- Advertisement -

Шерағаңның ескерткішін қайда орнатамыз?

69

- Advertisement -

Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде жергілікті билік зиялы қауыммен кеңесіп іс бастаса, бітірген тірліктің міні болмайды. Жаңа Қазақстан құрамыз дегендегі негізгі мақсат та халық пен билік арасындағы байланысты бекемдеп, елдің өркендеуіне үлес қосу деп білеміз. Осы мақсатпен кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов есімі облысқа мәшһүр зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, әдебиет, тарих, мәдениет саласына қатысты қордаланған мәселелердің мән-жайымен танысты.

Басқосуда Нұржан Нұржігітов 5 маусымда өтетін референдумның мақс ат-міндеті, с аяси маңызы реформалар қаралатын науқаннан қалыс қалмауға шақырды. Ізін сала халықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарына араласып, әлеуметтік, саяси маңызы бар бастамалардың басы-қасында жүрген зиялы қауымның еңбегіне тоқталды. Расында, зиялы қауым кешегі Қаңтар оқиғасында да төбе көрсетіп, көпшілікті сабырға, ақылға шақыра білді. Кейінгі «Ғибратты керуен», «Асар» сынды өзге де ауқымды жобалардың басы-қасында жүрген де сөзі өтімді аға буын. Сондықтан кездесудің де негізгі мақсаты  шынның жүзі Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы және ұлтының ұлы перзенті Асанбай Асқаровтың туған күнін атап өту сынды бірқатар мәдени іс-шаралардың жоба-жоспарын кеңесіп-пішу болған. Кездесуде Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман атаулы даталарды атап өту перзенттік парыз екенін айтып, жергілікті әкімдіктен қолдау болса халықтың біртуар азаматтарының мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастыруға болатынын жеткізді. Сонымен қатар өңірдегі ақын-жазушылардың шығармаларын кітап қылып басуға ықпал етуін сұрады. Бұл ретте, облыс әкімі зиялы қауымды әдебиет, мәдениет саласына қатысты айтулы даталар мен жаңа идеяларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Басқосуда танымал композитор Әбдімомын Желдібаев Шу ауданында заман талабына сай мәдениет үйі жоқ екенін айтып, мәдениет майталмандарының мәселесін көтерді.

– Шу ауданында заман талабына сай мәдениет үйі жоқ. Қазіргі мәдениет үйінің ғимараты Кеңес үкіметінен қалған нысан. Сонда облыстың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметовке салтанат үйін салу керек деген өтініш айтқаным бар еді. Кейін оның жобасы әзірленіп, көп ұзамай құрылысы басталды. Кейін Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Салтанат сарайы Оқушылар сарайы болды. Қазіргі мәдениет үйінде әртістердің киінетін бөлмесі де жоқ. Тоғыз жолдың торабындағы іргелі ауданға қалай десек те мәдениет үйі қажет.

Иә, жуырда референдумда Жаңа Қазақстанның өзгерістер енгізілетін заңдарына дауыс береміз. Онда біздің ғана емес, келешек ұрпақтың мүддесіне әсер ететін заңдар тармағы бар. Сондықтан мұндай ауқымды реформаларды біз де біліп, түйсініп, дауыс беруіміз керек. Менің айтпағым осы, – деді Әбдімомын Желдібаев.

Осы тұста Нұржан Молдиярұлы аудандарда салынып жатқан оқушылар сарайы мен спорт нысандары өскелең ұрпақтың денсаулығына, тәрбиесіне, бір сөзбен айтқанда болашағына оң әсер ететінін айтып, 2025 жылға дейін жоспар ауқымды екенін алға тартты. Бұдан соң жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы да ауқымды іс-шараларға қатысты өзінің ұсынысын іркіп қалмады.

– Биыл Ш.Мұртазаның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар басталып кетті. Соның ішінде ең өзектісі Тараз қаласына Шерағаның ескерткішін орнату деп білеміз. Мысалы, Маңғыстауда Әбіш Кекілбаевқа, Оралда Қадыр Мырза Әліге, сол секілді еліміздің бірқатар аймақтары даңқты перзенттерін ұлықтауда. Осы бастаманы қолдап отырғандарыңызға алғыс айтамыз, әрине. Біз сол ескерткіштің студенттер үйінің алдына салу жоспарланғанын естідік. Бұл туралы әркім өзінше пікірін айтуда. Мен Шерағаның ескерткішін Ш.Мұртаза атындағы тарихи өлкетану орталығының маңына орнатсақ деген ұсыныс тастап отырмын. Екінші ұсынысым, өңірде балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың кітабын шығару керек. Биыл балалар жылы қарсаңында, балалар әдебиетіне көбірек көңіл бөлу қажет, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Кездесуде «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Елен Әлімжан да өңірдегі ақын-жазушылардың кітаптарын шығару туралы ұсынысты қуаттады. Әдебиет майданында өзіндік орнын қалыптастырған жазушы жыл сайын жас қаламгерлердің 2-3-тен кітабы шықса деген тілегін жеткізді.
Жиында Шерағаның ескерткішін орнату бойынша құрылған комиссия құрамына жазушының көзін көріп, жанында болған Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Бекет Момынқұл, Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенава сынды қаламгерлер мүше болатыны белгілі болды. Енді 3-маусымда еліміздің әр өңірінен шеберлер ұсынған Шерхан Мұртаза ескерткішінің эскиздері дайын болса, көп ұзамай орны да нақтыланбақ. Осы орайда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ескерткіштің эскизі мен орны бірер аптада белгілі болатынын және жоба тек тұрғындардың ұсынысымен мақұлданатынын айтты.

Кездесуде Меркі ауданының тумасы, ақын Шырын Мамасерікова «Алатаудың екі шыңындай Қонаев пен Асқаров» деп, тау тұлғаның туған күнін атап өтуге ерекше ден қою керектігін айтты. Ақын апамыз ұлтына қызмет еткен Асқаров сынды азаматтарды қолдау арқылы келер ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуге болатынын жеткізді. Бұдан бөлек, әдебиет саласында қалам тербеп жүрген ақын Қайырбек Асанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Асқарбек Сейілхан, журналист, балалар жазушысы Бақытжан Советұлы, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков, ардагер журналист Баймахамбет Ахмет, журналист Ерман Әбдиев және басқалар өңір басшысына ұсыныс-тілектерін жаудырды. Басқосуда жас қаламгерлерге қолдау көрсету, қажет болса стипендия беру сынды еліміздің кейбір облыстарында қолға алынған мәселелер де көтерілді. Бұдан бөлек, Қазақ радиосында Шерағаның дауысы жазылған бағдарламадан аудиокітап жасау, Шерхан Мұртаза атындағы республикалық «Бас редакторлар» клубын құру туралы ұсыныстар айтылды.

Кездесу соңында өңірдің зиялы қауымы әкімге осындай ашық форматтағы кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілегін айтты. Өз кезегінде Нұржан Нұржігітов зиялы қауымның сұрақтарына тұшымды жауап беріп, осындай мәндегі басқосулардың мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support