Бір күй бар домбырамда тартылмаған..
Бір күй бар домбырамда тартылмаған..
«Домбыра сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң – тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма, Тілден анық үн бар ма? Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда».
Ілияс ЖАНСҮГІРОВ.
«Меркі сазы» мен «Меркі әуендері» ансамбльдерінің жетекшісі, «Облысқа еңбегі сіңгені үшін» төсбелгісінің иегері, аудандық музыка мектебі тарихындағы (домбырадан) тұңғыш лауреат атанған білікті ұстаз Мария Райымқұлова туралы бір үзік сыр. «Төрінде домбырасы тұрмаған қазақ – қазақ па?» дейтін ақиық ақын Жақсылық Сәтібеков ағамыз. «Мүбәда... Құран Кәрімді ашып тұрмаса – жылайды» дейді имам-молдалар. Ал домбыраны жылдап төріңе іліп қойып қолыңа алмасаң ол да жылайтын шығар... Иә, әр нәрсенің киесі бар. Ал домбырада қазақтың ғасырлар бойы сақталған шері, мұңы, қайғысы, сыры жатыр. Шертсең болды екі ішектен төгілген күй бүкіл аласапыраныңды ақтарады, көңілге ада-күде ой салады. Ал Шығыс жұлдыздарын көп зерттеген Гете өзінің «Фаустын» жазуға бүкіл ғұмырын арнапты. Иә, сарайы түзу адам сазгердің ұлтын таңдап жатпай-ақ, оның сазын, әуезін, музыкасын сезімімен түйсінеді. Әйтпеген күнде Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Динаның, Төлеген мен Нұрғисаның домбырамен, оркестрмен әрленген шығармаларын француздар, немістер мен ағылшындар қалай түсінген? ...Сахнада «Сарыарқа» күйі төгіліп тұр. Жаныңды тебірентер дауылпаз үн ойға да түседі, қырға да шығады. Бебеулеп байыз таппайды. Кәдуілгі даланың сарынын, сол сайын далада аласұра шапқан арғымақтардың дүбірін құлағыңа әкеледі. Әкеледі де құлақ құрышыңды қандырады. Сенің де делебең қозып, орныңнан атып тұрып, сол сан дүбірге ілесіп кеткің келеді. Он бес жасар қаршадай қыз домбыраның шанағын соққылап, сағағын санамалап, төгілтіп, егілтіп байқау шартына сай күй орындап отыр. Зал да, қазылар алқасы да демдерін ішіне тартып, бар болмысымен беріле күй тыңдап қалған. Бір кезде омыраулата өршеленген күй саябырсып барып баяулап көлге қонған аққудай саябырси қалды. Бұл үлкен концерт емес, жас домбырашылардың облыстық байқауы. Қол соғуға да болмайды. Бірақ, жаңағындай жан сергітетін күйді естіп отырып қалай риза болмассың. Байқаудың шарты бойынша үміткер үш шығарма орындауы керек. Ілкі сәт екінші күй де жаймен, күйменің орнынан қозғалғандағы сыңғырындай басталып, бірте-бірте сан аттың шабысына ұласты. Бұл Төлеген Момбековтың «Мың жылқы» күйі еді. Шалқар шабытпен басталған Дина Нүрпейісованың өте күрделі, асқан шеберлікті қажет ететін «Науысқы» күйі де ой шаңырағының тиегін ағытып, кәсіби, виртуоз орындаушылықтың шыңына шыққандай әсер берді. Бұл 1988 жылдың күзі еді. Шіркін, не деген шабыт! Осының бәрін он саусағына бағындырып отырған Меркідегі Құрманбек Жандарбеков атындағы №1 музыка мектебінің оқушысы Мария Аманқызы болатын. Байқау да аяқталды. Қазылар алқасы көп ойланып-толғанып жатпады. Марияға облыстық байқаудың лауреаты атағын берді. Бұл Меркі ауданы музыка мектебі тарихындағы тұңғыш атақ еді. Ол кезде Мария Трубицын орта мектебі мен музыка мектебінде қатар оқитын. Сонда қос ішектің бірін тартып, бірін бос қойып, қазақ халқының ұлттық аспабын еркін меңгерген Мария қыз кім? Олар бүкіл үйелменімен көрші жатқан Қырғыз елінен 1979 жылы әкесінің нағашы жұрты Меркіге көшіп келді. Сөйтіп, бұл отбасы Қырғызстанның Талас ауданындағы Аманбаев ауылын бірте-бірте ұмыта бастады. Мария сол жылы бірінші сыныпқа барды. Алғашқы ұстазы Лидия Нүсіпбекқызы оның сауатын ашып, ә дегеннен-ақ, қолына домбыра ұстатты. Мария сондықтан өзінің қырғыз ұлысынан екенін аузына көп ала бермейді. Әйтпесе әкесі Аман 45 жыл ұстаздық еткен аудандағы білікті математик. Қазір 86 жаста, Меркіде тұрады. Әбекең есептің майын шаққанда, зайыбы Тамара орысша-қазақша, қырғызша үш тілде ән айтудан алдына жан салмайды. Қырғыздың «Стаканда қантың бар» әзіл әнін сызылтқанда, қол соқпаған меркілік қалмайды. Екеуі төрт қыз, бір ұлдың ата-анасы. Мария қыздардың ортаншысы, сіңлісі Әлима ғана ұстаздық