- Advertisement -

ЕНБЕК КІТАПШАСЫНДА ЕКІ-АҚ ЖАЗБА БАР ЕДІ

118

- Advertisement -

Қазақтың белгілі журналисі және жазушысы Әділ Дүйсенбек 24 мамыр күні 80 жасқа толар еді. Марқұмның қаламынан оқырмандарға кең таралған «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ», «Жеті жарғы», «Менің Шерағам» атты әңгімелер мен хикаяттар жинақтары, сондай-ақ қазақтың біртуар ұлы Шерхан Мұртаза туралы «Шерағамның шеруі» атты романы және басқа дүниелер туды. Әділ Дүйсенбектің «Егемен Қазақстанда» ұзақ жылдар еңбек еткен кезінде жарияланған көптеген мақалалары мен очерктері өзі туып-өскен Жамбыл облысынан жазылды. Біз жерлес аға
қаламдасымызды еске ала отырып, қаламдас досы Елен Әлімжанның естелігін жариялағанды жөн көрдік.

Редакциядан.

Таразға (ол кезде Жамбыл қаласы) Әділ келе қалды. Пойыздан түсе салысымен бірден облыстық газеттің редакциясына мені іздеп келіпті. «Неге алдын ала хабарласпадың? Күтіп алатын едім ғой» деймін мен.

– Әуре қылып қайтемін. Міне, өзім-ақ жеттім, – дейді ол.

– Ал, жол болсын?

– Шынымды айтсам ауылымды сағынып кеттім, – деді ол. Мұнда меншікті тілші бар, жақын жер болған соң келгісі келіп тұратын басқа да ағалар жетеді. Сол себепті өз облысыма келуіме кезек тие бермейді. Осы жолы әйтеуір реті келді. Діттеп келген жерім жоқ. Республика оқырмандарының талғамынан шығатын бір-екі материал дайындасам жетіп жатыр.

– Гүлшаһра Құрымбаева деген жамбылдық мастер-модельер шаштаразшылардың бүкілодақтық конкурсында үшінші, ал әлемдік жарыста алтыншы орын алып келді. Өзіміз де жаңа жазып жатырмыз. Үйі де редакцияның қасында, қазір түс кезінде ертіп барып жолықтырайын, – дедім мен.

Бұл тамаша болды ғой. Республика оқырмандары үшін де осындай әрі қызғылықты әрі халықтың мақтанышын оятатын материалдар керек. Барсақ, барайық, – деп дегбірі кетті оның.

– Асықпа, – дедім мен.– Қызықтың көкесін енді көресің. Сөйттім де оны басқа да бөлімдерге ертіп кірдім. Жігіттер қызғаныш білдірмеді. Барын жайып салды. Сөйтіп ол түске дейін жайшылықта бір сапарнамада жинап ала алмайтын материалдарға ие болды.

Ал түс ауа оның бар жұмысын бітіріп, біздің үйге келдік. Біздің үй дегенім жалғыз қызы бар өзбек апайдың бір бөлмесі. Алматыдан көшіп келіп, осында қоныстанғаныма бір-екі ай ғана өткен. Газет жұмысын енді-енді игеріп жатқан жайым бар.

Өйткені қазақ теледидарында екі жыл комментатор болып жұмыс істегеніммен газеттен бұрын мүлдем тәжірибем жоқ-ты. Сондықтан бас редакторым Баттал Жаңабаев «мен тележурналистерді журналист демеймін, оның үстіне өзің филолог екенсің. Секретариатта жұмыс істейтін боласың. Жазып көрінсең ғана бөлімге ауыстырамын, ал көріне алмасаң осы секретариатта отырғаның отырған» деп таптап қабылдаған жұмысқа.

Бірақ, бас-аяғы бір айдың көлемінде өнеркәсіп бөліміне жіберген.

