- Advertisement -

ЖЫЛУ, ГАЗ, СУ, ЖАРЫҚ БОЛСА…

60

- Advertisement -

«Аq jol» газеті ауыз судың азабын, жылудың жырын, іргесінен газ желісі өтіп жатқанымен көгілдір отынның рахатын көрмеген ауылдардың, жарқ ете қалып жоқ болатын жарықтың әлегін үнемі жазып келді. Жазып қана қоймай әкімдіктер мен тиісті мекеме басшыларына сынға жауап беруі қажеттілігін айтып хат та жолдайтын. Газет сынынан кейін де жұмыс қолға алынбай жатса, қайта қозғайтын. Облыстық басылымда елдің жоғын жоқтау қалада болсын, аудандарда болсын өзінің нәтижесін беріп те келеді.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ауыз су, табиғи газбен қамту, жылу-энергетикасы және тұрғын үй жөндеу бағытында 133 жоба қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда бөлінген қаражат 39 пайызға өскен.

Өңірдегі 371 елді мекенде 1 150,1 мың адам тұрады. Оның ішінде Тараз, Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында 460,3 мың адам, 367 ауылдық елді мекенде 689,8 мың адам тұрып жатыр. Өткен жылы орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 419 мың адам немесе 91 пайыз, ауылдық елді мекендерде 612,2 мың адам немесе 88,8 пайызды құраған. Бүгінгі күнге ауылдық елді мекендерде ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші 90,2 пайызға жетіпті.

– Биыл 49 сумен жабдықтау нысанының құрылысы, оның ішінде 35 нысан жыл соңына аяқталса, 14 нысан құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл соңына дейін қалаларды сумен жабдықтау көрсеткішін 425,4 мың адам немесе 92,3 пайызға, ауылдық елді мекендерде 651,8 мың адам немесе 94,4 пайызға жеткізу жо спарлануда. Облыстың елді мекендерін толық ауыз сумен қамтудың картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз ауыз сумен қамту көзделген. Жоспарға сәйкес, осы бағытта 15 ауылдық елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, қалған 21 ауылдық елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттің нақтылауында қаржы қарастырылатын болады. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамтылмай отырған 67,8 мың адам немесе 98 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 63,4 мың адам тұратын 67 ауылдық елді мекенге су жүйелерінің құрылысын жүргізу жоспарланса, халық саны 200-ге дейінгі 4,4 мың адам тұратын 31 ауылдық елді мекенге суды тазартудың кешенді блок-модульдерін 2022-2025 жылдары орнатып, аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші қалаларда биыл – 92,3, келер жылы – 97,5, 2024 жылы – 98,5, 2025 жылы 100 пайызды құраса, ауылдық елді мекендерде де 2025 жылы 100 пайыз болмақ, – дейді басқарма басшысы Құдайберген Қорғанбаев.

2003 жылы Талас ауданы аумағынан «Амангелді газы» ашылғанда облыс тұрғындары бөркін аспанға атып қуанғаны есімізде. Одан бері жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, от жағып, күл шығарып отырған ауылдар аз емес. Кезінде «Аq jol»-да басқа аудандарды былай қойғанда газ желісі іргесінен өтіп жатқан Талас және Байзақ аудандарының көптеген елді мекендері көгілдір отынның рахатын көре алмай отырғанын көтеріп, «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп тақырып қойып, дабыл қақтық. Облыстық басылым көтерген өзекті мәселе Үкіметке жетті ме, әр жылдары республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, біршама ауылға газ тартылды.

Дегенмен әлі күнге 371 елді мекеннің 257-сі ғана табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сондықтан бұл жұмысты мықтап тұрып қолға алу керек. Қолдағы мәліметке қарағанда облыс бойынша 18 газдандыру нысанының құрылысы жүріп жатса керек. Оның 10-ы биыл аяқталса, 8-і алдағы және 2024 жылға өтпелі екен. Биыл 17 елді мекенде 11,3 мың тұрғын табиғи газбен қамтылып, 89,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Бүгінге дейін 117,6 мың адам тұратын 114 елді мекен газдандырылмаған. Алайда 44 елді мекенде газ құбырларының құрылысы жүргізілуде екен. 6 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылса, 22 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал 14 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан жоба әзірлеу қажет көрінеді.

