Саясат

Жастар жат дін ықпалына түспесін десек...

Жастар жат дін ықпалына түспесін десек...

Бүгінде жас ұрпақтың жан-жақты білімінің жоқтығынан түрлі діни ағымдар ықпалымен кетіп, экстремизмнің арбауына түсуінен қауіп көп. Жастарымыздың жат дін уағызына ұйып, дәстүрлі емес ислам ағымы иіріміне тартылып жатқандары да жоқ емес. Бұл тұрғыда, әсіресе, техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу мен болдырмауда қандай пәрменді шаралар жүзеге асырылуда? Жалпы, өңірдегі мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру бойынша атқарылған мақсатты жұмыстар қандай?

Бұл мәселелер кеше облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңесінің отырысында жан-жақты талқыланып, тиісінше шешімдер қабылданды. Басқосуға кеңес мүшелері, сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мешіт имамдары, білім беру мекемелерінің, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар қатысты. Жиынның күн тәртібіне сәйкес облыстық білім басқармасының басшысы С. Құрманбекова баяндама жасап, облыстағы техникалық-кәсіптік арнаулы орта оқу орындары білімгерлерінің діни сауаттылығын арттыру бойынша жүзеге асырылған жұмыстар жайын сөз етті. Алдын ала жүргізілген зерделеу жұмыстарының барысында осы іспен қамтылған білім мекемелерінде 2014-2015 оқу жылында 21 хиджаб киетін білімгер, 15 иегова куәгерлері діни ағымын ұстанушылар және 3 інжілдік мәсіхші баптистер бары анықталған. Баяндамашы өз сөзінде білім мекемелерінде бұл тұрғыда тиісінше алдын алу шаралары жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, әлі де болса ата-аналар тарапынан балаларын өздері кірген дәстүрлі емес діни ағымдарға тарту әрекеттері орын алып отырғанын жеткізді. Бұдан кейін облыс әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы С. Айдапкелов «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында қарастырылған мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру тәртібі, діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратудың жаңа енгізілген ережелері жөнінде тарата айтып берді. Саладағы стандарттар мен регламенттер жаңадан бекітілуіне байланысты мұндай қызметті ұйымдастыру үшін облыста белгіленген 14 сауда нүктесіне ендігі жерде діни әдебиеттерді таратуына тыйым салынып отыр. Сондықтан, бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар арасында діни мазмұндағы әдебиеттер мен ақпараттық материалдар сұранысқа сай базарларда, сауда орындарында, халық көп жиналатын нысандарда емес, әр аудандағы арнайы белгіленіп, заңдастырылған үй-жайларда таратылуы тиіс. Осымен байланысты Ерқанат Нұрбапаұлы аудан әкімдері мен мүдделі мекемелер басшыларына саладағы көрсетілетін мемлекеттік қызмет талаптары бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Тиісті тараптарға жастар арасында оларды діни сауаттылыққа тәрбиелеу және ақпараттық түсінік жұмыстарын тұрақты жүргізу, облыстық ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің кездесулері мен семинар-тренингтер өткізу, басқа да алдын алу жұмыстарын жандандыру жүктелді.

Баймаханбет Ахмет,  «Ақ жол».