Әділ күлді. Дәл сондай жағдайды мен де басымнан өткіздім, – деді ол. Бірақ, филолог екенсің деп кемсіткен жоқ, біраз секретариатта ұстап, әріптердің атауын біліп, әр беттің шаршы сантиметрін есептеуді үйренген соң барып бөлімге ауыстырды.

Екеуміз бірге күлдік, бірге күлдік те көңіл көтерудің қамына кірістік. Жұбайым Зейнегүл алты айлық қызымен әлі жұмысқа шықпаған. Ол да төркіні келгендей қуанып, құрақ ұшып қызмет етіп көңілімізді табуға тырысып жатыр. Не керек, түнімен көңілдендік те, көп естелік те айттық. Әділ ертеңіне Жасөркенге барып, бір науқас туысының көңілін сұрауы керек екенін айтты. Күн сенбі болатын. Көк базардан көлік жалдап, қаланың оңтүстік шығысындағы Жасөркен ауылы қайдасың деп тартып бердік. Жамбыл ГРЭС-нен өткен соң көкжелекке оранған бұл ауыл көрініп тұр. Тура Талас өзенінің жарына орналасқан. Ауылға жетпей аңғар бар-ды. Сол аңғардың ортасына келгенде Әділ көлікті тоқтатты. Содан кейін өзенге барып қолын шайып, бетін сипап, суынан бір ұрттады да, алдына қарап біраз тұрды.

Мен анау жерде туғанмын, деді ол дарияның арғы бетіндегі тал-дарақты нұсқап. – Сол жерді Мәукеарал дейді. Кейін колхоздар ірілендірілгенде мына тар жерден шығарып, жері мол Ақжарға апарып қоныстандырған.

Ертеңіне сол Ақжарына да бардым. Өйткені екеуміз де үй болып, қызмет істегелі бір-бірімізді көріп тұрғанымыз осы болғандықтан қиыса алмадық. Қиыса алмадық та Зейнегүлдің рұқсатымен Әділдің ауылына тартып кеттік.

«Ақжар» атақты «Трудовой пахарь» ұжымшарының бір бөлімшесі болғанымен әжептәуір үлкен ауыл. Ұжымшар орталығы Түймекенттен 7-8 шақырым жерге орналасқан. Тараз қаласының солтүстік шығысында 40 шақырымдай жерде. Мәукеаралдай көкмайсаға көмкеріліп тұрмаса да, тал-дарақ мұнда да жеткілікті. Сол қырғыз елімен шекарада орналасқан Мәукеаралды жағалап ағатын Талас Ақжардың жанынан да ағып жатыр. Тек, Мәукеарал сазды болса, Әділдің өскен жері Ақжар да не ексең де өне беретін кәдімгі оңтүстіктің майтопырақты өңірі.

Міне, сол Ақжардың бас көшесінің ортасына таман Әділдің туған ағасы Сатыбалды тұрады екен. Үйленген, балалы-шағалы кісі екен. Шағын ғана үйлері бар. Қора-қопсысына қарап мен аса бір шаруақор адам емес екенін аңғардым. Жұбайы Әділді көргенде тура бір әскерден өз баласы келгендей қуанды. Бала-шағалары да Әділдің бауырына кіріп жатыр.

– Өзің білесің ғой, менің әкем де, анам да осы кісілер ғой, – деді Әділ маған қарап.

Шынын айтқанда, мен Әділдің ата-анасы өмірден ерте озған адамдар екенін ғана білетінмін. Бірақ, қашан, қандай жағдайда қайтыс болғанын мен сұраған емеспін, ол да ашылып айтқан емес.

– Әкелеріңнің қара шаңырағын ұстаған соң әке орнына әке, ана орнына ана болады ғой, – деп нақтыладым мен қазақтың жөн-жосықтарынан хабарым бар екенін көрсеткім келіп.

