік клубтардан шықпайтын, атыс-шабыс ойындардағы кибер әлемнің киллерлері тәрбиелеп жүрген бүлдіршіндердің де қарасы азаяр ма еді. Оқу үлгерімі жақсы немесе пән олимпиадаларында, өнер байқауларында жетістіктері мол бүлдіршіндерге жазғы уақытта балаларды сауықтыру орындарында, кинотеатрларда, аттракциондарға кіруде жеңілдіктер жасалса, одан ұтылмас едік. Қайта бала кезден білімге құштарлық артып, бәсеке қалыптасар еді. Көп жағдайда жоспарланған шаралардан ауыл балалары шеттетіліп қалатыны да жасырын емес. Сондықтан ауыл баласы мен қала баласының арасын алшақтатпайтын, керісінше біте-қайнаса байланыстыратын ортақ игі жобалар жүзеге асса, туған жердің тарихын танытатын шаралар молынан болса, келешегіміз үшін игі іс болары айтпасақ та түсінікті. Сол секілді, айтылар ұсыныс аз емес.

Ал өскелең ұрпақ үшін қай заманда да өз құндылығын жоғалтпайтын Абайдың тұжырымынан тұғырлы бағдаршам жоқ. Яғни: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support