- Advertisement -

ҚОНАЕВ — ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНАҒАТ МЕКТЕБІ, АДАЛДЫҚТЫҢ ӨЛШЕМІ

137

- Advertisement -

Қандай да бір халықтың болмасын, оның ел болып еңсе көтеруі мен ұлт болып қалыптасуына аса зор үлес қосқан, есімдері халық жадында ұзақ сақталған кемеңгер қайраткерлер мен алып тұлғаларының болуы табиғи заңдылық. ХХ ғасырдағы осындай біртуар азаматтардың бірегейі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-академик, ұлт жанашыры Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев осындай тұлға десек артық айтқандық емес.

Әрине, қазақ халқы үшін әдебиетте М.Әуезовтың, ғылымда Қ.Сәтбаевтың, өнерде Ш.Аймановтың, ал, ел басқаруда – артында өнегелі тірлігі мен өрелі ісі қалған, аты аңызға айналған Д.Қонаевтың орны ерекше! Өйткені республикамызды 25 жылдан астам уақыт басқарған, кешегі Кеңес заманы саясатының дарабозы, ұзақ жылдар СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының (ол кезде бұдан асқан биік лауазым болмаған шығар) мүшесі болған Димаш Ахметұлы өз заманында ордалы ақыл мен парасаттың айнымас үлгісін көрсетіп, артында өшпес із, өнегелі іс, сүйкімді пейіл қалдырған жан. Оның еңбекпен өрілген өмірі, еліне сіңірген алабөтен еңбегі еш уақытта ұмытылмасы ақиқат. Сондай-ақ адал ісімен туған халқының алғысы мен батасына бөленген қажырлы Қонаев республикамызға жетекшілік еткен жылдары ел экономикасы өсіп, өндіріс пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамығаны ақиқат. Көптеген жаңа қалалар бой көтеріп, ғылым, білім, өнер, мәдениет, әдебиет жаңа биіктерге көтеріліп, рухы биік руханият өркен жайған. Оның ішінде сол кездері асқар Алатаудың етегіндегі республика астанасы болған әсем Алматы қаласының архитектуралық келбеті ерекше өзгергенін ешкім де ұмытқан жоқ. Өйткені осының барлығы барша алаш ардақтаған, елі құрметтеген, жұрты қастерлеген тау тұлға, ұлылық пен қарапайымдылықты тең ұстаған Димаш Ахметұлының ұлт болашағына сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасы деп білеміз.

Бүгінде туғанына 110 жыл толуына арналған мерейлі датаға орай облыстық Қонаев қорының бастамасымен алды республика, арты өз өңірімізде бірқатар ірі көлемдегі шаралардың іске асырылып келе жатқандығы көпке мәлім. Әлі де атқарылар тағылымды тірліктер қатары да аз емес. Әрине, ол уақыт еншісінде.

Жалпы, кесек тұлғалы, дархан пейілді, сұңғақ бойлы, көркем мінезді Димекең біздің көпұлтты республика халқының ерекше сүйіспеншілігі мен мейіріміне бөленген жан. Соның ішінде менің бір айрықша байқағаным Димекеңе деген қарапайым ауыл адамдарының көңілі өзгеден бөлек болып тұрады. Олар қашанда халық ұлына айналған Димаш Ахметұлын қадірлеп, қастерлеп, үстіне «кір жуытпай» жақтап, мәртебесін көтеріп, оның еліне сіңірген ерен еңбектерін ауыздарынан тастамай, ұлы есімін бәрінен жоғары қойып отырады. Сондықтан да болар, туған халқына шексіз берілген Димаш Ахметұлы жарықтық ақ қанат қарлығаш көңілімен ағынан жарылып «Халқым, саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым!» деп бекер айтпаса керек. Осы сара сөзді оқыған сайын көңілім толқып, аманат деген ұлы жауапкершілікке ұласқан Димаш Ахметұлының сергек сезіміне бас иемін. Иә, осындай ғазиз жүректі жанның ұлт аманатына, ата-баба аманатына шын мәнінде адалдығынан кейінгі буын үлгі алса дегің келеді. Сонымен қатар көзінің тірісінде текті жан «Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын» деген екен! Не деген ұлылық! Халқының қимас көңілін, ақ пейілін біле тұра, кешірім сұрап «кішірейген»! Мен ойлаймын, Димекеңнің бұл қадамы оның биік бейнесін аласартқан жоқ, қайта, мәртебесін көкке көтеріп кеткен шығар деп…

Осылайша, халқының құрмет қошеметіне бөленген қадірі биік Қонаев есімін есте сақтау мақсатында ару Алтайдан қарт Каспийге дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр елімізде үлкен де саналы жұмыстардың жүргізілгені көңілге қуаныш ұялатады. Ол кісінің атындағы көптеген ауылдар мен көшелер, мектептермен қатар, еңселі ескерткіштер де бой көтерген. Қаншама ата-ана тау тұлғалы Димекеңнің есімін ырым етіп балаларына қойды! Соның бірі біздің Әулиеата өңірі десек қателеспейміз. Ал «өзі іргесін қалаған көп қаланың бірінің атын берсе де болар еді ғой» деген көптен бері елдің аузында, жұрттың жүрегінде жүрген арман да орындалғандай болды. Енді міне, жақында Алматы облысының жаңа орталығы болып бекітілген Қапшағай қаласы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен аталатын болды. Бұл қара Ертістен егде Еділге дейін қоныс жайған жалпақ жатқан қазақ елі үшін аса үлкен қуанышқа ұласқаны шындық!