Бізді құрақ ұшып қарсы алып, әні-міне дегенше алдымызға дастарқан да жайылды. Сатыбалды веттехник екен. Көбіне мал емдеп, жазда жайлауда, қыста қыстауда жүретін көрінеді. Қазір күз, мал қалың құмға кірмей, ауыл маңындағы суармалы егістіктердің орнында отығып жатыр. Сондықтан көп ұзамай келіп қалуға тиіс. Сол екі арада жеңгей Сәкең туралы әзіл де айтып тастады. Ала-жаздай мал емдеумен жүріп үйіне айында, аптасында бір соғады. Содан жуынып-шайынып, бір күн демалып тынығып алғаннан кейін аулаға шығып, бақша жаққа қарамастан, көше жаққа қарап мойнын созып әңгіме іздеп тұрады ағаң дейді. Әділді қайдам, өз басым әбден күлдім. Күлгенде кешегі көшпелі елдің жаңадан отырықшыланған ұрпағының мінез-құлқын дәл беріп тұрғанына риза болдым. Дәл, сол бейне, сол мінез біздің ауылда да жетіп артылатын.

Көп ұзамай келген Сәкеңнің өзі де бұл әзілге езу тартты да қойды. Теріске шығармады.

Біз пешін өткен соң көшеге шықтық. Әділдің өзімен қатар туыстары, жолдастары көп екен. Бәрі шеттерінен үйлеріне шақырып, ең болмаса бір шыны шай ішуімізді өтініп жатты. Олардың бірі – мал дәрігерлікке оқыған Совет деген жігітті мен Алматыдан танитынмын. Әділге жиі келіп тұратын. Орынбасар деген туысы да кісілікті жігіт екен. Сөзінен бауырмалдық, ағайынға деген қамқорлық сезіліп тұрды. Ал Жақан тіпті сөйлемейтін жігіт. Әділ не айтса да мақұл көріп, баданадай көзімен жәутеңдей қарап тұра береді. Кешке жастардың тамашасы болды. Әйтеуір кең бөлменің қабырғаларына арқамызды сүйеп отырып ас іштік, ән-күй де шырқалды. Ауылдың әдемі ішінен әйтеуір ерекше көрінді. Сірә, билеті бар болуы керек, ол вагонға кірді. Содан соң ашық терезеден «пәлен күні келемін, күтіңдер» деп айқайлады. Мынау өзі бәрін алдын ала болжап есептеп қойған ұқыпты жігіт болды ғой деп ойладым өзім зыр жүгіріп жүріп. Ақыры мен де осы пойызға іліктім-ау. Билетсіз мінгендер дұрыс қабақ танытқандардың қасына отырып, уақыт оздырады. Мен де өзіме көз таныс Ново-Ивановка орта мектебінің сегізінші қазақ сыныбында, ол орыс сыныбында қатар оқыған Нілзия Рахышева деген қызды сағалап келіп отырдым. Қасында осы мектепте менен бір жыл бұрын оқыған Ермек деген жігіт отырды. Ол екеуі де университеттің экономика факультетіне оқуға түсіпті. Әлгі шалбарының қыры сынбаған ақ көйлекті жігіт те осында екен. Өзі әтірленіп алған. Айналасына бұрқырап тұр. Ал бізде әтір себу деген әдет жоқ ол кезде жолға шықпақ түгіл тойға шықсақ та. Аты Әділ екен. Бір қызығы екеуміз де бір факультетке бір ай бойы абитуриент болсақ та бір-бірімізді көрмеппіз. Кейін Нілзия мен Ермек үйленіпті. Ал көп жылдардан кейін олардың қызы Әділдің ұлы Айдарға тұрмысқа шығып, екі отбасы құдандалы болды.

Мен Әділмен екінші курстан бастап араластым. Өйткені оқуға мектеп қабырғасынан келіп түскен он баланы өмір көргендерге қоспай күндіз жұмыс істетіп қойды. Лекцияға кешке ғана барамыз. Ал Әділ сияқты кемі екі жылдық еңбек өтілі барлар күндіз оқып жатты. Сондықтан бір-бірімізді анда-санда көріп, амандық-саулық сұрасуға ғана мұршамыз келіп жүрді.

