- Advertisement -

ШЫРЫН АҚЫН ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІНЕ ТАРТУ ЖАСАДЫ

127

- Advertisement -

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің
иегері Шырын Мамасерікованың есімі елімізге кеңінен танымал. Ақынның осы жылдарға дейін «Шапағат нұры», «Фатима» және басқа да бірнеше кітабы оқырманға жол тартып, жақсы бағасын алған болатын.

Жақында Ш.Мамасерікованың «Тәуелсіздік тартулары» атты жаңа кітабының тұсауы Ш.Уәлиханов
атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кесілді.

Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, кеш иесінің ақындық тереңдігіне, азаматтығына, Меркі ауданының Құрметті азаматы ретінде қоғамдағы белсенділігіне кеңінен тоқталды. Жиында жазушы-драматург Елен Әлімжан: «Шырын – еңбекқор. Өзін айтыскер ретінде де көрсете білді» десе, белгілі ақындар Пернебай Дүйсенбин мен Қайырбек Асанов меркілік ақынның Күләш Ахметова, Айша Көпжасарова секілді замандастарымен шынайы достығына тоқталды. Іс-шара барысында ақындар Айша Көпжасарова, Ғайни Әлімбекқызының Шырын ақынға арнаған өлеңдерін толғана оқып беруінен меркілік Мамасерікованың достыққа адалдығын, шынайы болмысын көрдік. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Кеңесқызының және алматылық белгілі ақын Надежда Лушникованың онлайн құттықтауы да Шырын ақынға деген шексіз құрмет дер едік. Мәдениет саласының майталманы Дүйсенәлі Бықыбаев та, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ғылым докторы Сағындық Ордабеков те Шырын ақыннан жылы лебіз, қолдауларын аяған жоқ. Ал педагогикалық училищеде бірге оқыған досы Ермеккүл Олжабаева оның өлеңді студент кезінен жазатынын, бірақ алғашында ұялып, көрсетпей қойғанын айта келіп: «Кейіннен Шырын екеуміз оның өлеңін «Aq jol» газеті редакциясына апардық. Өлеңдерін ақын Жақсылық Сәтібеков қабылдап алды. Арада 10 күн өткенде әлгі өлеңдер газет бетінен «жарқ» ете қалды. Өлеңнің гонорарына шай ішкеніміз бар. Училищеде ақын Асқар Тоқмағанбетовпен кездесу болғанда, Шырын ұяла отырып өз өлеңдерін оқыды. Асқар Тоқмағанбетов сонда өте риза болып, батасын берді» деді. Кітаптың тұсауын Еркінбек Солтыбаев, Елен Әлімжан, Айша Көпжасарова және Ермеккүл Олжабаева кесті.

Кешті Шырын Мамасерікова қорытындылап: «Бағана Ғайни айтып өткендей, жас кезімізде «Шын дос болсаң айтшы құрбым, қай арнамен ағайын, қай сұлудың омырауына үміт отын жағайын» деген өлең жаздық. Ол өлең әнімен қазір де кең айтылып жүр. Алматыға барған жоқпын. Әйтпесе кезінде ақын Фариза Оңғарсынова талай рет шақырды. 24 жасымда жесір қалып, жалғыз перзентімді жеткіздім. Ұлым отбасылы болып жетіле бергенімде одан да айырылып (көлік апаты), екі немереммен қалдым. Қазір сол немерелерді жеткізіп, шөбере сүйіп отырмын. Меркіде қалдым. Меркіден жаман болған жоқпын. Тәуелсіздік – таусылмас байлығымыз. Сол Тәуелсіздіктің арқасы бәрі. «Тәуелсіздік тартулары» кітабым – сол еркіндікке, егемендікті алып келген, тер төккен жандарға алғысым» деп ағынан жарылды Шырын Мамасерікова.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support