- Advertisement -

БАСЫНА ҚОНҒАН БАҚТЫ КӨТЕРЕ БІЛГЕН АЗАМАТ

395

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, біз әкімдердің еңбегін, жұмысының нәтижесін көбінесе соның билігі кезінде салынған ғимараттарға, ашылған нысандарға қарап бағалайды екенбіз. Иә, елдің игілігі үшін берілген түрлі нысандар мемлекетіміздің жедел дамып, өркендеп келе жатқанын байқатумен қатар әкімнің де имиджін асқақтата түсетіні анық. Бұл елдің көзіне бірден түсетін, бірден оң пікір қалыптастыратын тірліктер. Бәлкім, біздің әкімдердің лента қиюға құмар болатыны да содан болар…

Әйтеуір «Мынау ғимарат пәлен әкімнің кезінде ашылды, мынау нысан түген әкімнің кезінде пайдалануға берілді» деп, қала, аудан орталығындағы әдемі ғимараттарды саусақпен бөліп, әр әкімнің еншісіне жазып тастайтынымыз рас. Мейлі ғой, құрылыс көп болғаннан тұрмыс тоқырап қалмайды. Қайта лентасы қиылған әрбір нысан халыққа қуаныш сыйлайды емес пе?!

Жамбыл облысын Бөрібай Жексембин 2004-2010 жылдар аралығында, Яғни, бақандай бес жарым жыл басқарды. Елімізде тәуелсіздіктің көк Туы желбірегелі бері Жамбыл облысын дәл осылай ұзақ уақыт басқарған әкім оған дейін де, одан кейін де болған емес. Әрине, алдағы уақытта бұл рекордтың жаңаруына тілектеспіз, бірақ әл-әзірге Әулиеата өңірін басқарған онға жуық әкімнің ешқайсысы да бұл жағынан Бөрібай Биқожаұлымен бәсекелесе алмайтыны анық.

Бөрібай Жексембин әдемі жымиысымен жұрттың жүрегіне сенім ұялата білген Серік Үмбетовтен кейін облыс тізгінін ұстады. «Жоқ деген жоғалады, бар деген оңалады» дегенді ұран қып ұстаған Серік Әбікенұлы қашанда қарапайым жұрттың ортасынан табылып, іскерлігімен танылып, елдің нағыз сүйікті әкіміне айналғаны рас.

Әрине, әкімнің жұмысының бағасын ең алдымен халық береді. Бөрібай Биқожаұлы да адал еңбек етті, халыққа жақын болды, бар күш-жігерін осы елдің тыныс-тіршілігінің жақсаруына жұмсады. Сондықтан Бөрібай Жексембиннің билігі кезінде атқарылған тірліктерді сараптайтын болсақ, осынау бес жыл бекерге өтпегенін анық аңғарасыз. Ол жылдары жергілікті бюджеттің жағдайы мүшкіл, әлеуметтік мәселеде көбінесе кәсіпкерлерге арқа сүйеген заман болатын. Дегенменде бұл билікке келген 2004-2005 жылдар ел экономикасы есін жиып, халықтың үміті оянып, аймақтар ақырын-ақырын құрылыс алаңына айнала бастаған кез еді. Қарап отырсақ, сол жылдары облыстың даму бюджеті небәрі 5 млрд. теңгені құраған екен. Қазір бір ғана Қордай ауданының бюджеті 36 млрд. теңгеге жеткен.

Көне Тараздың қақ ортасында орталық мешіттің «жыры» ұзақ жылдарға созылғанын ел жақсы біледі. Орыс – орманы көп Солтүстік облыстар орталық мешіттерін әлдеқашан сайлап алғанда қазағы қалың Әулиеата жері құлшылық қылып, «әмин» деп бет сипайтын бір орталығын бітіре алмай, ұятқа қалып жүрген-ді. Елдің іші қашанда береке ғой, Бөрібай Жексембиннің жұмысты қайта ұйымдастырудың нәтижесінде 2007 жылы көптен күткен мешіт құрылысы аяқталды. Жамбылдықтар жап-жаңа мешітте Аллаға құлшылық ете бастады. Кейіннен Қанат Бозымбаев бұл мешітті қайтадан 800 миллион теңгеге қатырып тұрып жөндеп берді.