Бізден бір-екі жыл бұрын оқитын Марат Исмағұлов деген жігіт факультет комсомол ұйымының хатшысы екен. Сол кешке тұрым біздің сабағымызға келіп, мені комсорг етіп сайлатып кетті. Сөйтсем, Әділ де қалған қырық баланың комсоргі болыпты. Сөйтіп, біз Марат Исмағұловтың алдында да бір-екі рет жолығып қалдық.

Ал екінші курста лекцияны бірге тыңдап, бір бөлмеде тұрдық.

Қарасай батыр көшесінің Байтұрсынов көшесімен қиылысында орналасқан Сталин заманының сәулетімен салынған үш қабатты жатақхана әлі күнге дейін көзіме оттай басылады. Ол кезде сырты сарғыш қызылмен боялған еді. Міне, осы ғимарат біздің үйіміз болды. Бұл кезде біздің өмірімізде әңгіме ететіндей ерекше ештеңе бола қойған жоқ. Оқу, кітапхана, театр, кино, әрине, кейде мейрамхананың да есігін ашып қоятынбыз. Ал мереке күндерін кешкілік бір бөлмеге жиылып алып, дуылдатып өткізетінбіз. Шынын айтқанда, ішкен-жегенімізден гөрі жатақхананы басымызға көтерген айқай-шуымыз басым еді. Айтпақшы, Әділдермен бір бөлмеге кешке оқығандардың ішінен сыныптас Әбілқасым Аязбеков, Ескен Елубаев үшеуіміз жұп жазбай келіп қосылғанбыз. Әбілқасым етжеңділеу болғанымен ыстықтан да, суықтан да көп ыға қоймайтын. Төрдегі терезенің тұсына көлденеңінен сол жатты. Оған тақау төрдегі бір бұрышта Әділ, екінші бұрышта Дулат Исабеков орналасты. Ал Ескен Елубаев екеуміз есік жақтағы екі бұрышты таңдадық. Бұл жаққа жазда күн түспейді, қыста суық жоламайды. Бөлмеде тағы екі-үш бірінші курстықтар болды. Оларға ортадағы орындар тиді. Бұны тәптіштеп жатқаным осының өзінен-ақ біздің мінез-құлқымызды аңғаруға болатын еді. Бетің бар-жүзің бар демей айтатынын айтып салатын тік мінезді Әбіш (Әбілқасым) төрді тәуір көрді. Ескен оңашалықты қалайтын. Сондықтан абажадай шифоньердің артын қалқалады. Маған да шифоньері жоқ болса да сондай орын тиді. Ал Дулат пен Әділдің таңдаған орындары төрдің өзі болмаса да төрдің етегі еді.

«Ағаш бір жерде көгереді» демекші Әділ бір жерден табан аудармай қызмет істеді. Бастықтың өзі болмаса да, оларға сөзін өткізе алатын сыйлы болды. Оны мен «Социалистік Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалғаннан кейін айқын аңғарып жүрдім. Осы жұмысқа қабылдануыма да тікелей Әділ себепкер болды. Өйткені алдында ғана келіп, Жамбыл облысынан бет дайындады. Облыстың жетістіктерін желпінтіп көрсететін көсемсөз керек екен ол бетке. Соны сен жаз деп маған тапсырды. Сол көсемсөзім лездемеде мақталыпты. Ал оның алдында Әділ әдебиет бөліміндегі өзімізбен тұстас оқыған Ақселеу Сейдімбекке айтып менің «Көріпкел» деген әңгімемді жариялатқан. Ол әңгімеде мен Оқу министрлігі инспекторының бір алыс ауданға барған іссапарын суреттегенмін. Шын мәнінде өзім бұл министрлікке күні бүгінге дейін бас сұғып көрген адам емеспін. Бірақ, жергілікті жағдайлардан біршама хабарым бар. Ал жергілікті жер әлгі инспекторға мектептерді көрсетпей ауданның тарихи орындарын аралатып, аң-құс аулатып қана қайтармақ болады. Қайтатын күні инспектор ауданның оқу бөлімінің ұжымына тексерудің қорытындысын баяндайтын ниетін айтады. Әрине, оқу бөлімінің басшысынан бастап, басқалары да «ештеңе көрген жоқ, не айтар дейсің» деп шекелерінен қарайды. Бірақ, әлгі тексеруші ауданның білім саласындағы кемшіліктерін қолмен қойғандай етіп баяндағанда, төбелерінен жай түскендей болып мойындап, «түзетеміз» деп бас шұлғығаннан басқа шаралары қалмайды олардың.

