- Advertisement -

Ассамблея мүшелерінің де айтары бар

167

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті. Облысты мекендеген 87 этнос өкілінің қандай тілегі, шешімін күткен мәселесі бар екенін тыңдады. Бүгінде облыстағы 25 елді мекенде тығыз шоғырланған ұлт өкілдері өзара тату-тәтті күн кешіп жатқанын айта кетейік.

Жиында ең алдымен республикалық «Барбанг» күрділер қауымдастығының вице-президенті, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Латиф Айдаров сөз алып, бірқатар мәселені алға тартты. Олардың қатарында этномәдени орталықтарға арнайы гранттар бөлу, сыйақы тағайындау, әлеуметтік желілер мен ақпарат тарату мәселелерін көтерді. Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев пен облыстық ҚХА төрайымы Парида Мамедовадан аталған мәселелерге қатысты сұрақ қойып, оларды шешудің түрлі тетіктерін сұрастырды. Әсіресе мемлекеттік бюджет есебінен гранттар бөлу мәселесін егжей-тегжейлі қарастырып, тек заң аясында шешу керектігін жеткізді.

Келесі кезекте Жуалы аудандық «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Есмира Мамедова сөз алды. Бастан-аяқ қазақ тілінде сөйлеген ол өз өмірі жайлы аз-кем мағлұмат беріп, әзірбайжан ұлтына қазақ халқы тарапынан жасалған жанашырлыққа бас иетінін жеткізді. Аудандық перзентханада ұзақ жылдар бойы талмай еңбек еткен ол қоғамдық жұмыстардан да шет қалмаған. Өңір басшысымен болған кездесуде ол аудандық бірлестік жетекшісі ретінде мемлекеттік тапсырыс алуға көп жылдардан бері қол жеткізе алмай келе жатқанын, оның қасында кейінгі кезде құрылып, еш тәжірибесі болмаса да өзге ұйымдар қаржыны игеріп жатқанын айтады.

Бүгінгі күнге дейін облыстық және республикалық шараларды былай қойғанда, халықаралық дәрежедегі іс-шараларға қатысып, елдің атын шығаруға атсалысып жүрген ұйымның атқарған ісі көп. Жалпы алғанда, облыстағы барлық этномәдени ұйымдар кез келген істе белсенділік танытудан танған емес. Мысалы, олар өткен 5 айдың ішінде 10260 адамға 78 миллион 300 мың теңге көлемінде қайырымдылық жасағанын атап өтуге болады.

Ал бірлестіктер үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан барлық конкурстар ашық және жариялы түрде өтуі керектігін айтқан облыс әкімі бұл мәселеде жіті тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ жиынның күн тәртібіне сай сөз алған «Радонеж» орыс қауымдастығы этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Айваз Османов бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Ал жиынның сұрақ-жауап бөлімінде өзбек этномәдени ұйымының жетекшісі Бахром Муминов Тараз қаласындағы «Ташкентская» көшесінің атын ауыстыру туралы жел сөздің тарап жатқанын, екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас пен қазақтың талай би-шешенінің Өзбекстанда жатқанын ескере отырып, мұндай шешім шықпауына ықпал етуін өтінді. Ол сондай-ақ, еліміздің көпұлтты мемлекет екенін ескере отырып, ономастикалық комиссия құрамында ассамблея мүшесінің де болуын ұсынды. Облыс әкімі көше атын ешкім ауыстырмайтынын, бұл жай ғана дақпырт екенін айтты. Ал ономастикалық комиссия құрамына ассамблея мүшесінің кіру туралы ұсынысты қабылдап, тиісті шешім шығатынын жеткізді.

«Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко облыс әкімінен «Достық үйі» төңірегіндегі дауға нүкте қоюын өтінді. Яғни әлеуметтік желілерде мемлекеттің қандай да бір мұқтаждығы үшін бүгінде облыстың этномәдени бірлестіктері бас қосып отырған «Достық үйін» алатын болыпты деген қауесеттің қаншалықты рас екенін, егер рас болған жағдайда мұндай қадамға бармауын өтінді. Ол сондай-ақ, ұлтаралық қарым-қатынас мәселелерін кеңінен талқылау үшін өңір басшысын аталған «Достық үйіне» «галстуксыз кездесуге» шақырды. Бұл ұсыныс пен шақыртуды құп алатынын айтқан Нұржан Нұржігітов әрқашан бірлікке бастайтын істе күш біріктіре жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.

Түрлі ұлт өкілі бас қосқан жиында қазақ тілінің мәселесі де сөз болды. Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі: «Конституциямызда жазылған, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп. Сондықтан біз бұл тілді құрметтеуіміз керек, осы тілде сөйлеуіміз керек. Бұрын Кеңес одағы кезінде біз екі тілді қатар меңгердік. Қазір де шетелдерге шықсақ екі тіл білетінімізді айтамыз. Сол сияқты біз қазір де қайда жүрсек те қазақ тілі туралы айтып жүруіміз керек» деген пікірін білдірді.

Ол сондай-ақ алдағы саяси науқан – жалпыхалықтық референдумды насихаттау мен атсалысуға да ассамблея мүшелерінде белсенді атсалысуға шақырды.

Айта кетейік, бүгінде өңірде 75 этномәдени бірлестік болса, әділет органдарында 34 этномәдени бірлестік тіркелген. Оның ішінде 6 этномәдени бірлестік филиал ретінде жұмыс жасайды. Олар жыл басынан бергі бес айда қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 828 іс-шара өткізген.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support