- Advertisement -

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

54

- Advertisement -

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1966 жыл)

4 қаңтар. №2 (6895).

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1965 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстанның озат қызылшашыларының үлкен тобы жоғары наградаларға ие болды. Бес адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оның үшеуі Жамбыл облысынан еді. Газет осы қуанышты хабарды елге жеткізді. Алтын жұлдыз алған Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әзімбек Исмайлов, осы аудандағы «Красный восток» колхозының қызылшашысы Тамара Абдуллаева, Свердлов ауданындағы «Трудовой пахарь» колхозының басқарма төрағасы Александр Львович Нахмановичтердің суреттерін бірінші бетіне берді.

16 қаңтар. №11 (6904).

«Сәт сапар, әдебиетші-инженер» деген тақырыппен Әбдуәлі Данаевтың «Сеңсең тон» әңгімесін жариялады.

30 қаңтар. №21 (6914).

Облыс қызылшашылары 1965 жылы одан арғы жылғыдан 143.000 тонна тәтті түбірді мемлекетке артық тапсырды. Газет осындай тақырыппен жарияланымдар топтамасын берді. Осы санында журналист, марқұм Болат Мәуленовтың «Мақтанам» өлеңін де жариялады.

25 наурыз. №61 (6954).

Республиканың оңтүстігіндегі Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарының «Еңбек туы», «Оңтүстік Қазақстан» және «Ленин жолы» облыстық газеттерінің біріккен саны жарық көрді. Түрлі-түсті, жақсы безендіріліп шыққан газет санында үш облыстың экономикасы мен мәдениетінің қарышты қадамдар жасап жатқаны жайлы жарияланымдарды оқуға болады.

27 наурыз. №63 (6957).

Мал шаруашылығы майталмандарының бір тобы өңірлеріне Алтын жұлдыз тақты. Аға шопандар Мойынқұм ауданындағы «Көктерек» совхозынан Құдайберген Біртаев, Талас ауданындағы «Жданов» атындағы совхоздан Қатпа Егембердиев, Шу ауданындағы «Абай» атындағы совхоздан Мәртай Юсупова, Меркі ауданындағы «Қазақстан» колхозынан Ошақбай Ибраймов, Талас ауданындағы «Талас» совхозынан Ерғара Үдербаев, Жуалы ауданы «Бурный» совхозының директоры Петр Алексеевич Чигринец КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1966 жылғы 22 наурыздағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Газет осы Жарлықты және аталған озаттардың суреттерін бірінші бетіне көрнекті етіп орналастырды.

28 қыркүйек. №196 (7043).

Украин әдебиеті мен өнерінің Қазақстандағы күндері аясында Жамбыл облысында да шаралар ұйымдастырылды. Шона Смаханұлының «Үлкен үміт күттіреді» деген сәт сапар тілеген таныстыруымен Рафаэль Ниязбековтің өлеңдері берілді.

22 қараша. №234 (7081).

Газетте өнеркәсіп тақырыбы жан-жақты жазылып жатты. Бұл санында танымал журналист, облыстық газетте ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарып, зейнетке шыққан Кеңес Рахметуллаев марқұмның Қаратау кеншілері арасында болып жазған «Қанат ұшса қатаяды» суреттемесі шықты. Кейінгі сандарында өнеркәсіп пен құрылыс тақырыбына арналған мақалалары жиі жарияланып тұрды.

26 қазан. №236 (7083).

Моңғол Халық Республикасының әдебиет бас басқармасының бастығы Дағдалан Барс бастап келген делегация облыспен танысты. Осы оқиғаға арналған «Тағдырымыз тамырлас, Моңғол, қазақ бауырлас» арнайы бетіндегі жарияланымдар қызыға оқылады.

5 желтоқсан. №243 (7090).