Сөйтсе, ол инспектор дәл осындай ауданда он-он бес жыл оқу бөлімін басқарып, министрлікке ауысқанына көп болмаған екен. Содан да жергілікті жердің кемшілігін көрмей-ақ біледі.

Әдекең жалпы біреуге жақсылық жасауға бейім болатын. Кешкі тамақ ішуге түк таппай бәріміз аштан бұралып жатқанбыз. Төбеден жіпке байланған қағаз салбырады. Алып оқысақ үшінші қабаттың қыздары бөлке нанға болса да тиын тауып беруімізді өтініпті. Оны естіген Ескен «сандалмасын» деп қуысына қайта кіріп кетті. Мен, бәріне пейілмін. Бірақ, Әділ «ұят болады, бізді қара тұтып сұрады ғой, берейік» деп өзіміз бір бөлке нан алып ыстық сумен соғып алармыз деп жатқан тиынымызды әлгі салбыраған қағазға байлап, өзіміз танымайтын қыздарға жөнелттік. Жөнелте салысымен бәріміздің қарнымыз одан сайын ашып қоя бермесі бар ма. Ал аш адам ұйықтай алмайды. Ұйықтай алмаған соң есіңнен тамақ кетпейді. Жарықты сөндіріп, бәріміз төсегімізде жатқанымызбен кірпігіміз айқасар емес. Құр аунай береміз. Бір кезде Ескен жарықты жағып кеп қалды.

– Бұның не ей, жеті түнде, кісінің ұйқысын бұзып, – деп Әділ ашуланған болды. Ескен ештеңе деместен дене шынықтыру жаттығуларын жасай бастады.

– Бұның не ей, Елубаев, күшіңді сақтамайсың ба? – деп Әбіш күдірейді.

– Өздерің де осылай шынығып қайта күш жинап алыңдар. Әйтпесе, ертең түс қайта берілетін стипендияға жетпей қаласыңдар, – деп күлдірді бәрімізді Ескен.

Ақыры ұйқы жоқ болған соң бәріміз Ескенге ілесіп жаттығулар жасай бастадық. Қайран, жастық-ай десеңізші! Әділ соңғы тиынымызды өзге біреулерге беріп жібереді. Ал Ескен болса, тапқырлығымен бәрі мізді көңілдендіріп аштықты ұмыттырды. Осындай күндер өтіп, жазғы сессияны да аман-есен өткіздік-ау. Келесі курсқа аттағанымызды Медеуге барып атап өттік бәріміз жиылып.

Қайран, Алматының таулары-ай! Ерекше ыстықсың, сен бізге. Содан бері қаншама жылдар өтті. Қайда сапар шекпедік. Талай тауларды көрдік. Бірақ, оның барлығы тура Медеуге, Шымбұлаққа, Есікке, Талғар шатқалдарына жетпейтіндей көрінеді қазір маған. Өйткені біздің жастық шағымыздың бір үзігі сонда қалған екен-ау, енді ойлап отырсам.

Көгілдір вагонмен қараңғыға сүңгіп кеткен Әділ маған осының бәрін есіме түсірді. Бірақ, өткенің қанша сағынышты болса да сен алға ұмтыласың, өмір-жарысқа түскен қатар-құрбыңнан қалысқың келмейді.

Студенттік шақты еске алған соң Әділмен сыйлас, сырлас дос-жар болған қыздардың ішінен біреуі туралы Дариғаның құлағына алтын сырға деп қойып айтайын. Үшіншіні бітірген жылы бізді Солтүстік Қазақстан облысына астық жинауға жіберді. Әйтеуір Сулы деген теміржол бекетінен түсіріп, Тимирязев ауданына жүк көлігіне тиеп алып кетті. Бір үлкен шаруашылыққа бірінші курсты жаңа бітіргендер де келді. Совхоздың жөндеу жұмыстарына 4-5 бала керек екен. Ескен Елубаев, Рафаэль Ниязбеков, Бауыржан Жалмиев, Жұматай Жақыпбаев бесеуміз соған кеттік. Тіпті жатын орындарымыз да бөлек болды. Рафаэль мен Жұматай бірінші курсты жаңа бітіргендер болатын. Алдыңғысы мектептегі сыныптасым болғандықтан екеуін мен қосып алдым.

Ал қырманда күндіз-түні қарбалас.Балалар екі ауысыммен жұмыс істейді. Шіркін, жастық-ай, сонда да ауыл шетіндегі шағын көлді жағалап жұптасып қыдырып қайтуға да уақыт тауып жатады. Сол көлдің жағасында бірінші курсты бітірген Лиза (аты өзгертілді) деген қызбен Әділдің де қыдырып жүргенін байқадым. Алматыға оралған соң көп ұзамай мені әскерге алып кетті. Әскери борышымды Таллин қаласында өтедім. Менің артымнан Әділ мен Әбіш те аттаныпты әскерге. Әділ бойы ұзын болған соң Бакудегі әуе күштері десантының қатарын толықтырыпты. Бірақ, мен отбасылық жағдайыма байланысты екі жылға сәл толмай оралдым әскерден. Келіп, сабаққа кіріскеннен кейін «Лениншіл жас» газетінен «Жауынгер Әділ Дүйсенбектің мақаласын талқылаймыз» деген айдарды көзім шалды. Алып қарасам, өзіміздің Әділ. Артынан оның мақаласын да тауып оқыдым. Не керек, әскерге алынған соң Лизамен біраз уақыт хат алмасып тұрады. Артынан ол хат сиреп, мүлдем тоқтайды. Бұндай жағдай өз басында ғана емес, бөлімдегі көптеген жауынгерлердің басынан өтеді. Міне, болашақ жазушы-журналист осы жағдайды үлкен моральдық мәселе етіп көтереді. Жастар газетіне де осындай тақырып керек. Дереу айқайлатып ала жөнеледі. Айқайлап тұрған тақырыпты республика жастары да іліп әкетіп, әйтеуір оның мақаласы бүкіл қазақ еліне тарайтын газетте ұзақ уақыт талқыланып жатты.

Кейін әскерден оралғаннан кейін де екеуінің аралары жараспады. Көп ұзамай Әділдің өмірінде Құдай қосқан қосағы Дариға пайда болды. Бұл кезде олар Бөгенбай көшесі мен Байтұрсынов көшесінің бойындағы жатақханада Әбіш екеуі бір бөлмеде тұратын. Олар өндірістік практикаға Жамбыл қаласына, яғни, қазіргі Таразға барып, бірнеше ай тұрып қайтқан-ды.

Жамбыл педагогика институтында оқып, әрі сол жерде жұмыс істейді екен Дариға. Бойы өзімен құралпы қыз екен. Содан бері қаншама жыл өтсе де маған Дариға әлі күнге дейін не азбай, не одан әрі толмай бір қалпын сақтағандай көрінеді.

