- Advertisement -

Саяси реформалар билікті халыққа жақындатуды көздейді

42

- Advertisement -

Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» ҚДП-ның депутаттық фракциясының мүшесі, партия төрағасы Азат Перуашев облысымызға жұмыс сапарымен келді. Мәжіліс депутаты алдымен бүкіл посткеңестік республикаларға танымал болған «Меркі шипажайында» аудан тұрғындарымен және шипажай қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында Азат Тұрлыбекұлы елдегі жүргізіліп жатқан саяси реформалардың қандай өзгерістер әкелетініне тоқталып, 5 маусым күні өтетін референдумның
ел үшін қандай саяси мәні бар екенін түсіндірді. Меркіліктермен тілдесіп, конституциялық реформа туралы көзқарасын айтты. Референдумның маңыздылығы неде, қандай өзгерістер әкелетінін атап өтті.

Меркі тұрғындары тау бөктеріндегі «Меркі шипажайымен» мақтанады. Шипажайдағы жүргізілетін ем-шараларының ерекшелігі – теңдесі жоқ радон суына байланысты. 70 жылға жуық тарихында сауықтыру орталығы жылына еліміздің әр өңірінен келген демалушыларды қарсы алып, шипалы емі мен сапалы қызметтерін көрсетеді. Соның арқасында Меркінің аты тек Қазақстанның түрлі аймақтарына ғана емес, алыс та, жақын шет мемлекеттерге де тараған.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің Меркі тұрғындарымен өткізген кездесуіне партияның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы М.Ша лқарбеков, партия төрағасының оңтүстік аймақтағы кеңесшісі А.Қошмамбетов және «Ақ жол» ҚДП-ның атынан облыстық мәслихатқа сайланған депутаттар Ш.Абдрахманов пен Б.Тлебаев, партияның Меркі ауданындағы үйлестірушісі Серік Мәкежанов қатысты.

Азат Перуашевтің облысымызға жұмыс сапары Жамбыл ауданында жалғасты. Халық қалаулысы Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» ЖШС фармацевтикалық зауытының жұмысшыларымен кездесу өткізіп, референдумда Конституцияға енгізу үшін ұсынылған өзгерістерді түсіндірді.

– Елдегі саяси жүйеге өзгеріс қажет екенін кешегі Қаңтар оқиғасы көрсетіп берді. Жергілікті атқарушы органдардың туғызған бюрократизм, тұрғындардың әділдікке қол жеткізе алмауы – қоғамдағы көптеген мәселелерді шиеленістіре түскен еді. Мен бұған дейін де елді тоқырауға әкеліп соғатын үш түйткілді атап айтып жүрдім. Оның біріншісі – әділетсіздік, жемқорлық, екіншісі – әлеуметтік теңсіздік, үшіншісі – монополиялық жүйе. Міне, осы үш проблема барлық саланың дамуына кері әсерін тигізіп, кері тартып келді. Осының бәріне тоқтау салатын кез келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған саяси реформалар билікті халыққа жақындатуды көздейді. Халықтың ел өміріндегі саяси жүйеге араласуына жол ашуды мақсат тұтып отыр. Ең бастысы – Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістерді қабылдау құзыреті халыққа беріліп отыр, – деді Азат Тұрлыбекұлы.

Мәжіліс депутаты конституциялық реформаларға енгізуге ұсынылған өзгерістердің ішінде биліктің бұрынғы вертикалды жүйесі мен бір партияның монополиясын бұзуға бағытталғанын атап өтті. Олардың ілгерілеуі Президенттің демократияландыру ниетінің айқындылығын және оның практикалық нәтижелерге бағытталғанын көрсететініне тоқталды.

Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» ЖШС фармацевтикалық зауыты 2010 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ашылған. Қазіргі таңда мұнда 500-ге жуық адам еңбек етуде.