2006 жылы Тараз қаласының төрінен Бокс сарайы ашылғанда бүкіл спортсүйер қауым қуанғаннан қалпақтарын аспанға атты. Басқа-басқа бұл киелі қалада дәл осындай шаңырақтың бой көтеруі заңды да еді. Өйткені Жамбыл жері қазақ боксының шеберханасы екенін барлығы мойындайтыны анық.

Қазір Таразда ең қымбат пәтерлер – «Астана» мөлтекауданында. Қала тұрғындары мейлінше, осы ауданнан қоныс тепкісі келеді. Мөлтекауданның сәтті жерден орын тебуі және әсем тұрғын үйлерінің арасы кең-кең орналасуы, әр ауладан спорттық алаңшалардың салынуы, мектеп, бала-бақшаның тұрғындарға қолайлы жерде орналасуы, саябақ, жасыл-желегінің мол болуы, бәрі-бәрі о баста дұрыс жоспарланғанын байқатса керек. Кейінгі жылдары қала төңірегінен басқа да мөлтекаудандар дүниеге келді. Бірақ бәрібір «Астана» бәрінен асқақ тұр. Тіпті, шаһарларды шырайландырудың нағыз шебері Асқар Мырзахметов осы өңірді басқарған жылдары дәл осы «Астананы» «Үлгілі мөлтекаудан» жобасы бойынша тіптен, жетілдіре түсуді қолға алған болатын. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мырзахметов бұл жерді бекер таңдаған жоқ еді. Яғни, бұл жасыл аудан әлі де жарқырай, жайнай түседі деген сөз. Қалай айтсақ та, Бөрібай Жексембиннің билігі кезінде тұсауы кесілген «Астана» мөлтекауданы, соған жалғасып жатқан Тұңғыш Президент саябағы көне Тараз қаласының ең көрікті жерлерінің біріне айналғанын ашық айтуымыз керек. Айтпақшы, бұл жылдары Тараздан Шымкентке қарай шығатын жолдың бойынан тағы бір жаңа мөлтекаудан түсіп, бес-алты үй салынып та қойған болатын. Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова бастаған мақтаныштарымыз туған жерге туын тігіп, пәтер кілтін алып, мәре-сәре боп жатқан сәт те осы кездер еді.

Әкімнің еңбегі тек құрылыс салумен ғана бағаланбайтыны анық. Бөрібайдың билігі кезінде салынған
әр ғимаратты есептеп отыратын болсақ, біразға шабатынымыз рас. Өңірдің білім, денсаулық сақтау, спорт, шағын кәсіпкерлік, басқа да салаларында қаншама игілікті тірліктер атқарылды. Осынау тірліктердің қатпарында қаншама біз білмейтін, бірақ игілігін бәріміз көріп отырған жұмыстар қолға алынды десеңізші… Тараз қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру, ГРЭС, ТЭЦ мекемелеріне жүйелі түрде техникалық жабдықтар алу және жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп отыру да ол жылдары ең қиын шаруалардың бірі болды. Тараз, Шу, Қаратау қалаларындағы жылыту орталықтарынан бастап көпқабатты үйлердің жертөлесіне дейін жылу құбырларын, жалпы магистральды жөндеу, қайта салу, жаңғырту жұмыстары іске асырылды. Сол жылдары қаржының тапшылығына қарамастан Шу, Қаратау және Жаңатас қалаларының жылу орталықтарының қазандықтары алмастырылып, күрделі жөндеуден өткізілді.

Осы тұста айта кететін бір нәрсе, неге облыс басшысы ең алдымен жылу мәселесіне назар аударды? Оның да өзіндік себебі бар, біздегі жылу құбырларының барлығы дерлік кеңес одағы кезінде салынған. Арада 30-40 жыл өтіп, құбырларды ауыстыру мерзімі келген тұста кеңес одағы тарап кетті. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында байтал түгілі бас қайғы болып, күрделі құрылыстар жүргізу былай тұрсын зейнеткер мен мұғалім, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын тауып беру мұңға айналғанын жақсы білеміз.