Бұлардың бесінші курста оқып жүрген кезі еді. Сол жылдары бәріміз үйлендік. Енді жұмыстарымыз да бөлек, тұратын орнымыз да алыстап, пәтер мәселесі де қинап, университет қабырғасындағыдай бір-бірімізді күнде көрмесек бірдеңеміз жетпей тұратындай көрінетін кез емес еді бұл. Әрқайсымыз отағасы болып, отбасының қамын жасайтын кезіміз болатын. Үйлену оңай болғанымен, басыңда пәтерің жоқ болған соң біраз қиындықтарды да бастан өткіздік осы бір екі-үш жылдың көлемінде. Міне, сол ауыртпалықтардың бәрін көріп, көтеріп барып келіп тұрған беті еді ауылға Әділдің.

Көгілдір вагонмен қараңғыға сүңгіп кеткен досым маған осының бәрін есіме түсірді. Әйткенмен өткенің қанша сағынышты болса да, өмір бойы байланып қала алмайсың оған. Осындай еске алулар болмаса, зулаған өмір-пойыз сені алыстата береді, алыстата береді жастығыңнан. Өзің де болашаққа асығып, алға қарай ұмтыласың. Өйткені енді сен өмір жарысына түскенсің. Сол жарыста шаң жұтып қалғың келмей армандарыңды ерттеп мініп, қатарларыңнан қалыспай шабуға тырысасың. Үйлі-баранды, қызметті болып кездескенімізде біздің бойымызда осындай ерекшелік те пайда болғанын байқадық бір-бірімізден.

Өзара әңгімеміз тек өткеніміз ғана болған жоқ. Біз болашақтың қамын да сөз еттік. Сол кезден бастап мен Әділдің Таразға келе қалса атбайлар үйіне айналдым. Ал Алматыға бара қалсам, бір күн туған әпкемнің үйіне қонсам, Әділдің үйінде түстеніп, керісінше Әділдің үйінде қонсам, әпкемнің үйінен түстеніп жүрдім. Тіпті «менің редакторым Әділ Дүйсенбек, басқа ешкімді білмеймін» деп те қалжыңдайтынмын. Қалжыңдасам да шындығы сол еді. Анша-мұнша шаруаңды Әділ тындырып жатқан соң, басшылардың алдына бара бермейтінмін.

Меншікті тілшілерді редакцияға жылына бір рет міндетті түрде жинайды. Жақын жер болған соң басқа да жағдайлармен келіп, кетуге тура келеді маған. Әсіресе СОКП-нің съезі тұсында газетті шығарысуға меншікті тілшілердіде жегетін. Ол кезде газет шығарудың машақаты көп. Қорғасынмен тереді. Оған қарамай жағылады. Міне, сол май әріптерді дұрыс көрсетпей қате кетіп қалады. Ондай қате съезд материалдарынан кетсе, әрі ол қате ыңғайсыздау болса, бас редактордың өзінің басын жұтады. Сондықтан бас редактор да барынша қам жасайды. Меншікті тілшілерді жинап «Правда» газетімен, «ТАСС», ҚазТАГ мәтіндерімен қосымша салыстырулар ұйымдастырады. Әсіресе «қорғау» сөзіндегі «о»-ның орнына «а» түсіп кетсе, «Отан қарғау» болып шыға келеді. Болмаса, «СОКП ХVІІ съезінің қорытындылары» дегендегі «о»-ның орнына «ы» түсіп кетсе, «қырытындылары» болып шыға келеді. Қате деген ұры ғой. Ақмола облысындағы Жарасбай Нұрханов деген тілші газетке «Жақсылап салыстырдық, қатеден алыс тұрдық» деп өлеңдетіп қол қойған ғой. Сөйтсе тура сол жазудың астынан қате кетіп қалыпты. Міне, осындай бір жағы күлкілі, бір жағы «қырсықты» жағдайлар кездесіп жатады мұндайда.

