Саясат

Интеграция – мүмкіндіктер мен дамудың басты жолы

Интеграция – мүмкіндіктер мен дамудың басты жолы

30Сұлтан ӘБІЛДАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хабар» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатын теледидардан ерекше ықыласпен тыңдап, кейін газеттен оқып шықтым. Мамандығым экономист болғандықтан, мемлекеттің экономикалық даму саясатындағы негізгі ұстанымдары мен осы бағдарламалардың болашақ экономикалық 29тиімділігін есептеп, ел экономикасына тигізер пайдасын болжауға тырысатынмын. Кейбір кездері осы мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы салғырттықтар мен жайбасарлық, мемлекеттің экономикалық саясатының қажеттілігі мен құндылығын түсіргендей болатын. Елбасы келтірген дәйектер мені мазалап жүрген сұрақтарға жауап бергендей. Сұхбатта көрсетілген Еуразиялық экономикалық одақтың қажеттілігі мен оның ел экономикасына берер пайдасы қарапайым және түсінікті айтылған. Қазіргі таңда әлемде интеграциялық ұйымдарға бірігу мемлекеттер арасында үрдіске айналып отырған сияқты. Біздің ел де даму сатысында осы жолды таңдағаны белгілі. Елбасы Жолдауындағы біз қосыламыз деп отырған, дамыған отыз мемлекеттің қай қайсысын алсақ та, барлығы бірнеше интеграциялық ұйымдарда мүшелікте. Мысалы, көптеген интеграциялық бірлестіктер ішінен Батыс Еуропада – Еуропалық одақты, солтүстік Америка аймағында –НАФТА одағын, Азия Тынық мұхит аймағында – АСЕАН-ды және Еуразия құрлығында – Тәуелсіз мемлекеттер достастығын атап кетсе болады. Интеграциялық ұйымдар мақсаттары әр түрде болуы мүмкін және олар көбінесе мүше мемлекеттердің осы ұйымдардағы ұстанатын саясатына да көп байланысты болады. Интеграциялық ұйымдар түрлеріне байланысты еркін экономикалық аймақ, кедендік одақ, жалпы нарық, экономикалық одақ, валюталық одақ және саяси одақ болып бөлінеді. Олар шекаралас мемлекеттер арасында және кейбір кездері шекарасы мүлде түйіспейтін мемлекеттер арасында да құрылуы мүмкін. Біріккен мемлекеттер ұйым шеңберінде интеграциялық дамудың әртүрлі сатыларынан өтіп, бертін келе ортақ шекара мен ортақ бір валюта қолданып,экономикалық ортақ саясат жүргізу мақсатында ортақ мемлекеттік басқару құрылымын қалыптастыратын ұйымдар да бар. Интеграциялық одақтың осы кезеңдерінің бәрінен өткен, интеграциялық ұйымның даму шегіне жеткен ұйымның мысалы ретінде Еуропалық одақты атап кетуге болады. Қазіргі таңда бұл ұйымға 28 мемлекет мүше. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша 2013 жылы одақтың ішкі жалпы өнімі 17 триллион 335 миллиард 420 миллион АҚШ долларын құраған. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 31806, 76 АҚШ долларына жеткен. Еуропа одағымен салыстырғанда Қазақстанда ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 2,5 есе төмен және ол 2013 жылы 13 мың АҚШ долларын құраған. Жалпы, экономикалық өсім бойынша Қазақстанның жағдайы осы одаққа мүше кейбір елдердің экономикалық көрсеткіштерінен жоғары. Мысалы, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2013 жылғы көрсеткіш бойынша 220 миллиард АҚШ долларын құраса, осы одаққа мүше мемлекеттердің 2013 жылғы көрсеткіштеріне сәйкес ішкі жалпы өнімі – Португалияда 219 миллиард 962 миллион, Ирландияда – 217 миллиард 816 миллион, Чехияда – 198 миллиард 450 миллион, Венгрияда – 124 миллиард 600 миллион, Словакияда – 91 миллиард 348 миллион, Люксембургта – 60 миллиард 383 миллион, Хорватияда – 57 миллиард 539 миллион, Болгарияда – 53 миллиард, Славенияда – 45 миллиард 378 миллион, Литвада – 42 миллиард 344 миллион, Латвияда – 28 миллиард 373 миллион, Эстонияда – 24 миллиард 477 миллион, Кипрда – 22 миллиард 767 миллион ал, Мальтада 8 миллиард 741 миллион АҚШ долларын құраған. Бірақ осы мемлекеттер Еуропа одағының мүшесі ретінде бізге қарағанда көптеген мүмкіндікке ие болып отыр. Атап айтсақ, ол жаңадан мүшелікке қабылданған мемлекеттер экономикасына құйылатын үлкен көлемдегі инвестициялармен қоса дамыған елдерден келетін инновациялар. Мысалы, бұрынғы Кеңестер одағының мүшелері Эстония, Литва және Латвия 2004 жылы Еуропа одағының мүшелігіне қабылданды. Соның арқасында осы мемлекеттер экономикасына тікелей және жанама жолдармен қыруар қаражаттар келді. Литва мемлекетіне 2007-2013 жылдар аралығында 23 миллиард лит ( 7,5 миллиард еуро) көлемінде құрылымдық көмек көрсетілсе, ал Еуропа одағының Литва еліне ақшалай көмегінің жалпы көлемі 36 миллиард литты (10,4 миллиард еуро) құрап отыр. Қазіргі таңда бұл елде Еуропа одағының қаржылай көмегімен 1200-ден астам экономиканы жақсартуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Латвияға көрсетілген көмектің сомасы 5 миллиард еуро көлемінде болса, ал Эстонияға көрсетілген көмек сомасы 4 миллиард еуроны құраған. Экономикалық тұрғыда әлсіз мемлекеттердің бір бірімен бірігуі немесе әлсіз мемлекеттердің экономикалық тұрғыдан мықты мемлекеттермен бірігуі де заңдылық сияқты. Ағылшынның бұрынғы атақты премьер-министрі Уинстон Черчиль бір сөзінде «Англияның досы да, жауы да жоқ. Англияның тек өз мүддесі бар», деген болатын. Кез-келген ұйымға кірмес бұрын мемлекеттер өз пайдасы мен мүддесін ойлауы қажет. Қазіргі дағдарысқа толы қилы кезеңдерде мемлекеттердің экономикалық тұрғыда бір бірімен бірігуі ол болашақ экономикалық өсімнің жолы. Дамушы мемлекеттер дамыған мемлекеттермен бірігіп жатса, ол дамушы мемлекеттерге қосымша тауарлары мен қызметтерді өткізу нарығымен қоса, дамыған елдердің озық технологияларын пайдалану мүмкіндігіне ие бола алады. Ол өз кезегінде мемлекеттерде өндірілген тауар мен қызметтердің бәсекелестік қасиеттерін арттыруға септігін тигізеді. Қазақстан да осы бағытта көптеген қадамдар жасауда. Қазірге дейін біз бірнеше халықаралық интеграциялық ұйымдардың мүшесіміз. Атап кетсек, ол – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Кедендік одақ, Ортаазиялық интеграциялық одақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және тағы басқа. Бұл ұйымдардың біздің елге беретін пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, ТМД бұрынғы кеңестер одағына мүше мемлекеттердің экономикалық байланысын жоғалтпауға көмектессе, Кедендік одақ – Ресей мен Беларуссия нарығымен қоса Еуропа нарығына апаратын жол, ал ШЫҰ – Елбасы сұхбатында айтып кеткендей ол – біздің теңізіміз, миллиардтар мекеніне айналған алып Қытай елінің нарығына шығатын мүмкіндік. Ұйымдар өз қызметінде сол ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға тырысады. Сондықтан, кез-келген интеграциялық ұйымдар қызметінен саяси астардан гөрі экономикалық астар іздеу керек сияқты. Осы тұрғыда мен Елбасын толық қолдаймын. Экономикалық тұрғыда бай мемлекет саяси тұрғыда да беделді болады. Қиын экономикалық кезеңдерде мемлекеттердің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғаны дұрыс. Жалғыз мемлекеттің даусынан гөрі, ортақ принципке біріккен мемлекеттердің даусы әлемдік мінбелерде басым болады. Ал интеграция – мүмкіндіктер мен болашақ дамудың ең негізгі жолы.