– Міне, осындай кезеңдерден өтіп, ескіні жаңғыртуға бюджеттен енді-енді қаржы қарастырыла бастаған кезде біз ең алдымен халыққа жылу беру мәселесін реттеуді қолға алдық, – деп еске алады сол күндерді Бөрібай Биқожаұлы. – Жалпы жылу мәселесі қай кезеңде болмасын басты назарда, онда да облыстың бірінші басшыларының назарында тұруы тиіс. Себебі бұл үлкен қаржыны талап ететіндіктен аудан, қала бюджеттері көтермейді. Содан уақтылы шешімін таппайды. Қыстың күні ауыз су жүйесі апатқа ұшыраса, халыққа арнайы көлікпен тіршілік нәрін жеткізуге болады. Ал жылуды немен жеткізесің?

Әрине, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету де өте өзекті мәселе. Сондықтан Тараз қаласының халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистральды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. 2003 жылдан бастап ел үкіметі арнайы қаржы бөліп, «Таза су» бағдарламасы аясында елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жұмыстары басталғаны белгілі. Сол кездегі тәртіп бойынша облыс басшылығы қанша жобалау-сметалық құжаттарын дайындап, оны облыстық бюджеттен қаржыландырса үкімет те сол көлемдегі жобаны іске асыруға республикадан қаржы бөлетін. Дегенменде қаржыландыруға байланысты шектеу болмай қалған жоқ. Бұл сала бойынша әр жыл сайын 8-10 жоба іске асырылып отырды.

Иә, ел экономикасы енді-енді ес жинап, бюджеттің бүйірі бірте-бірте томпайып келе жатқан 2009 жылдан бастап елді мекендерде ФАП, Тараз қаласы мен аудан орталықтарынан емхана, аурухана салу жұмыстары қарқын алды. Мектеп салу жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Әсіресе ертеде саманнан салынған, үш ауысымда оқитын мектептерді қайта салуға қаржы бөліп, жаңарту жұмыстары іске асырылды. Міне, осының арқасында Тараз қаласы мен аудандарда жаңа мектептер салынып, пайдалануға беріле бастады. Ұзақ жылдардан бері «сақалды құрылысқа» айналған Төле би даңғылы бойындағы 8 қабатты қонақ үй тез арада жөнделіп, облыс орталығының әр бұрышында шашырап, арендада отырған облыстық мекемелердің біршамасы осы ғимаратқа көшіп келді.

Тоқсаныншы жылдардың басынан басталған облыстағы күре жолдардың бітпейтін жырына Бөрібай Биқожаұлы қозғау салды деуге әбден болады. Өйткені Мойынқұм мен Шуға, Меркі мен Қордайға, Жаңатас пен Қаратауға, Ақкөл мен Саудакентке апаратын жолдарды жөнге келтірді.

Жасыратыны жоқ, ол жылдары елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге рұқсат берілмейтін. Басты себеп – табиғи газ тек Өзбекстаннан ғана келеді және қыс айларында ол тіптен, дефицитке айналады. Бірақ дегенменде облыс басшылары алдағы күнге үлкен сеніммен қарады. Міне, сондықтан болар облыс аумағы арқылы Қазақстан-Қытай магистральды газ құбыры тартылғанда Бөрібай Жексембин бұл мүмкіндікті барынша сәтті пайдаланып қалуға тырысты.

– Тараздан Алматыға дейін тартылатын газ құбырының жобасы көп талқылауға түсті, – дейді бұл жөнінде Бөрібай Биқожаұлы.

– Алғашқы жоба бойынша құбыр Тараз-Меркі-Қордай арқылы тартылмақ болған. Осы жобаны бекітуге келгенде мен қарсылық таныттым. Құбыр Тараз-Луговой-Шу-Отар, одан ары Алматыға өтуі керек деген пікірімді айтып, дәлелдер келтірдім. Мұным келешекте осы бағытта компрессорлық төмендеткіш стансалары салынып, Шу, Мойынқұм, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының елді мекендері табиғи газбен қамтылса деген ой еді. Менің ұсынысым ескеріліп, газ құбыры осы бағыт бойынша жобаланып, іске асты. Бұл айтуға ғана оңай дүние, әйтпесе тиісті құзырлы орындармен мәмілеге келу өте қиын шаруа болды.