Сондай кезекті съездің тұсында мен де шақырылып, Алматыға түс ауа келген едім. Редакцияға енді бас сұққалы жатқанымда алдымнан бір топ әріптестерім шыға келді. «Сен бүгін кезекшісің», деді Әділ, сондықтан қазір менімен үйге барып біраз тынығып ал. Не керек, әлгі жігіттердің көңілін қимай соларға ілесіп кеттім.

Кешке кезекшілігіме кірістім. Түн ортасында бас редактор Сапар Байжанов телефон шалды.Құлақшасын мен көтеруіме тура келді. Ол кісі өзінің ескертпелерін айтты. Ал мен оларын беттерге түсірдім. Содан типографиядан әппақ таң атқанда бірақ кеттім де түске дейін тынығып, редакцияға түс қайта бір- ақ бас сұқтым.

Cөйтсем, тілшілер бөлімінің меңгерушісі Бекділдә Абдуллин деген ағамыз таңертең бас редакторға Елен Әлімжанды шақыртып едік, бірақ ол келген жоқ деп мәлімдейді.

– Ол түнде кезекшілікте болған сияқты еді ғой. Тіпті телефонмен де сөйлестім, – деп аң-таң болады Сапекең. Оған Бекең «басқа тілшімен шатастырғансыз ғой» деп жеңістік бермейді. Не керек, мен бас редактордың алдынан бір-ақ шықтым.

– Әділ Дүйсенбек бүгін кезекшісің сондықтан тыныға бер деген соң кезекшілікке бірден шығып едім, – деп ақталдым мен.

– Бізде тілшілер бөлімі бар. Оның меңгерушісі – Бекділдә Абдуллин. Не істесең де сол кісімен хабарласып істе, – деді Сапекең. Сөйтіп, менің редакторым Әділ Дүйсенбек, басқа ешкімді білмеймін деген қалжыңымның ақырында осылай редактордан ескерту алғаным бар еді.

Қазір ойлап отырсам біздерді сүйейтін, қызметте сүйрейтін туыстарымыз болмапты. Біз бір-бірімізге сүйеу, таяныш бола біліппіз. Сондықтан да бір-бірімізге керек болыппыз. Сол керектіктің қадірін түсініппіз. Кейін іні-қарындас, өз балаларымыз өскенде бұл қажеттілік бұрынғыдан да арта түсті. Сөйтіп, біздің достығымыз отбасымызбен, жақындарымызбен де араласып кеткен туыстықтың ерекше бір түріне айналыпты. Енді, міне, сондай достар сиреп барады. Алдымен Ескеннен айырылдым. Содан кейін Әділ. Ол ұзақ ауырды. Шынымды айтсам, бұл дерт алып кетеді деп ойламаппын. Алдында қайтыс болған ұлы Айдардың қазасына қатты қамығып, содан да ауруы созылыңқырап жүрген шығар деп ойладым. Өзі де, Дариға да еш сыр бермеді. Соңғы күндерге дейін «жақсы, жақсы» деумен келді. Жас бозбала күнінде өзін қалай сырбаз ұстап, сынын бұзбай жүретін болса, өмірінің соңғы күндеріне дейін телефонмен өзімнің ғана емес, ел-жұрттың да жағдайын сұрап, тіпті облыста болып жатқан ауыс-түйістерге дейін сұрастырып, өмірге құштарлық танытып жатты. Тек ең соңғы сөйлескенде ғана қысқа-қысқа жауаптастық. Сонда да бұл өмірге нала айтпады. Денсаулығым жақсы деумен шектелді. Ал бір аптадай уақыт өткенде қайғылы хабар келді. Оның еңбек кітапшасында ауылдан Алматыға келгеннен кейін әскерде қызмет еткені және «Егемен Қазақстанда» жұмыс істегені туралы ғана
жазба болуы керек.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support