- Advertisement -

АНАСЫ ҚЫЗЫНА ЕКІНШІ РЕТ ӨМІР СЫЙЛАДЫ

271

- Advertisement -

Қалалық көпбейінді ауруханада алғаш рет жасалған донорлық бүйректі ауыстыру операциясы сәтті аяқталып, 22 жастағы Ұлдай Ұзақбаева есімді бойжеткен ауруханадан шықты.

2013 жылы Ұлдайдың зақымданған екі бүйрегі істен шығып, диализ аппаратына таңылыпты. Содан сырқаты асқынған қаршадай қыз іштей өмірден күдерін де үзіпті. Өздігінен бойындағы сұйықтықты сыртқа шығара алмайтын гемодиализ ауруы жанына батқан соң, олар Қарақалпақстаннан Тараз қаласына көшіп келіпті. Отбасында өзінен басқа 4 бауыры бар. Дүние бір айналдырса, шыр айналдырады деген рас екен-ау. Әкесі ауыр сырқаттан бақилық болған соң, Ұлдайдың жұмыссыз анасынан басқа сүйенер ешкімі қалмаған. Содан қызының ахуалы жанына батқан ана облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке өтінішпен шыққан. Кейін науқастың әлеуметтік жағдайы мен сырқатынан хабардар болған облыстың бас дәрігері, тәжірибелі хирург Ә.Қалиев жедел шешім қабылдап, донорлық трансплантация бағдарламасын 5 мамырда бастап кетеді. Әдетте, осындай жан алқымнан алған сәттерде донор табу да оңай шаруа емес екенін ақ халаттылар жақсы біледі. Қуанышқа орай, қыздың 56 жастағы анасы бауыр еті баласына донор болуға келісімін берген. Ана мен қыздың бақытына қарай бас-аяғы 6 сағатқа созылған ота ешқандай асқынусыз, сәтті өткен. Бүйректі алмастыру операциясынан кейінгі бірінші тәулікте ағзада жиналған 4 литр зәр сыртқа шығып, бойжеткен өзін қалыпты өмірге қайта оралғандай сезінген. Талдау сараптамалары да жақсы нәтиже көрсеткен. Науқастың жағдайын қалт жібермей бақылып отырған дәрігерлер үшінші тәуліктен кейін пациентті палатаға ауыстырған.

– Операциядан кейін есімді жиғанда, маған екінші рет өмір сыйлап, бүйрегін берген анамды еске алдым. Жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Телефонмен сөйлесіп, дауысын естіген соң, көңілім орнына түсті. Қазір анамның да, менің де жағдайымыз жақсы. Операциядан кейін, оның нәтижесін көргенде қуанғанымнан көңілім толқып, жылап жібердім. Оның үстіне 10 жылдан бері мазалаған ауру әбден шаршатып, титықтатып жіберген соң өмірден күдерімді үзіп те қойған едім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мырзаның бастамасымен сырттан дәрігерлер келіп, тез арада донорлық имплантация басталып кетті. Жұмыс істемейтін анамнан басқа ешкіміміз жоқ біздің барлық шығындарымызды өзі жеке қаражатынан төледі. Шетелде мұндай операциялар өте қымбат тұратынын білемін. Қазақстанда да оған оңай қол жеткізу мүмкін емес. Осы операция үшін жылдап кезек күтетіндерді де естігенбіз. Оның үстіне дәрі-дәрмектер мен басқа да қажеттіліктерді науқас өз қалтасынан шығарады. Сондықтан анам екеуміздің басқарма басшысына ризашылығымызда шек жоқ, алғысымыз ұшан-теңіз, – дейді бойжеткен.

Ұлдай өзі Тараз өңірлік университетінің студенті. Бүгінде ЖОО денсаулық жағдайына байланысты тегін білім алуда. Домбырада шебер ойнайтын ол келешекте музыка пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Талай жылғы сырқаты жанына батса да жігері жасымаған бойжеткеннің болашағы жарқын болсын дейміз.

Осындайда «денсаулық – басты байлық» деген сөздің мәнін жете түсінбеске шара жоқ әрине. Алайда Ұлдайдың әпкесіне осы сырқатпен ауырып, күнін өткізуде. Келешектен күдер үзбей, болашағына сеніммен қарайтын Ұлдайдың әпкесіне донор табу жеңіл емес секілді. Біз де оның ота жасатып, сырқатынан тездетіп жазылуын тіледік.

Ұлдайдың жағдайын бақылап отырған дәрігер Азамат Чупеевтің айтуынша, алдағы уақытта анасы мен қызы тұрақты түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша емханасына қаралып тұруы тиіс. Бойжеткен мен ананың жағдайы едәуір жақсарған соң ғана дәрігер ауруханадан шығарып, ем-шараларын үй жағдайында жасауға рұқсат беріпті.

Қалалық көпбейінді аурухана бүгінде құрамында нефрология және гемодиализ бөлімшесі бар облыстағы ең ірі медициналық ұйым. Содан болар биыл бүйрек трансплантациясы бойынша 2 маман біліктілігін арттырған. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 903 пациент динамикалық бақылауда екен. Оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент бар. Яғни бүйрек трансплантациясы бойынша ота жасайтын дәрігерлерге үміт артып отырған науқастар аз емес. Келешекте осындай күрделі операцияларды өңірдегі дәрігерлер де жетік меңгеріп, денсаулық сақтау саласының мүмкіндігі арта берсін дейміз. Себебі ел болашағы дені сау ұрпақтың қолында!

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support