- Advertisement -

СЕН ДЕ БІР КІРПІШ ДҮНИЕГЕ…

57

- Advertisement -

Адам баласының әрбір күні – болашаққа баспалдақ. Сондықтан кез келген тіршілік иесі үшін алтын уақыттан қадірлі ешбір құдірет жоқ. Ал қайталанбас өмірдің қайырмасы, ол – албырт жастық шақ. Кең дүниеге көзі енді ғана ашылған бұлақтың аққу ұшып, қаз қонған дарияға айналуы да, шөлге сіңіп, шаң жамылып, ғайып болуы да осы шақпен тікелей байланысты. Соңғы қоңыраудың үні сағынышқа айналып, қара танытқан қарашаңырағымен қоштасқан әрбір түлек үшін жастық шақтың әр сәті бойтұмардай қастерлі. Сол бойтұмарды жоғалтып алмас үшін ең алдымен дұрыс таңдау жасаудың маңызы зор.

Адамды адам еткен еңбек екені әу бастан әмбеге аян. Ал мемлекетті мемлекет ететін, ол – майталман мамандар. Адамзаттың даму тарихынан бері ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан еңбек эстафетасы ертең-ақ алтын ұя – мектеп қабырғасынан қанат қаққан жастарға берілетіні уақыттың ақиқаты, өмір дәлелдеген шындық. Дәл осы сәтте оларға:

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!,- деп хакім Абайдың айтып кеткен ардақты ұстанымы – болашаққа басты бағдаршам. Ең негізгісі, еңбек болмаса өнердің де, қоғамның да, тіпті өмірдің де болмайтынын ұмытпаған абзал. Қуанарлығы, қазіргі жасөспірімдердің арасында білімге, танымға белсенділік жоғары. Оған мүмкіндік те мол. Мәселе таудай сенім артып отырған ата-ананы табан тоздыра сандалтып, атағынан ат үркіп, адам шошитын алпауыт Осы орайда ізденуді, талпынуды, білмегенді сұрауды әдетке айналдырған жөн. Әдет мінезге айналса, әрбір жасөспірім өзін де, Отанын да жеңіске жетелейді. Олай болмаған жағдайда өзін де, өзгені де сорлатады. Қазіргідей қас пен көздің арасында қарыштап дамып, жарық жылдамдығымен жарысып өзгеріп жатқан алмағайып заманда қазаққа ішкен-жегенін айтып жарияға жар салып жүретін блогерсымақ пен сатып алған дипломын сандыққа салып, сан салада сандалып жүрген бәзбіреу емес, өз ісін білетін білікті маман қажет. Кешегідей адамзат баласын әбігерге салған пандемия кезінде әлемде ғана емес, біздің Әулиеатада да дәрігерлердің тапшылығы анық сезілді. Бір жұтым ауаға зар болып, өмір үшін күресіп жатқандарды сол сын сағатта фонограммамен ән айтып, той жағалап жүргендер ажалдан арашалап қалған жоқ. Білімді, білікті, батыл дәрігерлер теңіздей тер төгіп, жақындарымыздың жанынан табылды. Егер сондай білікті мамандарымыз көп болса, қаншама азаматтарымызды аман алып қалар ма едік… Сол секілді әр сала үшін майталман мамандар ауадай қажет. Қымбатшылық қысып тұрған қазіргідей уақытта құрыш қолды құрылысшылар, іске кәсіпкерлер, өндірістің сардарлары мен асыраушы саланың білгірлері керек.

Біз қызығатын алпауыт елдер несімен алда келе жатыр? Себебі олардағы әр маман өз ісінің хас шебері. Мәселен, дамудан алдына жан салмай келе жатқан Швейцария елінде кез келген адам ең алдымен жұмысқа орналасуға талпынады. Жұмысы бар маманды сол мекеме міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етеді. Дүние-мүлік, жиһаздарға да бас қатырмайды. Басқа жұмысқа ауысса, сол мекеме берген үйге қоныс аударады. Егер сол жұмыс орнында табан аудармай қызмет жасап, зейнетке шықсаң, өле-өлгенше соңғы жұмыс орның берген баспанада күн кешесің. Бірақ ол үй дүниеден өткеннен кейін балаларыңа мұра болып қалмайды. Қайтарылады. Сондықтан да онда жергілікті жұрт баласына үй алып беруді емес, жұмысқа орналасуын, білікті маман болуын, білім қуалауын өздері-ақ қадағалайды.
Жақсының жақсылығын үйренгіміз келсе олардың киген киімінің модасы мен трендтерінің соңғысына емес, өмірлік тәжірибелеріне назар аударғанымыз жөн-ақ. Себебі білім, ең алдымен адамға өмір сүру үшін қажет. Әйтпесе бүгінгідей дәрігерлік дипломымен саудада, инженердің дипломымен салонда, мұғалімдік мамандығымен таксиде жүрген бүгінгі жағдайымыздан түк шықпайды. Сондықтан оқу орнынан түлеп ұшқан оғлан ұрпақ Отанымызға қажетті маман атанса, одан ұтпасақ ұтылмасымыз анық.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support