Майлы дақылдан мол өнім
Майлы дақылдан мол өнім
Халықта «көктемнің әр күні – жылға азық» деген қағида бар. Сол сияқты күздің де әр күнін тиімді пайлану керектігін дихан қауымы жақсы біледі. Қазір облыстың егістік алқаптарында күздік себу жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде 101 мың гектар алқапқа күздік тұқым себілуі керек болса, бүгінгі таңда себілгені – 32486 гектар.
Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасынан алған мәліметке жүгінсек, 2015 жылдың өнімі үшін 21 мың тонна масақты дәнді дақылдар тұқымы дайындалып, оның 15933 тоннасы сараптамадан өткізілген. Бұл да қанағаттанарлық көрсеткіш емес. Үкімет тарапынан облысқа егін жинау және күзгі дала жұмыстарына 15 мың тонна кепілді дизель отыны бөлінген. Әр литрі 104-105 теңге жеңілдікпен босатылған осынау дизель отыны күзгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізуде дихандар үшін үлкен қолдау. Осындай қолдау мен жасалып отырған жағдайдың жауабы еселі еңбек болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде (2014 жылдың 13 қазанында) облыстағы 8639 гектар картоптың – 8513, 25391 гектар көкөністің – 23149, 93134 гектар майлы дақылдың 86023, 15985 гектар дәндік жүгерінің 5025 гектары жиналып алынды. Әзірге әр гектардың түсімі картоптан – 212,2, көкөніс – 229,6, майлы дақылдар – 4,6, дәндік жүгері 54,8 центнерден айналуда. Қалған алқаптарды қазанның суығы мен жауын-шашынды күндеріне ұрындырмай жинап алу үшін қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ал 11102 гектарға егілген бақша дақылдары толық жинап алынған. Гектар түсімі – 251,7 центнерден. Көрсеткіш өткен жылғыдан төмен болғанымен, жалпы алынған өнім көлемі 83869 тоннаға артып, 279407 тоннаны құрап отыр. Өйткені, бақшалық көлемі де 3561 гектарға артық. Міне, облысымызда ауылшаруашылығындағы жиын-терін және күзгі егіс – дала жұмыстарының қазіргі жағдайы осындай. Дихандар келер жылдың мол өніміне негіз қалау мақсатында қызу жұмыс жүргізіп жатыр.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».