2007 жылы сол кездегі ел Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен Таразда химия өнеркәсібін дамыту мәселесіне арналған үлкен республикалық кеңес өтті. Осы кеңесте бұл саланың мамандары Қазақстан химия өнеркәсібінің жағдайына, өркендеу жолы, химия өнімін экспорттау мәселелеріне талдау жасап, зауыттың технологиялық құрал-жабдықтарын жаңарту, жаңғырту мәселелерін талқылады. «Қазфосфат» зауыты үшін ең өзекті мәселе күкірт қышқылы еді. Осыдан кейін көп ұзамай күкірт қышқылы зауыты пайдалануға беріліп, бұл облыс экономикасын көтеруге және халықты жұмыспен қамтуға үлкен көмегін тигізді.

– «Қазфосфат» – отандық инвестордың меншігіне ауысқаннан кейін зауыт директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров кәсіпорынның даму болашағы, еңбек өнімділігін арттыру, зауыттың өнімдерінің түрін, сапасын арттыру мәселелерімен шындап айналысты. Тағы бір айта кететін мәселе – химия өнеркәсібі саласына арналған республикалық кеңестің өтуі «Еурохим» компаниясының Қазақстан нарығына кіру кезеңіне тап келді. Мұндай ірі жобалар ел Президентінің саяси қолдауын қажет етті. Әйтпесе, түрлі кедергілерге тап болып, бұл іс оңынан шешілмей қалуы да ғажап емес еді. Дегенменде үкіметтің қаулысы шығып, екі зауыттың да кен орындары белгіленіп, Қаратау және Жаңатас қалаларында жұмыс басталып кетті. Тағы бір ірі инвестициялық жобалардың бірі – Мойынқұм ауданы Мыңарал елді мекеніндегі цемент зауыты құрылысы болатын. Француздық кәсіпкерлердің қаржысымен қолға алынған ірі цемент зауытының қазығы 2006 жылы қағылып, 2010 жылы алғашқы өнімін шығарды. Міне, осы кәсіпорындар бүгінде мыңдаған жанның, мыңдаған отбасылардың күн көріс көзіне айналып, тіршілігін өрістетіп отыр. Әрине, тіршілік тоқтамайды. Экономиканың қай саласы болмасын өз кезеңіне сай дамуы үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Қасиетті Жамбыл жерінде еңбек еткен жылдары шешімін таппаған мәселелердің де болғанын жасырмаймын. Әйтсе де 1999 жылдан 2004 жылға дейін облыс әкімінің орынбасары, 2004 жылдан 2009 жылға дейін облыс әкімі ретінде менімен қатар еңбек еткен, қолдау көрсеткен барлық басшы, мамандар мен облыс тұрғындарына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деп ағынан жарылды Жамбыл облысының Құрметті азаматы Бөрібай Биқожаұлы.

Бөрібай Жексембин еңбек жолын Жезқазған облысы Ағадыр ауданында «Қарабұлақ» кеңшарының бас зоотехнигі болып бастаған. Ол бұл өңірге жоғары оқу орнының жолдамасымен барған болатын. Кейіннен осы облыстың Приозерск ауданында ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, кеңшар директоры, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жезқазған облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, Жезқазған облысы әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1996 жылы ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды. Бұл қызмет арқылы ол өзінің қабілет-қарымын толық көрсете алды. Ал 1999 жылдың наурызында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне шақырылды.

Жамбыл облысы әкімі қызметінен кейін 2010 жылдың қаңтарынан 2015 желтоқсанына дейін ҚР-ның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі ретінде де екі елдің ынтымақ-бірлігінің нығаюына, қарым-қатынасының дамуына зор үлес қосты. Осы қызметті абыроймен атқарып зейнет демалысына шықты. Бүгінде жетпістің желкенін керген Бөрібай Биқожаұлы зайыбы екеуі ұл-қыздарынан немере сүйіп, өнегелі отбасының ұйытқысы болып отырған асыл
жандар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support