- Advertisement -

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

63

- Advertisement -

Мектеп түлектері үшін қимас сәт, ол – соңғы қоңырау кеші. Бұл кеш Байзақ ауданына қарасты Бұрыл ауылындағы №6 орта мектепте ерекше аталып өтті. Өйткені 300 орындық мектеп былтыр жаңа оқу жылында пайдалануға берілген еді. Оның құрылыс жұмысы мен жабдықталуына республика бюджетінен бір миллиард теңге жұмсалған. Білім ордасының тұңғыш түлектерінің құрметіне арналған соңғы қоңырауға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.

Мерекелік іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Балауса қыздардың балғын биінен соң, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйледі.

– Еңселі мектеп ғимараты жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп еді. Енді, міне, бүгін алғашқы түлектерін соңғы қоңырау үнімен ұшырғалы отыр. Біз бұл ауылда мектеп тапшылығының барын ескеріп, оның құрылысын 2020 жылы бастап кеткен болатынбыз. Қазір міне, облысымыздағы 480 мектеппен қатар бұл білім ордасында да соңғы қоңырау кеші алғаш рет өтуде. Биыл облысымызда 10 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Соның ішінде Байзақ ауданында 2 білім ошағы бар. Олар Көктал мен Сеңкібай елді мекендерінде орналасқан. Мұның барлығы балаларымыздың жақсы білім алуы үшін жасалып жатқан игі істер.

Биылғы оқу жылында біздің оқушылар мен мұғалімдердің қол жеткізген жетістігі аз емес. Мәселен, оқушыларымыз түрлі байқаулар мен олимпиадалардан жүлделі орындардан көрініп, халықаралық байқаулардан – 27, республикалық деңгейдегі жарыстардан – 143 медаль иеленді. Ағымдағы жылдың ақпан айында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында облыс командасы «Ең үздік команда» атағын тағы да дәлелдеп, 13-ші жыл қатарынан I-орынды алып келеді. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер саны 490 оқушыны құрады. Осылайша «Алтын белгіге» үміткерлер қатары да жыл санап артуда, – деген аймақ басшысы мұғалімдердің де еңбегін ерекше атап өтіп, жаңа өмірге қадам басқан мектеп түлектеріне өзінің ізгі тілегін жеткізіп, мектепке сыйлық тапсырды.

Мерекелік шара барысында 11-сынып оқушылары өзінің ізбасарлары 10-сыныпқа білім туын жықпауы туралы «Аманатын» тапсырды. Сондай-ақ 11-сынып оқушылары «Қош бол, мектебім!» әнін орындап, қоштасу вальсін биледі. Оқушылар әннен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті. Кеш соңында әдеттегідей қоңырау соғылды.

Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мектептің материалдық-техникалық оқу базасымен танысты. Мектеп директоры Құралай Үкібаева мектеп мұғалімдері мен оқушыларының алғашқы оқу жылында жеткен жетістігі мен табысын мақтанышпен баян етті. Жұмысы жолға қойылған мектептің ішкі және сыртқы безендірілуі, дәліздер мен кабинеттердің, мәжіліс және спорт залдардың жабдықталуы да аймақ басшысының ғана емес, барлығымыздың көңілімізден шыққандай. Жылдың үздік мектебі осындай болса керек-ті.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support