Қазақ Мемлекеттік Университеті журналистика кафедрасының деканы, қаламгерлердің талай буынының ардақты ұстазы болған Тауман Амандосов пен осы жоғары оқу орнының сол кезгі аспиранты Мырзатай Жолдасбековтың бірігіп жазып, жариялаған «Ағасы бар ауылда» көлемді очеркі берілді. Онда Талас ауданындағы «Бостандық» совхозының директоры Сейілбек Әбдиевтің өндірісті шебер ұйымдастыратын таланты, адамгершілік биік қасиеттері оқуға жеңіл әрі әсерлі етіліп жазылған.

11 желтоқсан. №247 (7094).

Одақтың бас газеті «Правда» жазушы Александр Бектің даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының майдандағы ерліктері жазылған «Волоколамск-Москва» пьесасын берген болатын. Газет бұл санында оны ақын Жақсылық Сәтібековтің аудармасымен жариялады.

(1967 жыл) 1 қаңтар. №1 (7155).

Жаңа жылдық жарияланымдар, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Садуақасовтың «Алынған меже, алдағы міндет» мақаласы берілген.

8 қаңтар. №6 (7160).

Басылымның осы санындағы «Әдебиет беті» авторларының көптігі, алуан жанрды қамтығанымен ерекшеленеді. Жазушы Нәсіреддин Сералиевтің «Ыстық күлше» повесінен үзінді, Мыңатай Қыстаубаевтың өлкемізден шыққан көрнекті тұлға Қарымбай Қошмамбетов туралы поэмасы, Кеңесжан Шалқаровтың «Қыс суреттері» өлеңі. Қаладағы Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушысы Асқаржан Сәрсековтің тырнақалды «Мақтаншақ», «Шаңғышы», «Жақсы» аталатын балалардың ұғымына жеңіл, әрқайсы бір-екі шумақтан тұратын өлеңдері де жарияланды. Өмірден озған қаламгер кейін балалар әдебиетінің танымал өкілдері сапына қосылды.

22 қаңтар. №16 (7170).

Рахым Садықбековтың «Бәкеней» әңгімесін сәт сапар тілеп жариялады. Ақын Жарылқасын Амановтың «Биші», «Бәйге» өлеңдері жарық көрді.

24 наурыз. №60 (7214).

«Жуалылық жігіт, Жамбыл қаласындағы қазақ орта мектебін бітірген, қазір республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы, талантты жас жазушы ретінде танымал» деген таныстырумен Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» повесінен үзінділер жариялана бастады.

16 мамыр. №971 (7251).

Уәш Асатов пен Әбіқұл Ибрагимовтар «Жүйріктен жүйрік озар…» деген репортаждарында Шу ауданында ұйымдастырылған ақындар айтысын суреттейді. Бармақ, Орақбай, Қылышбай, Жақсыбай Жантөбетовтер шыққан өлкенің өкілдерінің айтысына аупарткомның бірінші хатшысы Жапар Түйебеков қатысып, сөз сөйлеген. Ал «Дружба» совхозының партком хатшысы, Кеңестер Одағының Батыры Сәду Шәкіров табан астынан өлең шығарып айтып, айтысты қыздырған.

28 маусым. №129 (7283).

Үкімет Қаулысымен Жамбыл қаласында пединститут ашылып, бірінші маусымда жұмысын бастаған болатын. Газет оның ректоры М.Әбжановтың мақаласын, Әлдихан Қалдыбаев пен Орлик Кимнің «Іске сәт, студенттер!» фоторепортажын берді.

10 тамыз. №160 (7314).

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1967 жылғы 8 тамыздағы Жарлығымен Жамбыл облысы Ленин орденімен наградталды. Осы қуанышты оқиғаға орай газет түрлі түсті бояумен шықты. «Ризамыз партияға, ризамыз Отанға» деген жалпы тақырыппен жұртшылық лебізі берілді.

11 қараша. №225 (7379).

Атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев 70 жасқа толды. Газет арнайы бет берді. Сман Байжановтың «Сұңқар сандығы» поэмасы жарияланды.

Дайындаған

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support