Әлеумет

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУДЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУДЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

 width=Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл – Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған қадамның жарқын көрінісі.

Бүгінде елімізде болып жатқан саяси реформалардың басты тетігі ретінде Конституциялық өзгерістерді Президенттің өзі ұсынған болатын. Бұл жерде Мемлекет басшысы халық тарапынан туындайтын барлық мәселені ескеріп отырғанын айтқан ләзім. Бүгінде Президент өзінің саяси реформаларына қатысты жаңа бағдарламасын ұсынды. Оның негізі – қоғам тарапынан туындайтын мәселелерді қалтарыста қалдырмау. Қ.Ж.Тоқаев бірінші кезекте суперпрезиденттік биліктен ықпалды Парламенті бар президенттік билікке өтетін түпкілікті шешімді нақтылап алғаны мәлім. Тарихи ұстанымды бірінші республикадан екінші республикаға өту кезіндегі құқықтық негіздеме деуге де болады. Ол идея Қазақстан халқының көкейіне қонды. Референдум қоғам тарапынан болған сұраныстың нәтижесінде қолға алынып жатқан бастама екені сөзсіз. Осы ретте біздің шын мәнінде «еститін мемлекеттік» жүйеге сатылап қол жеткізіп келе жатқанымызды байқауға болады. Мемлекет басшысының саяси реформадағы ең маңызды бағыттары ретінде билік тармақтары арасындағы теңгерімді өзгерту, Парламенттің өкілеттігін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқару, әсіресе мәслихаттардың рөлін арттыру, сайлау жүйесіне пропорционалды-мажоритарлық жүйені енгізу арқылы халықтың әр санаттағы, түрлі пікірдегі, көзқарастағы өкілдерін мемлекеттік мәселелерге кеңінен тартуды көздегені көңілге қонымды. Жаңа Қазақстанның жаңа ережелері осы Ата Заңымыздан басталады. Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізу арқылы алдағы уақытта 20-дан астам заң жаңаша редакцияланатын болады. Сол арқылы еліміздегі саяси жүйе мен саяси басқарудың қайта құрылуы жүзеге асады. Сондықтан елімізде заңды түрде өзгеріс болғанын қалайтын әрбір азамат бұл референдумнан шет қалмауы тиіс. Сондықтан референдумға жаппай қатысып, қоғамдағы өзгерістерге үн қосу елдің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін есте ұстайық. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Бұл саяси науқан тек бір қала, облыс тағдырына емес, тұтас мемлекеттің келешегіне әсер ететін, мықты мемлекеттің іргетасын қалайтын аса маңызды күн. Ашығын айту керек, бүгінде күрмеуі қиын, шешімі жоқ мәселелер көбейіп кетті. Олардың шешімін шығару үшін сөзден іске көшетін уақыт келді. Ал іске кірісу үшін бірінші кезекте заңдық тұрғыда негіз керек. Ендеше, сол заңды өзгерту бүгінде өз қолымызда. Қ.Ж.Тоқаев Президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділет, үшінші – даму. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрі де Президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының жүзеге аса бастауы деп қарастыру керек. Мемлекет басшысы ұсынған реформа – Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама. Біз ашық, өркендеген, заң үстемдік ететін, теңдік орнаған қоғам құруды көздеп отырмыз. Яғни Президент пен халықтың мақсаты ортақ, көздегені бір. Сол себепті референдумға қатысу – баршамыздың ортақ борышымыз! Ел тағдырын айқындау осынау маңызды кезеңде сіз бен біздің қолымызда.

Оңласын ЕСІРКЕПОВ, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы.