Жаңалықтар

Жастарды жаңа белестер тосады

Жастарды жаңа белестер тосады

Өзіміздің «Ақ жол» кешегі кеңес дәуірінен бергі талай-талай тарихи кезеңдерді бастан кешіп келеді. Газеттің 18 мыңыншы саны жүріп өткен сол тарихтың бір белгісі шығар. Қалай болғанда да газеттің халық пен билік арасындағы дәнекерлік рөлі де, сан алуан міндеттері де өзгерген жоқ. Жалпы газет – өміршең. «Теледидар мен интернеттің қарқынды дамуына байланысты газеттердің күні қараң болады» деген пікірлерге әлемнің әр түкпірінде қырық миллион таралымы бар жүз жетпіс бес газетке, отыз баспа үйіне, жиырма сегіз радиостанцияға, әлденеше телеканалға ие болып отырған әлемдік деңгейдегі американдық баспа магнаты Руперт Мердок мырза тойтарыс беріп еді. Шынында кітап пен газетті ештеме де алмастыра алмақ емес. Қазір үлкен саясатты былай қойғанда күнделікті өміріміздің өзінде өрекпіген ой-пікір қайшылығы, көзқарастар қақтығысы, көкейде тұнған сан түрлі сауалдар бар. Соның бәріне елшілдік бағытты ұстанған ұлт басылымдары жауап беруі тиіс. Ал сырттан келіп, ақпараттық экспанция жасап жатқан бұра тартар басылымдар мұны істей алмайды. «Ақ жолдың» қазіргі шығармашылық құрамы осыны толық сезінеді деп ойлаймын. Өзім де 15 жылдан астам қызмет істеген шығармашылық ұжымның бағыт-бағдарына үнемі назар аударып, әріптестерімнің қалам қайратына сүйсініп отырамын.

Болат Мәуленов, «Ақ жол» газетінің ардагері.