- Advertisement -

Жаңа Қазақстанға бастайтын қарышты қадам

39

- Advertisement -

5 маусымда өтетін референдумды кеңінен насихаттау мен үгіт жүргізу мақсатында «Аmanat» партиясының референдумды қолдау штабының мүшесі, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли облысқа арнайы сапармен келді.

Ең алдымен республикалық штаб мүшесі мен «Аmanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұстаздары мен журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесті.

Кездесу барысында Берік Уәлиұлы студент жастарға саяси науқанның маңызын түсіндіріп, әсіресе болашақ журналистердің мұндай шараларда белсенді болуы керектігін атап өтті. Ал студенттер түрлі сауал қойып, оған нақты жауап алды. Жастарды көбінесе Президентпен жұмыс істеудің ерекшеліктері, журналистика мамандығының қыр-сыры қызықтырады екен. Қойылған сауалдың, айтылған әңгіменің дені сол төңіректе болды.

Келесі жиын облыстық онкологиялық аурухананың ұжымымен өтті. Ауыр дертке душар болып, өмір үшін күрестің бел ортасында жүрген жандарды емдеп, оларға үміт сыйлап жүрген ақ халаттылармен кездесуде Мемлекет басшысының ұстанымы, референдумнан күтілетін нәтиже сөз болды.

– Бесінші маусымдағы жалпыхалықтық референдум – бұл елімізді Жаңа Қазақстанға бастайтын үлкен саяси науқан. Сол науқанның алдында мұндай түсіндіру жұмыстары керек. Өйткені әлі күнге дейін референдум мен сайлауды ажырата алмай жатқан азаматтар бар. Бұл референдумның басты ерекшелігі– ол Президенттің өзі айтқандай, суперпрезиденттік жүйеден өзінің кейбір өкілеттіктерін басқа билік өкілдеріне берумен ерекшеленеді. Әдетте кез келген билік өзінің билік құрған уақытында өз құзіретін одан сайын күшейту үшін Конституцияны өзгертіп, оны өзіне ыңғайлы етіп жасауға тырысады.

Ал бұл жолы біздің Президент өзінің шексіз билігін азайтып, оны парламентке, атқарушы органдарға беріп отыр.

Конституцияға енгізіліп отырған 33 баптың барлығы да соңғы жылдары халық арасында жиі талқыланып, «Осылай неге болмайды?» деп айтып жүрген мәселелердің барлығы қамтылып, халық алдына ұсынылып отыр. Сондықтан біз бұл мәселені барынша тәптіштеп түсіндіріп жатырмыз, – деді Берік Уәли.

Кездесу Тараз қаласындағы ІТ мектебінің ұжымында және Байзақ ауданындағы «Рола» кәсіпорнында да жалғасты.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support