КЕЗ КЕЛГЕН КӘСІПКЕ ИКЕМДІЛІК КЕРЕК

14

Мамандық таңдау – өмірдегі күрделі шешімнің бірі. Өз кәсібіңді таңдар алдында қандай мамандықтар бар екендігін және бұл мамандықтардың міндетін және маңызын біліп алған жөн. Мамандық жайлы толық түсінік алу үшін алдымен өзіңе «Маман иесі не істейді?», «Оның қызметінің нәтижесі неге алып келеді?», «Маман иесі қандай жағдайда жұмыс істейді?» деген сұрақ қойған абзал. Сөйтіп, оған үлкендердің көмегімен жауап тауып, таңдау жасау керек.

Кәсіби қызметтің нәтижесі – кез келген жұмыстың негізі. Өз өміріңізде неге қол жеткізгіңіз келетіні туралы түсініктің өзі сіздің арманыңызға жетуге мүмкіндік береді. Әрине, мамандық таңдағанда маманға тек қана білімі мен іскерлігі ғана емес, сондай-ақ оның қабілеті мен жеке қасиеттерін дамыту жағынан да қандай талаптар қойылатынын білу маңызды.

Мұндай ақпаратты қайдан алуға болады? Жалпы өз мамандығы туралы кәсіби маман ғана жақсы айтып бере алады. Мамандық таңдау алдында кез келген жасөспірім белгілі бір мамандықтың иесінен кеңес сұрайды. Олардың өз мамандықтары туралы қызықты әңгімелері жасөспірімді қызмет саласындағы белгілі бір қызығушылықты дамытудың себепкері болуы мүмкін.

Олармен қалай кездесуге болады деген сұрақ туындауы мүмкін. Ең қарапайым тәсіл-ашық есік күндеріне келіп, оқушылар өздерін қызықтырған оқу орнының қызметкерлерінен тиісті ақпарат алғаны дұрыс. Мұндай іс-шаралар жоғары және арнаулы оқу орындары тарапынан жиі ұйымдастырылып тұрады. Дәл осындай кеңесті жуырда Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, «Есеп және құқықтану пәндері» ЦӘК-нің оқытушылары №12, №13, №24 және №37 орта мектептерде оқушылармен ашық есік күнін өткізгенде берді. Бұл іс-шара бағдарлама бойынша өтіп, оқушылар колледждің материалдық-техникалық базасымен таныстыру мақсатымен экскурсия жасады. «Мамандығым – болашағым!» тақырыбында кәсіби бағдар беру жұмысымен оқытушылар мен шеберлер оларға «Электр және электрлі механикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу», «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау құралдары және өндірістегі автоматика», «Автоматтандыру және басқару» мамандықтарының және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Автомобиль жолдары мен жабдықтарын пайдалану», «Жерге орналастыру», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Автоматтандыру және басқару», «Туризм», «Есеп және аудит» және «Құқықтану» мамандықтарымен таныстырды.

Ж.Аймауытов айтқандай, «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» десе, ал Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды сүйсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп бекер айтпаған.

Жанар НЫСАНБАЕВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Есеп және құқықтану пәндері» ЦӘК-нің оқытушысы.

Comments are closed.