Аудан әкімдері арқаны кеңге салып жайбарақат отыруларына бұдан былай жол берілмейді. Ауылды инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ете алмаған әкімдерден қатаң сұралатын болады. Басқарма тарапынан да бақылау болуы керек.

Облыс бойынша 9 негізгі жылу энергиясын өндіруші кәсіпорын бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандарда 565 автономды қазандықтар орналасқан. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 348,2 километр, оның 106,6 километрі магистральды, 241,6 километр ішкікварталдық желілер. Тозу деңгейі 48,5 пайызды құрайды. Биыл 7,7 километр жылу желілерін жөндеуден өткізіп, тозу деңгейін 2,2 пайызға төмендету немесе 46,3 пайызға жеткізу жоспарланған.

Жылу желілерінің жартысына жуығы шіри бастаса, қыстан қатып қалмай аман шыққанымызға мың мәрте шүкіршілік етуіміз керек шығар. Қаржыны бірінші осыған салу керек, облысты оңтүстік өңір деп арқаны кеңге салып отыруға әсте болмайды. Қысы қатты, ауық-ауық ақ түтек бораны соғып тұратын Жаңатасты айтпағанда, қысы сонша қыспайтын Тараздың өзінде күннің бір тәуліктің ішінде мың құбылатыны естен шықпаса дейміз.

2021-2022 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде 1,1 миллион гигакалория жылу энергиясы өндірілген. Облыс бойынша 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет саласы нысандары мен 1 622 көпқабатты тұрғын үй қамтамасыз етілген. Әйтеуір, Құдай сақтады ма, әлде коммуналшылар өздерінің міндеттерін мінсіз атқарғандықтан да шығар өткен жылыту науқаны төтенше жағдайсыз, тіпті оқыс оқиғасыз өткендей. Кейбір жылдары қалаларды айтпағанда алыс ауылдардағы ағайындар «үйіміз де, кеңсеміз де суық, қатып қалдық» деп редакцияға қоңырау соғып, дабыл қағып жататын. Өткен жылыту маусымында ондай «суыт хабар» болған жоқ.

Жыл сайын жылыту маусымы аяқталысымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы алты айғы жұмыстарын қорытындылайды. Кеткен кемшілік бар ма, оған қалай жол берілді, алдағы маусымда оны болдырмау жағын зерделейді. Алдағы жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін қолға алынатын жұмысты пысықтап, жоспар жасайды.

Биыл да облыс нысандарының 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, дайындық іс-шараларын 2022 жылдың 10 қазанына дейін аяқтау қажет, білім нысандарының 100 пайыз дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету міндеттелген. Алайда білім беру нысандарын жаңа оқу жылы басталардан бір-екі апта бұрын сақадай сай дайындап қою қажет-ау.

Барлық жылу энергетика кешендерімен жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары да жасалған. Қазіргі кезде кестеге сәйкес жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтары үшін жоспарланған көмір отынын тұтыну көлемі 60,8 мың тонна болса, білім беру нысандарына – 51, денсаулық сақтау нысандарына – 5,2 және мәдениет нысандарына 4,2 мың тонна қажет. Былтырғы тұтынылған көмір отынымен салыстырғанда 6,6 мың тоннаға төмендеген. Халық үшін күзгі-қысқы маусымдағы жоспарлы көмір отынын тұтыну көлемі – 160,3 мың тонна. Өткен жылмен салыстырғанда, қажеттілік 27,6 мың тоннаға төмендеген, бұл көрсеткіш 2021 жылы газдандырылған 20 елді мекеннің нәтижесінде мүмкін болыпты.

Коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар және халық үшін көмір өнімін тұтынудың 2022-2023 жылдар кезеңіне арналған жоспары әзірленіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісілген. Былтырдан бастап облыс бойынша 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары басталғаны көңіл қуантады. Ол үшін кезеңдік іске асыру іс-шаралары бекітілген. Байзақ – 10, Қордай – 86, Т.Рысқұлов – 16, Меркі – 9 , Талас – 17, Шу ауданы – 18 нысан.

Былтыр 39 әлеуметтік нысанның қазандықтары газға ауыстырылса, республикалық және облыстық бюджет есебінен мектептерден – 9 жоба, жергілікті бюджет және демеушілер есебінен мәдениет, денсаулық сақтау және білім нысандарынан – 30 жоба. Байзақ – 6 , Қордай – 10, Т.Рысқұлов – 12, Меркі – 4, Талас – 2 және Шу ауданы – 5 нысан газбен жылытылады.

Биыл 35 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыру жобаларын іске асыру жоспарланып, бүгінгі күнге республикалық бюджеттен 8 жоба қолдау тауыпты. Қалған 27 жобаны қаржыландыру облыстық бюджеттің нақтылауында екен. 156 нысанның барлығын 2025 жылға дейін газдандыру жоспарланған. Бұдан бөлек, газдандырылған елді мекендерге қарай қосымша нысандардың қазандықтарын газдандыру жобаларын іске асыру да көзделген.

Бүгінде облыста электр энергиясын өндіретін жалпы қуаты 1587,8 мегаватт құрайтын 20 нысан жұмыс істейді. 2021 жылы облыста 3,2 миллиард киловатт сағат электр энергиясы өндіріліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 25 пайыз өсімді көрсеткен. Ағымдағы жылы облыста өндірілетін электр энергиясының көлемі болжаммен 5,1 миллиард киловатт сағатты құрайтын болады немесе өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Облыста электр энергиясын тұтыну былтыр 4,4 киловатт сағатты құрапты, оның ішінде облыстың энергия көздерінің үлесі 72,2 пайызға жетсе, солтүстік көздерден сатып алу 27,8 пайызды құраған.
Биыл оңтүстік өңірде қалыптасқан электр энергиясына тапшылықты жою мақсатында былтырғы қарашада «Жамбыл ГРЭС» -тің 3 блогы, ал биылғы қаңтарда 4-ші энергоблок қосылып, бұл жиынтығында станса жүктемесін 600 мегаватқа ұлғайтуға мүмкіндік берген. Станса бүгінде 2 блокты режимде жұмыс істеп, сағатына 228 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Сондай-ақ Жамбыл ГРЭС-і Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Ақмола, облыстарын қамтамасыз етуде.

Төрт қаладағы 1766 көпқабатты тұрғын үйдің 1504-і кондоминиум объектісі ретінде тіркеліпті. 1766 үйдің 985-і қанағаттанарлық жағдайда немесе 55,7 пайыз, жөндеуді қажет ететін үй саны – 781 немесе 44,2 пайызды құрайды, жөндеуден өткен үйлердің саны – 490 немесе 27,7 пайыз. Он жыл көлемінде қалаларда 490 үй жөндеуден өтіпті. Ал өткен жылы облыста барлығы 73 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, республикалық бюджет есебінен Тараз қаласында – 57, жергілікті бюджет есебінен 8 үй, қайтарым қаражат есебінен де 8 үй жөнделген.

Биыл республикалық бюджеттен Тараз қаласындағы 50 үйге күрделі жөндеу жүргізу қарастырылыпты. Қосымша ағымдағы жылы Шу ауданында 3 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесін 51,9 пайыздан 48,4 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының алдында алдағы уақытта атқаратын осындай ауқымды жұмыс бар. Жоспар жасалған, міндет айқын. Енді бұл қағаз жүзінде қалмауы керек. Облыс коммуналшылары жұмысты бұрынғыдан да еселеп ширатуға тура келеді. Әрине, бұл жерде Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жылу, газ, су, жарық болса халық басқа нәрсе сұрап әкімдіктің немесе коммуналдық мекемелердің табалдырығын тоздырмайды.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support