Сонымен қатар елімізде ұлы тұлғаның құрметіне спорттың бірнеше түрінен республикалық және халықаралық жарыстар да тоқтаусыз өтіп келеді. Соның бірі, біраз жылдан бері Халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық филиалының төрағасы, елімізге танымал айтулы кәсіпкер, атымтай жомарт Әлімбек Жұмабаев бас болып өткізіп келе жатқан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Димекеңді еске алуға арналған еркін күрестен дәстүрлі халықаралық жарыстың ұйымдастыру комиссиясының құрамында сол жарыстың өте табысты өтуіне өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Қасиетті Әулиеата өңірінің боз кілемі үстіндегі осы бір байрақты бәсекеге сонау АҚШ, Ресей, Моңғолия, Грузия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты іргелі елдердің палуандарының қатысуы да, додалы жарыстың мәні мен мәртебесін үнемі көтеріп жүреді. Сонда байқағаным, көптеген шетел өкілдері Қазақстан мен Қонаевтың ұлық есімін өте жақсы білетіндігі болды!

Жалпы, бар ғұмыры туған Отанының гүлденуі мен халқының жағдайын жақсартуға, жігерлі жастарына қамқор болуға арнаған, байлық жинамай, ақ жағасына дақ түсірмей, қарапайымдылықты ту етіп өмірден өткен Қонаевтың рухына тағзым етіп, сол кісіні еске алуға арналған салтанатты шараларға қызмет жасау әрбір қазақ азаматының үлкен парызды міндеті деп есептеймін. Өйткені Димаш Ахметұлы бар ғұмыр жолын халқына арнаған бекзат болмысты, ғазиз жүректі жан!

Соның бір айқын айғағын мен Димаш Ахметұлының «Өтті дәурен осылай» атты мемурарлық кітабын қолға алған сайын ұлы тұлғаның бойындағы сыпайылық пен ізгілікті, өзі қызметтес болған жандарға деген ықыласы мен ілтипатын анық көріп, «не деген асыл жан» деп қайран да қаламын. Ол қазақтың киелі топырағана қызмет еткен, мыңдаған талантты кадр дайындаған ұлағатты Ұстаз! Сондықтан да, небір қиын да күрделі кезеңдерді басынан өткізген Қонаевтың қадірлі есімі, аса құрметті бейнесі қазақ халқы барда еш уақытта ұмыт болмасы хақ және Қазақстан халқымен бірге жасай берері ақиқат! Өйткені ала құйын мінезден, өтірік уәде мен асығыс шешімнен бойы аулақ Димекең сабырдың символы болып ел есінде қалған қайталанбас тұлға. Көзін көргендер, алдын көргендер осылай дейді.

Ғасыр тұлғасындай болған биік бейнелі Қонаев жайлы көптеген әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен атақты адамдар аталы сөздерін айтып, жылы лебіздерін, ыстық ықыластарын аямаған. Азулы ақындар өлең-жырларын арнап, суретшілер сан түрлі жеке және отбасылық портреттерін салған. Мысалы, Индияның ұлы көсемі Джавахарлал Неру «Мейірім-шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев!» деген екен. Ал қандас ақынымыз Темірше Сарыбайұлы «Қонаев – ұлттың Ары мен Намысы! Қонаев  – ұлттың рухы мен Иманы! Қонаев – қазақтың Қанағат мектебі, Адалдықтың өлшемі!» деп, қазақтың паспортындай болған Димекеңнің тұла бойындағы бар жауһар қасиеттерін таудан аққан сарқырамадай төге салыпты!

…Уақыт алыстаған сайын қазақ халқының аяулы перзенті, заңғар таудай ардақты ұлы Димаш Ахметұлы Қонаевтың есімі де асқақтай түсері сөзсіз. Оның жарқын істері мен ұлтына деген ақ пейіл, адал қасиеттері кеңінен насихатталуы керек деп ойлаймын. Ал бүгінгі қоғамның ең басты міндеттерінің бірі, көк құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында Қонаевтың есіміне деген құрмет сезімін қалыптастыруға, сол арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеуге арналса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ол үшін соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген Қазақстан тарихына Қонаевтың елі үшін атқарған ерен еңбектері арнайы тарау болып енгізілсе абзал болар еді. Өйткені Димаш Ахметұлының есіл есімі халқының жүрек төрінен орын алған, ұлт тарихының тереңінде тұрған қайраткер тұлға, тарихи тұлға!

Лесбек ЕГЕМБЕРДИЕВ, еңбек ардагері.
Тараз қаласы.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support