Зауыт жылына 15 миллион теңгенің медициналық бұйымдарын шығарады. Атап айтсақ, бинттер, бахилалар, медициналық халаттар мен маскалар. Екі жыл бұрын зауыттың екі жаңа корпусының құрылысы аяқталып, онда медициналық маскалар шығаратын тігін цехы ашылған. Кәсіпорын өз өнімдерін облысымыздан бөлек еліміздің басқа аймақтарына өткізуде.
Мәжілісмен, «Ақ жол» ҚДП-ның парламенттік фракциясының мүшесі Азат Перуашев Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің педагогтері және қызметкерлерімен кездесті.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – өңірдегі кәсіптік бағытта маман даярлап отырған ең ірі орта арнаулы оқу орны. Бірер жыл бұрын химия өндірісі саласына қажетті кадрларды даярлайтын колледж политехникалық оқу ордасына қосылған болатын. Осылайша еңбек нарығына қажетті кәсіптік білімі бар мамандармен қамтамасыз етудегі жауапкершілігі екі еселене түскен.

– Конституциялық реформа туралы аз айтылып жатқан жоқ. 33 бапқа өзгеріс енгізу ұсынылғаны баршаңызға белгілі. Бұл өзгерістер ертең қандай бетбұрыстарға бастайтынын да көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Мәселе осы қадамды жасауға түрткі болған жағдайда жатыр. Талай жыл қордаланған проблемалар бар. Кешегі Қаңтар оқиғасы – соның бір көрінісі. Президенттің елдегі саяси жүйеге өзгеріс әкелетін реформа жасау туралы шешімі осындай қажеттіліктен туындағанын айтуымыз керек. Тағы бір баса айтатыны, бұл өзгерістерді Мемлекет басшысы басқару жүйесінен бастап отыр. Референдум сол өзгерістердің басы. Ал таңдау жасау құқығы – халықта. Сондықтан біз 5 маусым күні өтетін референдумда өзіміздің азаматтық көзқарасымызды білдіріп, белсенділік танытайық, – деді Азат Перуашев.

Сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары С.Әбдісаттарова жиынға қатысушыларды 5 маусым күні референдумға қатысуға шақырды.

Жиынға «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасы М.Шалқарбеков, партия төрағасының оңтүстік аймақ бойынша кеңесшісі А.Қошмамбетов, партия атынан облыстық және қалалық мәслихатқа сайланған депутаттар Б.Тлебаев, Ш.Абдрахманов, А.Каримов қатысты.
«Референдум ел өміріне қандай өзгеріс әкеледі?», «Билік халық сенімін қалай қайтарады?», «Әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі кімді толғандырады?» деген колледж қызметкерлерінің сауалына жауап берген Мәжіліс депутаты Азат Перуашев конституциялық реформалар халықтың саяси процестерге қатысуын арттыру мақсатында жасалып отырғанын атап айтты.

«Референдум нені өзгертеді?» деген сауалға қарапайым бір мысал арқылы жауап берейін. Бір тұрғын үйдің су құбыры тесіліп, су кетіп, шеберді шақырып, кеңес сұраған екен. «Бәлкім, кранды ауыстырармыз, мүмкін тағы бір тетігін жаңарту қажет шығар» депті үй иесі. Сонда шебер: «Жоқ, суды тоқтату үшін тұтас су келіп тұрған құбыр жүйесін ауыстыру қажет» деп жауап беріпті. Референдум – елдегі саяси жүйенің жаңғыруына бастайды. Өзгеріс осыдан басталады», – деді Азат Тұрлыбекұлы.
Жиын соңында депутат өзіне өтініш-тілектерімен қайырылған оқытушыларға кеңес беріп, ұсыныстарын назарға алды.

Сондай-ақ халық қалаулылары «Тараз металлургиялық зауытының» ЖШС ұжымымен жиын өткізді.
Соңынан Мәжіліс депутаттары «Ақ жол» ҚДП-ның облыстық филиалының активі және депутаттарымен кездесіп, «Ақ жол» партиясының 20 жылдығына арналған естелік медальдарды тапсырды.

«Ақ жол» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support