етіп Алматыда. Бәрі де тұрмыста. Марияның Досхан есімді ұлы шетел композиторларының шығармасын фортепиано да құйқылжытады, домбырада «Шалқыма» күйін шалқытады. Мария 1989 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына түсіп, осы оқу орнын 1994 жылы қызыл дипломмен бітірді. – Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде консерваторияның «Ұлар» ансамблінің құрамында Түркияның Измир қаласында өткен І Халықаралық музыка фестиваліне қатыстым. Атақты әнші Жанар Айжановамен бірге оқып, бір бөлмеде жаттым. Шіркін, студенттік күндер ұмытылмайды ғой. Айтпақшы, әнші Гауһар Әлімбекова да бізбен бірге, бірақ төменгі курста оқыды. Нағыз талант иелері ғой, өзім ән салмасам да оларды тыңдаудан жалықпаушы едім, – дейді ол, қызығы мен қызуы мол жастық шағын еске алып. Сол кезде оқу бітіргендерге жолдама беретін. Осындай жолдамамен Мария Қостанай облысының Арқалық қаласына аттанды. Сол қаладағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың ұлт аспаптар кафедрасында 2002 жылға дейін мұғалім болып істеді. Меркіге оралған соң кезінде өзі нотамен алғаш танысқан №1 саз мектебіне домбыра ұстазы болып орналасты. Міне, 20 жылдан бері осы оқу орнының ыстық-суығына шыдап еңбек етіп келеді. Ол өзінің Меруерт Рысмедетова, Гүлбайра Сарыбаева, Қуаныш Тұрсынбек, Валентина Дойка сияқты шәкірттерін мақтан етеді – Шәкірттерімнің бәрі жақсы. Мәселен,Қуаныш – Алматыда консерваторияда оқыса, Гүлбайра өзіммен бірге жұмыс істейді. Меруертім өзім оқыған ЖенПи-де жүріп Талдықорған қаласында өткен студенттердің ҮІІ республикалық «Жас толқын» фестиваліне қатысып, екінші орын алды. 2008 жылы өткен Халықаралық жас музыканттар олимпиадасында негізгі аспап-домбыра номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алып мерейімді өсірді, – дейді Мария Аманқызы. Ол өзі жайлы айтқаннан гөрі шәкірттерінің жетістіктерін көбірек баяндап музыка мектебіндегі «Меркі сазы» ансамблінің жетістіктерінен сыр шертеді. Биыл өзі тәрбиелеген інісі облыстық домбырашылар байқауында екінші орынды еншіледі. Ол бір мезгілде «Меркі әуендері» ансамбліне көркемдік жетекші. Өнер мен білімді қатар алып келе жатқан білікті ұстаз, әрі майталман мәдениет қайраткері 1993 жылы осы ансамбльдің құрамында Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінде болды. Ал 2015 жылы Чехославакияның Прага қаласында өткен ҮІІ Халықаралық фестиваліне қатысып, олжалы оралды. 2014 жылы М.Райымқұлова «Үздік педагог», «Үздік ұстаз», «Үздік жетекші» деген дипломдарға ие болды. Тараз қаласында өткен ІІІ республикалық фестивальде шәкірті Диана Коркмазова бірінші орын алып, лауреат атанды. Ал ұстазы облыстық мәдениет басқармасының және білім бөлімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасымен марапатталды. 2015 жылы Астанада Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Менің Қазақстаным» атты Республикалық фестивалінде оның шәкірті Валентина Дойка қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, бірінші орынды еншілеп, бас жүлдеге ие болды. Мария Аманқызының кезінде ұйымдастырған мектепшілік «Меркі сазы» домбырашылар ансамблі 2018 жылы республикалық «Күншуақ» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алса, ол басқарған «Меркі әуендері» ансамблі де облыс бойынша тігілген бас бәйгені қанжығасына байлады. 2019 жылы білікті педагог облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осының барлығы 26 жылдан бері білім мен өнерді қатар алып келе жатқан қайраткердің қажырлы еңбегі десе болады. Мария өзіне дәріс берген Қазақстанның Халық әртісі Қаршыға Ахмедияровты ұстаз тұтады. Өзі композитор Ермұрат Үсеновтың, қызылордалық Тоғжан Төлепбергеннің шығармаларын сабағында жиі пайдаланады. Өзі де ансамбльге партитура, оркестровка, оранжировка жазады. Тағы да сол Ілияс Жансүгіровтың: «Домбыраның күші мол, көмейінде күй барда» деген қанатты сөзі көкейге орала береді. Мария қолына домбырасын алғанда, «әлі де ...бір күй бар домбырамда тартылмаған» деп тұрғандай көрінеді.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.